VІ-ХІІI ғасырлардағы қалалар

Орта ғасырларда әкімшілік, сауда-экономикалық орталық болған көптеген қала Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда қалыптасты. Орта ғасырлардағы қалалардың бірнеше бөліктері болды. Олар мыналар:

  • Шахристан қала билеушілері, ақсүйектер мен діни қызметкерлердің тұрағы.
  • Рабад  қаланың қолөнершілері мен саудагерлері тұратын бөлігі.
  • Цитадель болса, қаланың қорғаныс бөлігі, яғни қамал мен бекіністер.

VІ-ХІІ ғасырлардағы Қазақстан жеріндегі ірі қалалар: Тараз, Отырар, Сауран, Құлан, Суяб, Мерке, Қойлық, Үзкент, Сығанақ, Испиджаб, Ясы (Түркістан), Баласағұн тағы басқалар. Археологтар  Қазақстан жерінен 60-тан астам қаланың орнын анықтаған. Осы қалаларда халық біршама қоныстанды. Сонымен қатар қала халқы отырықшыға айналған көшпенділер есебінен көбейіп отырған.

Испиджаб қаласы

Испиджаб – Оңтүстік Қазақстандағы орта ғасырлардағы ірі қалалардың бірі. Орны қазіргі Шымкент қаласынан 12 шақырым жерде, қазіргі Сайрам кентінің оңтүстік-батысында орналасқан. Қала жайлы алғашқы дерек Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» атты еңбегінде кездеседі. Онда: «Сайрам – Испиджаб деп аталатын ақ қаланың аты» делінген. Демек, Сайрам – Испиджабтың кейінгі аты. Бұл қала V ғасырда аса ірі мәдениет және сауда орталығы болды. Испиджаб сауда орталығы ретіндегі рөлі Х-ХІІ ғасырларда күшейді. ХІ ғасырда сауда айналымы үшін шығарылатын теңге сарайы Испиджабта орналасқан. Испиджаб ІХ-Х ғасырларда Қарлұқ, Қарахан мемлекеттерінің құрамында болды. Испиджаб ірі діни орталық болған. Қала ішінде көптеген мазарлар сақталған. Ең ежелгісі – Падишаһ Мәлік баба мазары. Табылған ескерткіштер ІХ-ХVІІІ ғасырларға жатады. Жалпы, Испиджаб қаласында 40 мың адам тұрған.

Тараз — Ұлы жібек жолы бойындағы ортағасырлық ірі қалалардың бірі. Тараз қарахандықтар мен қарлұқтар заманында ерекше гүлденді. Бұл қала Талас деп те аталған. Тараз қаласында Бабаша хатун, Айша бибі, Қарахан кесенелері орналасқан. Тараз қаласы жайында араб саяхатшысы Әл-Макдиси: «Тараз — ірі бекіністі қала, бақтары көп, халқы тығыз, қала сыртында терең ор қазылған, төрт қақпасы және төңірегінде елді мекендері бар. Қаланың орталық бөлігіне кірер қақпа алдында үлкен өзен ағады, өзеннің арғы бетінде де тұрғын үйлер, өзеннен өтер өткелдері бар. Мешіт базар арасына салынған», — деп жазған. Тараз қаласында 10 мың адам тұрған.

Түркістан қаласы

Ясы (Түркістан) – қазіргі Түркістан қаласының орнында болған ежелгі қала. Сырдария өзенінің оң жағалауында, Қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейінде орналасқан. Қаланың іргесі біздің заманымыздың V-VІ ғасырларында қаланған. Бұл қала алғашында Шауғар деп аталған. Бұл өңір Түрік қағанатына қарады. ІХ ғасырда қарлұқтар мен оғыздардың қол астында болды. ХІІ ғасырдың бірінші ширегінде қидандар шабуылынан Шауғар құлағаннан кейін, Ясы өлкенің орталығына айналды. Қалада атақты ойшыл, ислам дінінің білгірі Қожа Ахмет Яссауи өмір сүрген (кейін Мәуереннахр билеушісі Ақсақ Темір Ахмет Яссауиге VІІ ғасырда мазар салдырған). Қаланың Ұлы Жібек жолының бойында, Дешті Қыпшақ пен Орта Азияның аралығында болуы, табиғи-географиялық жағдайының қолайлығы, сонымен бірге адамдардың Қожа Ахмет Яссауи мазарына тәу етуі, сауданың қызу жүруі елді мекеннің өркендеуіне ықпал етті. Қаланың Қазақстан мен Орта Азияның діни орталығы ретіндегі беделі өсе берді.

Сығанақ «Болса тәңірім екінші өмір қиғандай, Сығанақта көз жұмар ем қиналмай». Бұл — орта ғасырдағы түрік ойшылы Ғисамеддин әл-Сығанакидің айтқан сөзі. Сығанақ қаласы Сырдария бойында орналасқан ортағасырлық ірі сауда орталығы. VІІ ғасырда Сығанақ қаласы қыпшақтардың саяси орталығы болды. Сығанақ жайлы алғашқы дерек Х ғасырдағы парсы шығармасы «Худуд әл-Әлемда» кездеседі. Шыңғыс хан шапқыншылығынан бұрын Сығанақ хорезмшаһ Текештің қол астында болған.1219-1220 жылы Сығанақты Жошының әскері қоршап алады. Қала тұрғындары берілмей, олардың елшілерін өлтіріп, күшті қарсылық көрсетеді. Жеті күндік толассыз шабуылдан кейін жау қаланы басып алып, тұрғындарын түгел қырып тастайды. ХІІІ ғасырдың екінші жартысында қала қайта жанданады. Жошы ұрпақтары кезінде Ақ Орданың орталығы болып, онда теңге соғылған. ХV ғасырдың 70-жылдары қаланы қазақ ханы Керей иеленді. Сөйтіп, ол Қазақ хандығының алғашқы астанасы болды. ХV-ХVІІІ ғасырларда қала бұрынғысынша сауда орталығына айналды. Оны орыс саудагерлері мен елшілері жақсы білген. Сығанақ ХVІІІ ғасырға дейін жеткен. Қаланың қазіргі орны Сунақ-ата деп аталады. Археологтар Сығанақ қаласының маңынан ертедегі су құбырының іздерін тапқан.

Баласағұн — ортағасырлық ірі қалалардың бірі. Бұл қала Шу өзенінің бойында орналасқан. Жалпы зерттеулер бойынша, Баласағұн қаласы V ғасырда пайда болған. Бір кездері Баласағұн қарлұқтар мен қарақытайлардың астанасы болған. Баласағұнда ұлы ақын Жүсіп Баласағұн туған. Баласағұн қаласы Ақтөбе деп те аталған. Баласағұн қаласында 10 мыңдай адам тұрған.

Сауран қаласы

Сауран – Оңтүстік Қазақстанның орта ғасырлардағы ірі қалаларының бірі. Қазіргі Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан. Сауран туралы алғашқы деректер Х ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Араб тарихшысы Мақдисидің шығармасында «Сауран – жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар» деп жазылған. ХІІІ ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың орталық қалаларының бірі болды. ХІV ғасырдың аяғында Әмір Темір қаланы әскери қамалға айналдырған. Сауран ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХVІІІ ғасырдың басында әлсіреп, ХІХ ғасырда біржолата күйреген. Қазіргі кезде Сауран қаласының  қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары сақталған. Аумағы 550-800 м. дөңгелек алаң. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Археологтар жүргізген зерттеу жұмыстары қаланың VІІ-ХVІІІ ғасырларда өмір сүргендігін дәлелдейді.

Отырар қаласы

Отырар (Фараб) – Оңтүстік Қазақстан облысындағы ежелгі қала.  Отырар VІІІ ғасырдың басында Тарбанд деген атаумен белгілі. Бұл атау Күлтегін және Білге қаған құрметіне арналған түрік сына жазбаларында кездеседі. Отырар ІХ ғасырдадың өзінде-ақ ірі қалаға айналған. V-ХV ғасырларда Отырар Арал бойындағы көшпелі тайпалармен сауда жасайтын орталық, сондай-ақ, Иран және Орта Азиядан Сібірге, Моңғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала.  1218 жылы Мұхаммед Хорезмшаһтың Отырардағы билеушісі Қайыр ханның әмірімен Шыңғыс хан керуеніндегі көпестер өлтіріледі. Бұл Шыңғыс ханның Орта Азияға шапқыншылық жасауына сылтау болды. Тарихи әдебиеттерде бұл қырғын «Отырар апаты» деген атпен белгілі. Ақ Орда хандары, әсіресе, Ерзен хан мұнда медресе, мешіт, кесенелер салған. Жошы ұлысы құлағаннан кейін Отырар Әмір Темір мемлекетінің құрамына кірген. Әмір Темір мұнда бірнеше рет болып, Шығыс жорығына аттанарда (1405 жылы) осында дүниеден өткен. ХVІ ғасырдың басында қала қазақтардың билігіне біржолата көшіп, шамамен ХVІІІ ғасырдың басына дейін өмір сүрді. Отырар қаласында 16 мың халық тұрған. Қазір Отырар орнында археологиялық қазба жұмыстар жүргізілуде.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.