«Қыз Жібек жырында қолданылған көркемдегіш — бейнелегіш тәсілдер»

«Қыз Жібек» жыры қазақ халқының сүйіп оқитын көркем шығармасы. Неге десеңіз, ол өзінің көркемдік стилімен оқырманды өзіне  баурап алады. Жырдың сарыны, әуені батырлар жырының желісіндей айтуға ыңғайлы. Тыңдаушысын жалықтырмайды. Бір оқиғадан соң екінші оқиға қара  сөзбен байланысып, түсініктеме беріле жалғасып отырады. Жырда қазақтың салт-дәстүрі, тұрмыс ерекшелігі, сауда-саттықпен айналыса бастаған  кезеңі, орыс отаршылдығымен бірге енген сөздерді кездестіруге болады. Сол сияқты, «Қыз Жібек» жырында  естірту, жоқтау, жұбату, айтыс, жырлай арнау, зарлай арнау, сыңсу т.б. кездеседі. Жырдың өне бойына  зер салып, тоқталғанымызда айшықтау мен троптың түрлері жиі кездесетінін байқауға  болады.

Әсіресе аттың шабысын, батырдың ұрысын суреттегенде «Алпамыс», «Қобыланды батырлар» жырына ұқсайды. «Қыз Жібек» жырының бірнеше нұсқасы барын білеміз. Сол нұсқаларының кез келгені өзіндік жырлану стилімен көзге түседі.

Академик, жазушы  М.Әуезов «Қыз Жібек»  жыры туралы,  «қазақтың өткеннен қалған эпостық  мұрасының ішінде, «Қыз Жібек»  жыры асқан көркемдігімен ерекшеленіп,  оқшау танылады. Дастанның мол да алуан түрлі формасы оның күрделі де шебер композициялық құрылысы үйлесе  үндесіп келген» деген.

М.Әуезовтың сөзімен айтсақ, алуан түрлі  формасы  дегеніміз не? Ол жырдағы естірту, арнайы жырлау, қоштасу, араздасу, түс көру, әмеңгерлік, көңіл айту, өтініш, айтыс, бата, тілек т.б салт жоралғылар мен көркемдегіш құралдар жиынтығы болып табылады. «Қазақ әдебиетіңнің тарихы» деген еңбекте де «Қыз Жібек» жырының көркемдігі біршама ашылған, бірақ авторлық ұжым «Қыз Жібек» жырының мазмұндық ерекшелігін, кейіпкерлердің ерекшелігін таңдауды мақсат тұтқан.

Дастанның ең құнды жағының өзі оның тілінің таза, бай, көркем болып жасалуында. Сан алуан әсірелеу, көркем ұқсатулардан басқа кейбір жеке-жеке сөздердің шеберлігі де сұлу, жатық. «Ай қараңғы көшесі, айдың өткен кешесі» дейтін сөз кестесінің көркемдігі бұған дәлел бола алады. Жырда мұндай образды сөз кестесі өте көп. «Асуда асу бел дейді, аса бір соққан жел дейді» дейтін  сөз шумақтары да сыртынан қарағанда әншейін ғана бір сөз ұйқасы сияқты» деп айтылған. [14; 566 -588]     [60; 566-588 б]

«Басыр басыр, басырды, аққа құлып жасылды», — дейтін жырдағы ақынның тілінің шеберлігіне, композициялық көркемдігіне шолу жасап, бағыт-бағдар береді. Әрине, бір екі ауыстыру (метафора) ұлғайту (гипербола),  кішірейту (литота)  мысалдар келтірілген. Ол төмендегіндей:

Қанатым де қияғым,

Табаным да тұяғым,

Көлге  біткен құрағым,

Суырылып озған пырағым.

Кішірейтуге (литота):

Дария шалқар көлеміз

Жер болып қалған суалып.

«Қыз Жібек» жырының көркемдігі, кейде кейіпкердің іс-әрекетін төрт түлік малға салыстыру арқылы көрсетеді. Жырда бұл теңеулердің кездесуі түсінікті де. Өйткені қазақ тікелей мал шаруашылығымен ұзақ жылдар араласқандықтан, жырға да өзінің таңбасын қалдырған. Кезінде, зерттеуші С.Толыбеков 1959 жылы өткен қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған ғылыми теориялық конференцияда жасаған баяндамасында: «В миро эпической поэме» «Кыз Жибек» главная геройня поэмы,  красавица и ханская дочь говорит про себя, что она подобно течению реки, народ  бережет ее как свой скот, весь род  ухаживают за ней, как стадом овец. Ее дяда Каршига, обращаясь к Кыз Жибек говорит ей: «Ты мой камыш, растущий на озере, ты мой лучший скакун». О Кыз Жибек говорится, что она  как скаковый конь ее движения плавны как  движение трехгодалого барана, она  ходит неспеша, выпрямившись, как темно-бурый марал, она как тающее масло, она  же, подобно жирному яженку и.т.д. [5; 15 -19]

Жырдың өзіне тән стилін, тілін  көркемдік тұрғысынан қарастырған ғалым Қ. Жұмалиев: «біздің айтайын дегеніміз тілінің жалпы көркемдігі емес,  басқа жырларда жоқ, кейбір ерекшеліктері, жырда кездесетін (эллипсис)сөз  тастап кету туралы  да», — деп өз  ойын білдіреді.

Жұмалиев Қ. Сөз тастап кету, бір жағынан жыр жыршының  ойының логикасының кеңдігін, ұтқырлығын көрсетсе, екінші жағынан оқырманның ойлау қабілетін дамытуға септігін тигізеді. М. Ғабдуллин де  өзінің жыр туралы пікірін айта келіп, былай түйеді: «Қыз Жібек» ақындық тіл жағынан да әдемі жырдың бірі. Неше түрлі әсірелеу, көріктеу, кейіптеулер, әдемі теңеулер, сөз айшықтары жиі ұшырайды. Жыршы ақын халықтың тіл байлығын пайдалана отырып, аз сөзге көп мағына сыйғыза білген». [9; 274]

Осындай жақсы ойды  сабақтай келіп, Ә.Қоңыратбаев «Қыз Жібек» жырының тілінде  троп пен фигура мол кездесетіндігін айта  келіп, сөйлемнің түрлі сезімдерді білдіретін арнаулы фигуралық түрлері эпостан да, сөйлеу тілінен де алынған дейді. (Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихиАна тілі). «Қыз Жібек» жырына көз  тоқтатып, көңіл бөлген академик З.Қабдолов. «Сондай-ақ, біздің көркемдегіш сөздеріміздің көпшілігі баяғы бабалар дәуірінен бері қарай мың мәртебе қолданылып келеді. Ол әсіресе ауыз әдебиетінде   тұнып тұр», деп, төмендегіндей мысал келтіреді.

Әуелдей бас қосқаным Жағалбайлы;

Жылқысын көптігінен баға алмайды,

Өлгені Төлегеннің рас болса,

Құдайым Қыз Жібекті неге алмайды?  [13; 95, 244]

Бұндай көрікті ойдың кемелінен көріне білген әдебиеттер  өте көп, соның бірі, Бойжеткеннің тол бойынан табылуға тиісті  тағы бір қасиет-сымбаты мен көркі. Мәселен, халқымыздың  қыз сұлулығы туралы ежелден қалыптасқан  талғам түсінігі, «Қыз Жібек» жырында былайша жырланады:

Қыз Жібектің ақтығы,

Наурыздың ақша қарындай

Ақ бетінің қызылы,

Ақ тауықтың қанындай. [21; 52]

Осындай  жырдың стилінен хабар берген лебіздердің тізбегін соза беруге болады.

Жырдың стилін айтпас бұрын, жырдың екі нұсқасын алып, оның мазмұнына салыстырмалы тексеру жасаймыз. Сонда ғана қай жырдың стилінің көркем екендігіне көзіміз жетеді. Оның үстіне алдымызда  жырдың стилі мен тілі тұр, ал жырдың  мазмұндық  көркем дәрежесін білмей жырдың басқа да  түрін аша қою қиын іс.

Ендігі әңгіме «Қыз Жібек»  жырының 1887 ж жазылған Мұсабай нұсқасы мен Қыз Жібектің хикаясы Қазан, 1900, Жүсіпбек Шайхысламұлы нұсқаларын салыстырып, мазмұн ерешелігіне  тоқталыс жасайық.

Эпос пен ғашық жырында да кездесетін кейіптеу табиғат құбылысына, жан-жануарға тәуелді  болып, келтіреді. Өз өмірінің бір   кезеңін екінші құбылыспен береді. «Қыз Жібек»  жырындағы, Төлеген өлейін деп жатқанда, әуелеп ұшқан бес қазға  өзінің хал-жайын сипаттап жеткізеді. Еліне айтып  баруын сұрайды.

Мысалы: Мұсабай ақынның  нұсқасында:

Сәлем айтып Төлеген,

Бес қазға сонда сөйледі.

Қайырыла кетіп қоңыр қаз.

Сіздер елге  барғанда,

Күзекке тартып болар жаз (22).

Бес  қазы шулап ұщып жөнеді.

Арада жалғыз қонады

Таң сарғайып атқанда,

Төлегеннің елін,

Алты жасар Сансызбай,

Жылқы баққан жеріне,

Бес қаз ұшып келеді.

Сансызбай қазды көреді,

Жалғыз ағам Төлеген

Көре алдың ба қоңыр қаз?

Сонда қаздар сөйлейді.

Аса рудың еліне

Төлегенді көрдік,-деп,

Жалғыз ағаң Төлеген

Тулап жатыр екен,-деп (24)

Жүсіпбек қожа Шайхысламұлының нұсқасында:

Әуелеп ұшқан алты қаз,

Жерге неге қонбайсың?

Сіздер тірі, мен өлі,

Жатырсың неге демейсің?

Қасірет, қайғы қалымды,

Неге келіп  білмейсің?

Тілсіз мақұлық жануар,

Бірге келген жолдасым,

Қасыма неге келмейсің? (90)

Алдыңнан шығып Сансызбай,

— Көкешім менің Төлеген,

Көрдім бе? десе не дейсің?

Сауыттың көзі сөгіліп,

Сетіней кетті дегейсің. (90)

Міне, осы екі жырда да, Төлеген ұшып бара жатқан  қаздарды  киелі санап, жалбарынып көмек сұрайды. Төлегеннің қоңыр қаздарға жалбарынып- жауап сұрауы, басқа көне  жырдан ауысқан болуы керек. Мұндай жалбарынуды, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында да кездестіреміз.   Құбылтудың бір түрі алмастыру. (метономия). Жырда  ол былай  көрініс тапқан.

Мұсабай Жыраудың нұсқасында:

Сұлу  тауып ала алмай (7)

Он екі жорғаның мойнына (8)

Бір зергерге барады (9)

Бір шоқ қара көрінді (20)

Сүй деп сақау жөнеді (39)

Бір тайыңды тілепті (39)

Сансызбай мінді аттың беліне. (48)

Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы нұсқасында:

Тұлпардың қалған тұяғы (109)

Асындым алмас беліме (109)

Ерлер мінер тұлпарды (107)

Атаңа лағнет, алпыс ит (89)

Иттердің қылған  зорлығай (88)

Қу бауырды қия алмай (81)

Өледі  кемпір- шалыңыз. (58)

«Қыз Жібек» жырының көркемдігі, әр бір оқыған жырда кездесіп отырады. Әсіресе, 1900 жылғы басылымда Қыз Жібектің  көшінің  сән-салтанаты,  кетіп бара жатқан қыз-келіншектер, ақ бәйбішелер, бәрі жүзіктің көзінен өткендей сұлу сүреттеледі. Ал, бұл көрініс 1887 жылғы басылымда оншалықты көркем суреттелмеген. Осы орайда салыстырмалы түрде Қыз Жібектің бейнесі суреттелген жерінен үзінді келтіріп, қатар беріп көрелік.

Мұсабай жырау нұсқасында:

Алтауының қарындасы,

Жібек сұлу деген бар екен,

Айтулының өзі екен,

Қырымдағы сұлу қыз екен,

Оймақтай аузы түрілген,

Ішкен асы асалдың,

Тамағынан көрінген,

Қостан әйкен тағынған,

Жүз теңгелік опа ендік,

Екі бетке жағылған (88)

Жүсіпбекқожа нұсқасында:

Қыз Жібектің құрметі,

Жаһаннан асқан сәулетті,

Ләйлі-Мәжнүн болмаса,

Өзгеден артық келбеті,

Үш  қыз бар қасында-ай,

Өзі он төрт жасында-ай,

Көбісінің өкшесі,

Бұқараның гауһар тасындай,

Ақ маңдайы  жарқылдап,

Танадай көзі жарқылдап. (69)

Жыршы Қыз Жібектің сұлулығын екінші затқа балап, салыстыру арқылы көрсетіп, нұрландырып отырады. Мысалы,

Қыз Жібектің ақтығы,

Наурыздың ақша қарындай

Ақ бетінің қызылы,

Ақ тауықтың қанындай.

Қандай әсем сурет. Психологиялық параллемизм бар, екі затты ұқсату бар. Қыз Жібек   ақ емес, наурыздың ақша қарындай, ақтан да ақ, осыдан артық  ағартуға бола ма? Қыз Жібектің беті қызыл емес, ақ тауықтың қанындай қызыл. Осыдан артық Қыз Жібектің бетін қызартуға бола ма? Әрине, жоқ. Бағана көш салтанаты туралы сөз болғандықтан, енді нақты мысалмен осы көшті көрсетелік.

Мұсабай жырау нұсқасы:

Қыз Жібектің аулы

Жылғалы сайдан көшіпті,

Уық буын шешіпті,

Жібек көштің соңында

Сексен қазға жетіпті,

Он екі жорға жегіпті. (11)

Жүсіпқожа нұсқасы:

Бір көш шықты түбектен,

Көш алдына қараса

Бір қыз кетіп барады,

Отыз түйе жетелеп,

Сары мая үлектен,

Мұрындағы сары жез,

Бұйдасын ескен жібектен

Толған айдай толықсып

Бұралып кетіп барады. (61)

Осы жырдағы көшті бастап бара жатқан, сары мая, сары жез мұрындыққа тағылған жібек  бұйда, оны жетелеп,  толықсып бара жатқанның бірі-бәрі, бірін-бірі толықтырып жырға ерекше  күй және әр беріп тұр. Мұндай жыр сұлуын тебіренбей оқу мүмкін емес. 1887 жылғы Мұсабай жыраудың нұсқасын кейінгі кезде көп түзеп, өңдеуге түскені  анық байқалады. Керісінше   бұл жырда кеткен олқылықтың орны 1900 жылғы басылымда  айқын көрінеді.

1900 жылғы нұсқада астарлаудың сан алуан түрлері кездеседі. Мысалы: Ай мүйізді қошқардың, Бөрі тартар қоңынан (65),  Іңірде шайтан көшкендей, құланның атты қодығы, Алдыма жанған шырағым, Біреу үрлеп өшіріп, Желкесін қиды бидайық (86). Жырда ұлғайтудың түрлері батырлар жырынан ауысқан сияқты да әсер береді. Мысалы,

Кірістен оғы кетеді,

Топ арғынға жетеді,

Селдірлеген шетінен,

Жетеуінен өтеді,

Аруағы оның асады,

Төлеген сынды мырзаның

Қанын судай шашады.. (89)

Немесе,

Бұлайша талғап Сансызбай,

Қарамсаққа қол салды

Бір салғанда мол салды,

Садақты қолға алады,

Толықсып тұрған кәпірді,

Талғап тартып қалады. (21)

Енді жырда  кішерейту қалай берілген, соған мысал келтірелік.

Қалынға соққан қырандай,

Қанатымнан қайрылдым,

Тасқа тиіп тұяғым,

Табанымнан тайырылдым (97)

Қалың  жолды қақ жарып,

Арық қойдай тырысып, Тарта тарта Жібектің алақанына тозады. (114)

1887 және 1900 жылғы  басылымдарды салыстырып көркемдік стилін біршама аштық. Енді 1894 ж  «Қыз Жібек хикаясы», 1957, 1959 жылғы басылымдар туралы бір ауыз сөз айтқанды  жөн көрдік. 1894 жылғы Қазан қаласында басылған нұсқасы. Мұнда жырдың кіріспесі қара сөзбен әңгімеленіп беріледі. Мазмұны жырланғаннан көрі, көбінесе қара сөзді әңгімесі басым. Жалпы, 1894, 1957, 1959 жылғы басылымдардың мазмұн  желісі бір. Тек қана кейбір сөздерде әлқиссаның түсінігінде ауытқулар бар. Мысалы, 1894 жылда жазатын (93), 1957 жылда «Жауаптұғын» немесе 1894 жылда «Мекке таман барамын» болса  (95), 1957 жылда «Мекке  тарап барамын» — деп өзгеріске ұшыраған.

Қорыта айтқанда  тіл байлығы ерекшелігі жағынан «Қыз Жібек» жыры қазақ ауыз әдебиетінде жеке дара тұрған ғажап туынды, шын мәніндегі шедевр екендігіне күмән жоқ.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.