VI-XIIІ ғасырлардағы Қазақстан мәдениеті

Ерте орта ғасырларда Қазақстан жерін мекендеген халықтар – негізінен түркі тілдес халықтар. Түркі тілдес халықтармен қатар Қазақстан жерінде басқа тілдік топтар да өмір сүрді. Сонымен қатар Қазақстан жерінде Иран (соғды) тілдес, Сирия тілдес, Араб тілдес халықтар тобы өмір сүрді. VІ ғасырлардан бастап түркі тілдес тайпалардың өз жазулары болды. Бұл жазу ғалымдардың пікірінше соғды жазуына ұқсас. Көне түрік жазуларының ескерткіштері Монғолия жерінен табылды.

VІ-Х ғасырларда Қазақстанда соғды жазуы мен тілі кең қолданылған. Бұл жазу Тараз, Баласағұн, Испиджаб қалаларында кең тараған. Оңтүстік Сібір, Алтай-Саян, Қазақстан жерлерін ежелгі түрік тайпалары мекендеген. Олар түрік тілінде сөйлеп, көне түрік жазуымен жазған. Көне түрік әліппиі 35 әріптен тұрған. Түріктердің әліппиі өздерінің ру-тайпаларының таңбалары негізінде жасалған. Көне түріктердің негізгі жазуы  «руна» жазуы деп аталған. Ал аса бағалы тарихи ескерткіш болып саналатын руна жазуы бар құлпытасты ХІХ ғасырда Солтүстік Монғолиядағы Орхон өзенінің маңынан Н.М.Ядринцев тапқан. Құлпытастағы жазуды түркітанушы В.В.Радлов пен дат ғалымы В.Томсон ажыратқан.

Қорқыт

Бұл жазу «Орхон-Енисей тас жазуы» деп аталады. Түрік жазба әдебиетінің көне ескерткіштері «Күлтегін» және «Тоныкөк» жазулары. Бұлар-нағыз тарихи дастандар. Мұнда түрік қағанатының құрылуы мен дәуірленуі, ақырында күйреуі жайында айтылады. Дастандардағы тарихи суреттер әдеби-көркемдік тәсілдермен өрнектелген.

VІІІ-ІХ ғасырларға жататын әдеби шығармалар «Қорқыт ата» кітабы мен «Оғызнама» дастаны. Бұл шығармалар алғаш VІІІ ғасырда ауызша айтылып, ел ішінде кең таралса, тек ХІ ғасырдан бастап қағазға түсе бастаған. «Қорқыт ата» кітабы 12 жылдың қосындысынан тұрады. Бұл шығарма аты аңызға айналған атақты ақын, қобызшы Қорқытқа байланысты. Қорқыт есімі түрік тілдес халықтар арасында кеңінен мәлім. Қорқыт күмбезі Қызылорда облысы Қармақшы ауданында тұрғызылған.

Ал, «Оғызнама» біздің дәуіріміздің ІІ ғасырындағы тарихи оқиғаларға байланысты туған. Бұл әдеби шығарма VІ ғасырда парсы тіліне, ІХ ғасырда араб тіліне аударылған. «Оғызнаманың» ескі нұсқасын ХІІІ ғасырда бірінші жазып қалдырған тарихшы Рашид ад-Дин. Одан кейін ХVІІ ғасырда толық жазған – Әбілғазы хан.Шығарманың идеясы ерлікті, бірлікті уағыздайды. Сонымен қатар, ерте орта ғасырда түрік тіліндегі ауыз әдебиетінің әртүрлі жанрларының (мақал-мәтел, жоқтау, тағы басқалар) дамуына байланысты әдеби тіл мен жазба әдебиеттің  дамығандығын көруге болады.

Х ғасырдан бері қарай Оңтүстік Қазақстанда ислам діні кең дами бастады. Сайрам, Отырар, Түркістан тағы басқа қалаларда діни медреселер салынып, ғылым-білімге кең жол ашылады. Әдеби және ғылыми шығармалар араб тілінде жазылды.

Әбу Насыр Әл-Фараби

Әбу Насыр әл-Фараби (870-950 жж.) Отырар қаласында туған. Осы қалада қыпшақ тілінде білім алған. Толық аты-жөні әл-Фараби Әбу Насыр Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан. Яғни әкесінің аты – Ұзлағ, ал арғы атасының аты – Тархан. Асқан білімділігімен «Шығыстың Аристотелі» атанған. Араб тілін Исфахан, Бағдат, Дамаск (Шам) қалаларында игерген. Сондай-ақ, Бұхара, Самарқан, Александрия қалаларында  өз білімін жетілдірген.

Ол – философ, математик, тарихшы, физик, астроном, бір сөзбен айтқанда асқан дарын иесі. Араб, парсы, грек тілдерін еркін меңгерген. Сол себепті Әбу Насыр әл-Фараби өз шығармаларында араб, парсы, грек, үнді, түрік мәдениетінің жетістіктерін талдап, жақындастыра білді. Мұны «Үлкен музыка кітабы» атты еңбегінен де байқауға болады. Сайып келгенде, әл-Фараби «Қайырлы қала тұрғындарының кітабы», «Дүниедегі қозғалыстардың тұрақтылығы», «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдардың шығуы», «Жұлдыздар бойынша болжаулар» тағы басқа еңбектері жарық көрген.

әл-Фараби Архимед, Аристотель, Евклид, Пифагор еңбектерін зерттеген. Білімнің әр түрлі салаларын қамтитын 160 трактат жазған. Ол 80 жасында Дамаск (Шам) қаласында қайтыс болады.

Қожа Ахмет Яссауи

Қожа Ахмет Яссауи (1103-1167 жж.) Сайрам қаласында туған. Әкесі Ибраһим атақты ғұлама адам болған. Шешесі-Мұса шайқының қызы Айша. (бір деректерде – Қарашаш). Алғаш әкесінен оқып сауатын ашып, кейінірек ислам дінінің шариғат-қағидаларын үйренген. Бала кезінен Ясы қаласын мекен етеді. Бұхара қаласында Юсуф Хамаданидан діни білім алып, Ясыға оралады. Мұнда ол сопылық ілімнің насихатшысына айналады. Ахмет Яссауи өзінің ұстазы Арыстан бабты пір тұтады. Өмірінің көбі Сайрам мен Ясы (Түркістан) қаласында өтеді. Қожа Ахмет Яссауи 17 жасынан бастап араб, шағатай, парсы, түркі тілдерінде өлеңдер жазған. Ал, Қожа Ахмет Яссауиден қалған мұра оның «Диуан-и хикмет» («Даналық кітабы») болып табылады. Кітап түрік тілінде араб әліппиімен жазылған. Бұл еңбекте адамды даналыққа, адалдыққа, кіші пейілділікке, имандылыққа шақырады. Түпнұсқасы сақталмаған. Бізге жеткені ХV-ХVІ ғасырлардағы көшірмесі ғана. Ондай нұсқалар өте көп. Олардың көбі Стамбул, Қоқан, Ташкент, Мәскеу, Алматыда сақталған.

Қожа Ахмет Яссауи Түркістанда қайтыс болды, ХІV ғасырда оның басына Әмір Темір зәулім кесене салғызды. Сондықтан бұл жер мұсылмандардың «екінші Меккесі» аталған. «Мединеде Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет» деген сөз содан қалған. Ахмет Яссауидің жолын қуған шәкірттерінің бірі-ел ішінде Хакім ата аталған Сүлеймен Бақырғани.

Жүсіп Баласағұн

Жүсіп Баласағұни (1021-1075 жж.) толық есімі Жүсіп Хас Хажип Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласында туған. Білімді Фараб (Отырар), Қашғар, Бұхара қалаларынан алады.  Араб, парсы тілдерінде еркін сөйлеген. Өзінің атақты философиялық-диалектологиялық «Құтты білік» дастанын Қарахан әулетінен шыққан Тағаш Қара Боғраханға арнады. Бұл үшін ақынға Хас Хажип (Сарай министрі) атағы берілді. Ол өзінің атақты «Құтты білік» атты еңбегімен белгілі. Бұл еңбек алғаш рет түрік тілінде жазылған. «Құтты білік» – ХІ ғасырға дейінгі түрік тілді халықтардың қоғамдық ой-санасында орын алған, терең мазмұнды ғылыми еңбек. Онда әдеби тілдің тамаша үлгілері көрініс тапқан. Поэманы 1896 ж. К.Керимов өзбек тіліне аударды. 1971 ж. Н.Гребнев «Бақытты болу ғылымы» деген атпен еркін аударма жасады. Ал 1983 ж. С.Н.Иванов «Благодатная знание» деген атпен орыс оқырмандарына ұсынды. Ал 1986 ж. бұл дастанды ақын А.Егеубаев қазақ тіліне аударды.

Кітапқа көшпенділер тұрмысы мен аңшылық өнерін көрсететін нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, тұрақты сөз тіркестері енген. Жүсіптің ақын ретінде де, ғалым ретінде де атын шығарған еңбегі «Құтты білік», «Құтадғу білік» атты дидактикалық поэмасы. Шығармада философия, астрономия, медицина, тіл білімдері жайында да мәліметтер кездеседі. Түрлі кәсіп иелерінің өмірлері де суреттеледі. Автор еңбегін 1069-1070 жылдары Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашғар қаласында аяқтаған. Жалпы «Құтты білік» поэмасы түрік тіліндегі энциклопедиялық шығарма болып табылады.

Махмұд Қашғари

Махмұд Қашғари (1030-1090 жж.) шын аты Махмұд Хусейн ибн Мұхаммед Қашғари. Ол Қашғар қаласында туып Баласағұн қаласында өмір сүрген. Махмұд алғаш Қашғар қаласында, кейіннен Орта Азия мен Иранның ірі қалаларында білім алды.

Араб тілін жетік білген.Түрік филологиясы мен философиясының ғұлама білгірі. Махмұд Қашғаридың «Диуани лұғат ат-түрк» деген әйгілі еңбегі бар. Кітапта ХІ ғасырда өмір сүрген түркі тайпалары жайында мәліметтер көптеп жазылған. Бұл кітапта бүгінгі ғалымдар сол кездегі түріктердің мекен-жайларының аты-жөні, олардың тарихы, этнографиясы, ауыз әдебиеті жайлы көптеген мағлұматтар алады. Бұл еңбекте тарихшылардың назарын өзіне аударған  шығармадағы дүние жүзінің түрікше картасы. Кітапта 400 мақал-мәтел бар.   Махмұд Қашғари оны 1072-1074 жылдары Халиф Әл-Мұқтадиға арнап құрастырған. Бұл кездегі әдеби шығармалардың дамуына жаңадан тарай бастаған ислам дінінің әсері мол болды.

Ахмет Йүгінеки

Ахмет Йүгінеки (ХІІ ғ.) Түркістан қаласы маңындағы Жүйнек деген жерде дүниеге келген. Әкесі Махмұд ақын болған. Ахмет араб, парсы сияқты шығыс тілдерін жетік меңгерген. Өз заманының қадірлі де беделді адамы болған. Білімпаздығы үшін «Әдиб Ахмет» (оқымысты деген сөз) атаныпты. Қожа Ахмет Яссауйдың шәкірті. Ол түркі халқы әдеби тілінің қалыптасуына ықпал еткен. Ахмет Йүгінеки ХІІ ғасырда «Хибату-л-хақайық», яғни «Ақиқат сыйы» деген еңбек жазды.  Кітап 466 жол  өлеңнен тұрады, 20 шақты тақырыптарға бөлінеді. Еңбекте ақиқат, адамгершілік сияқты рухани ойларды қамтиды. Ақынның осы атақты кітабының қолжазбасы Стамбұл мешітінде сақталған. Шығармалары 1444 жылы Арслан, Әмір мен 1480 ж. түрік ғалымы Нәжит Асыл жасаған көшірмелермен белгілі. Түрік тілінде алғаш рет Рашид Рахмети Арат жариялады. Ал қазақ тіліндегі транскрипциясын Әмір Нәжит (1981 ж.) жасады.

Майқы би (Майқы Мәнұлы) ХІІ ғ.соңы — ХІІІ ғ.орта шенінде өмір сүрген. Майқы би атақты би, суырып салма ақын болған. Әкесі-Мән. Майқы жастайынан ақсақ болды. Сондықтан да болар Майқы атанғаны және оның 18 атасының да есімі Майқы болған. Шыңғысханның замандасы әрі кеңесшісі. Ел оны әулие деп те атаған, себебі, ол адам тағдыры мен оқиғаларды болжай білген. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген нақыл бар. Майқы би ұзақ өмір сүріп, 120 жасында қайтыс болған.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.