Түрік қағанаты (552-603 жж.) қысқаша мәлімет

Түрік қағанаты

Біздің заманымыздың І мыңжылдығында Еуразия далаларындағы этникалық орта өзгере бастады. Дәл осы уақытта қазіргі түркі тілдес тайпалардың этникалық-саяси бірігуі қалыптасқан еді. Осы дәуірде түркілердің рухани мәдениеті де жаңа сатыға көтерілді. Түркі жазба мәдениеті мен сына жазуы, түркі әдебиеті қалыптасты. Түркілерде алғашқы діни наным-сенімдер буддизм, христиан, манихей, ислам діндерінің ықпалымен, өзге де өркениет жетістіктерінің әсерімен пайда болған. Олар көшпелі және жартылай көшпелі өмір кеше отырып, біртіндеп қалалық және отырықшы тұрмысқа көшті. Отырықшылыққа көшкен тайпалар өзіне тән өркениетті түрлерін қалыптастырды, олардың сол кездегі әлемдік мәдениетте өзіндік орны бар.

V-VІ ғасырларда түркілер далалы аймақтарды мекендеді және оларды қытайлықтар «жужаньдар», еуропалықтар «аварлар» деп атаған.

«Түркі» сөзі (қытайша «тукюе») алғаш рет көшпелі халықтың атауы ретінде б.з. VІ ғасырында пайда болды. Бізге түркілердің тарихы VІІ-VІІІ ғасырларда жазылған Орхон-Енисей жазбалары арқылы белгілі. Ол ескерткіштер-түркілер мекендеген Енисей өзенінің бойы мен қазіргі Моңғолия жеріндегі Орхон өзенінің жағасынан табылған құлпытастағы жазулар. Сондықтан да оларды «Орхон-Енисей жазуы» деп атап кеткен.  Ескерткіштер VІІ-VІІІ ғасырлардағы Түркі қағандығының тұсында Білге қаған (хан), Күлтегін (әскербасы), Тоныкөк (ақылшы, кеңесші) сияқты атақты адамдарға арнап тұрғызылған құлпытастағы жазулар.

VI ғасырда Қазақстан жері сол кезде аса қуатты болған Түрік қағанатының қоластына қараған. Түрік қағанаты Орталық Азиядағы тайпалық одақтардан біріккен ежелгі мемлекет. «Түрік»  атауы  алғаш рет қытайдың 542 жылғы шежіресінде кездеседі.

Ал түріктердің мемлекеттік дәрежеге көтерілуі 552 жылдан басталады. Бұл этно-саяси бірлестіктің негізін салушы  Бумын қаған еді. 552 жылы түрік қолбасшысы Бумын аварларға қарсы шықты. Ол 553 жылы дүние салды, ал оның ізбасары Мұқан қағанның билігі кезінде Түрік қағанаты Орталық Азияда саяси үстемдікке жетті. Қағанаттың негізгі құрамы түркі тілдес халықтар болды. Олардың басым көпшілігі «теле» тайпалары.

Теле көптеген түрік тілдес тайпалардың ортақ атауы. Қытай шежіресі бойынша «теле» сөзінен «түрік» сөзі шыққан. Сондықтанда «теле» сөзінен «түрік» сөзі бір мағынаны білдіреді. Түрік қағанатының құрамында 30-дан аса теле тайпасы болған. Олардың ішінде қырғыз, оғыз, ұйғыр, дулу, үйсін тағы басқа да тайпалар болған. VІ ғасырдың 70 жылдарында түрік қағанаты Солтүстік Кавказ бен Қара теңіздің солтүстік жағалауына дейін үстемдік етті.

VІ ғасырдың екінші жартысында түрік қағанатының билігі Азияның біраз аймағын қамтыды. Осы кезеңде Түрік қағанаты Қытай, Иран, Византия сияқты ірі мемлекеттермен терезесі тең түсіп, күшті мемлекеттің біріне айналды. Ал 561-563 жылдары түріктер Иранмен әскери одақ құрып Орта Азияны бағындырғаннан кейін Ұлы Жібек жолын өз бақылауында ұстады.

VІ ғасырдың 70 жылдарында Түрік қағанаты — Солтүстік Кавказ бен  Қара теңіздің Солтүстік жағалауына дейін үстемдік етті. Кең байтақ жерді алып жатқан түрік қағанаты саяси жағынан бір орталыққа бағынған, күшті ел бола алған жоқ. Түрік қағанатының ыдырау себебі — қаған әулетінің арасында билік үшін талас-тартыс.

Сондай-ақ, қағанаттағы халықтар не саяси, не экономикалық жағынан ұйыса алмады. Сонымен қатар, көрші елдермен соғыс және қытай шапқыншылығы әсер етті. Осындай себептердің салдарынан ақыры 603 жылы Батыс және Шығыс Түрік қағанаты болып екіге бөлінді. Қазіргі Қазақстан территориясы Батыс Түрік қағанатының құрамына енді.

Шаруашылығы мен мәдениеті.  Қағанат халқы көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Төрт түлік мал өсірген. Қыстаулары Іле, Шу, Талас, Ертіс, Сырдария сияқты ірі өзен бойыларында орналасты. Өзен бойларындағы қыстауларда түрік тайпалары егіншілікпен айналысқан.

Сондай-ақ, «Күлтегін» ескерткішінде қала туралы сөздер де кездеседі. Бұл түріктердің кейбір бөліктерінің отырықшылыққа көше бастағанын көрсетеді. Оған басты дәлел Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда археологиялық зерттеу кезінде тұрақты үй-жайлардың табылуы.

Түріктердің көп тараған көлігі жылқы болды. Олардың баспанасы көші-қонға ыңғайлы киіз үй болды. Өйткені мұндай үй тез тігуге, тез жығуға қолайлы еді. Түркі тайпалары жылқы мен қой малын көбірек өсірді. Жайылым жерлер ақсүйектер қолында болды. Сонымен қатар түркілер тоқыма тоқумен де айналысқан.

Түріктер жерлеу рәсімімен ең алғашқы кезеңдерде мәйітті отқа өртеп, оның күлін қойғаны байқалады. Мәйітті өртеу отқа табынушылықтан туған. Кейінгі жерлеуде адамның тірі кезінде қолданған заттарын бірге көмген. Заттарды бірге қою — о дүниеде де өмір бар, заттар сонда керек болады деген нанымның нышаны.

Батыс түрік қағанаты

Түрік қағанатындағы әлеуметтік қарама-қайшылықтардың ушығуы, өзара қырқыстар, Қытайдың қағанатқа қарсы шабуылдары 603 жылы түрік қағанатын Батыс және Шығыс түрік деген екі дербес бөлікке бөлуіне душар етті. Батыс түрік қағандығы он тайпаның (он оқ бұдун) бірігуі нәтижесінде пайда болды. Батыс түрік қағандығына Жоңғария мен Орта Азияны жалғастырып жатқан жерлер және Шығыс Түркістанның едәуір бөлігі кірді. Ал, Шығыс түрік қағандығы Монғолияны иеленді. Батыс қағанаттың орталығы Шу өзенінің бойындағы Суяб қаласы болатын. Жазғы ордасы қазіргі Жамбыл облысының жеріндегі Мыңбұлақта орналасты.

Алғашқы кезде қағандықты Тардуш қаған басқарды. Бұл Батыс түрік қағанатының билігі күшейген кезі еді. Шығыс түрік қағанаты  керісінше, саяси басқару жағынан әлсіреп, қытайлардың шабуылына ұшырап отырды.

Батыс түрік қағанатының саяси билігінің күшейген кезі Шегу (610-618 жж.) мен Тон (618-630 жж.) қағандардың билік құрған кездері болды. Шегу қаған шығыстағы шекарасын Алтайға, ал батыстағы шекарасын Памир тауына дейін жеткізді. Ал, Тон қаған батыстағы елдерді жаулап алуды ойлады. Қаған салық жинауға жергілікті адамдарды бекітіп, оларға «селиф» деген атақ берді.

Қағанның билігі шексіз мұрагерлік жолмен беріліп отырды. Қағанатта жоғарғы лауазымдарға ябғу, шад, елтебер сияқты атақтар берілді. Ал сот істерін бұрықтар мен тархандар атқарған. Сондай-ақ, қағанаттағы қарапайым халықты «қара бұдұндар» деп атаған. Бұл сөз қазақтың «қара бұқара», «қара халық» деген сөздерімен мағыналас.

Түріктер көрші тайпалар мен халықтарға қарсы шапқыншылық жасап, құл айдап әкелетін болған. Қағанат ішіндегі он алты жылға созылған тайпа аралық соғыстар (640-657 жж.) Жетісуға Таң империясы әскерінің баса көктеп кіруіне әкеліп соқты. 704 жылы Батыс түрік қағандығы құлағанымен, осы қағанатқа кіретін «он оқ» халқының ішінен түргеш деген тайпа өз алдына дербес қағандық құрып, тарих сахнасына шықты.

Шаруашылығы мен мәдениеті. Батыс түрік қағанаты шаруашылығының негізін жартылай мал шаруашылығы құрады. Малы жоқ немесе малы аз кедей шаруалар егіншілікпен айналысқан. Қағанаттың едәуір бөлігі отырықшылыққа көшіп, қолөнермен шұғылданған. Шығыс Түрік қағандығымен салыстырғанда оның әлеуметтік құрылымы да едәуір күрделі болды, яғни феодалдық мемлекет дәрежесіне көтерілді. Тек  Шу  алқабының өзінде VІ-VІІ ғасырлар қарсаңында 18-ге жуық қала мен ірі қоныс болған. Олардың негізгі тұрғындары соғдылар, түркілер және сириялықтар еді.

Осы қалаларды алғаш суреттеп жазғандардың бірі қытайдың саясаткер тарихшысы Сюань Цзан. Ұлы Жібек жолы Батыс түрік қағанаты арқылы  өткендіктен, бұл өңірде сауда мен қолөнер біршама тәуір дамыды.

Ескерттетін жайт: өзгелерге қарағанда қағандық өмірінде соғдылардың рөлі жоғары дәрежеде болды, бүкіл экономикалық және ақша қатынастары солардың тікелей қатынасуымен жүрді. Батыс Түрік қағанатының қалалық мәдениеті соғдылардың қатысуымен қалыптасты. VІ-VІІ ғасырларда түріктердің қолдауымен соғдылықтар Жетісуда, Жоңғарияда, Шығыс Түркістанда, Оңтүстік Сібірде сауда орындарын құрды. Түріктер өздеріне бағынышты соғдылықтарды «тат» деп атаған. Қазіргі тәжік атауы осы татқа байланысты болса керек. М.Қашқари «татсыз түрік жоқ» деп жазады. Себебі, таттар түріктердің бүкіл шаруашылығын, сауда-саттығын жүргізіп, қолөнер бүйымдарын жасады.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.