ҚР Мемлекеттік басқару және әкімшілік құқық

  1. Әкімшілік құқықтың түсінігі, пәні және әдістері және жүйесі қайнар көздері түрлері.
  2. Әкімшілік құқық нормалары және әкімшілік құқық қатынастары.
  3. Әкімшілік құқық бұзушылық және әкімшілік мәжбүрлеу шаралары.

Әкімшілік деген сөз латын сөзінен аударғанда “басқару” деген мағынаны білдіреді. Яғни, әкімшілік құқық басқару саласындағы биліктік қатынастарды реттейді.

Әкімшілік құқық – мемлекеттік басқару саласындағы  қатынастарды реттейтін құқықтық нормалар жиынтығы.

Заң энциклопедиясы әкімшілік құқықтың түсінігін мемлекеттік басқару органдарының атқарушылық қызметі процесінде пайда болатын қоғамдық қатынастармен байланыстырады.

Әкімшілік құқықтың пәні болып ол реттейтін қоғамдық қатынастардың жиынтығы табылады.

Теорияда әкімшілік құқықтың пәнін шартты түрде екі топқа бөліп қарастырады:

1) ішкі аппараттық қатынастар – мұнда сәйкес құқықтық нормалар атқарушы билік органдарының жүйесін, оларға бағынысты мекемелерді, олардағы қызметті ұйымдастыруды және жұмыстардың нысандары мен әдістерін бекітеді;

2) әкімшілік биліктің кәсіпорындармен, мекемелермен, кез-келген ұйымдастырушылық-құқықтық нысандағы ұйымдармен, азаматтармен қарым-қатынастары.

Әкімшілік құқық тек әкімшілік әсер ету құралдарының жүйесін құрайды: әкімшілік мәжбүрлеу, лицензиялау, тіркеу. Әкімшілік мәжбүрлеу – әкімшілік құқық пәнінің маңызды бөлігі болып табылады.

Сонымен қатар, әкімшілік құқықтың пәніне азаматтардың шағымдарын соттан тыс тәртіпте қарауға байланысты қатынастар да жатады.

Жоғарыды аталғандарды қорытындылай келе, әкімшілік құқықтың пәніне мынадай анықтама беруге болады.

ҚР-ның әкімшілік құқығының пәні болып мемлекеттік әкімшіліктің қалыптасу және қызмет ету процесінде және әкімшілік-құқықтық мәжбүрлеу шараларын, басқа да әкімшілік әсер ету шараларын қолдану, азаматтардың шағымдарын соттан тыс тәртіпте қарау барысында пайда болатын билік қатынастары табылады.

Әкімшілік құқық пәнін басты құрамдас бөлігі, оның негізі болып мемлекеттік әкімшіліктің азаматтар және ұйымдармен қатынастарының жүйесі табылады. Әкімшілік құқықтың басты міндеті болып азаматтардың құқықтары мен міндеттерін құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету табылады.

Әкімшілік құқықта қолданылатын құқықтық реттеу әдісі құқықтық әсер етудің негізгі тәсілдерімен қатар бірқатар ерекшеліктерге ие:

а) міндеттеу – құқытық нормада қарастырылған жағдайға сәйкес белсенді түрде белгілі бір әрекетті орындауға тікелей заңды міндетті жүктеу;

ә) тыйым салу – құқықтық нормада көзделген жағдайларға сәйкес белгілі бір әрекеттерді жасамауға тікелей заңды міндетті жүктеу;

б) рұқсат беру – құқықтық нормамен көзделген белгілі бір әрекеттерді субъектінің қалауына қарай орындауға немесе орындамауға заңды түрде рұқсат ету.

Әкімшілік-құқықтық реттеудің ерекшеліктері мемлекеттік басқарудың ерекшелігімен тығыз байланысты. Себебі, бұл салада көп жағдайда бағынушылық қатынастар орын алған. Бұл жерде ерекше атап өтетін бір жәйт – әкімшілік-құқықтық қатынастар басым көпшілік жағдайда мемлекеттік органның (лауазымды тұлғаның) бір жақты ерік білдіруінің негізінде қалыптасады. Мысалы, бұйрық, шешім, қаулы және т.б. Яғни, әкімшілік құқықтық реттеу заңды теңдігі жоқ қатысушылар субъектілері болып табылатын қатынастарға бағытталған.

Қоғамның санасында әкімшілік құқық атқарушы биліктің күштеу құралы ретінде қалыптасып кеткен. Алайда, әкімшілік құқықты мемлекеттің экономикада және басқа да қоғам өмірінің  салаларында белсенді араласуы ретінде сыңар жақ түсінуге де болмайды. Әкімшілік құқық мемелекеттің мүддесіне қызмет ете отыра, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының заңды түрде жоғары тұруын қатаң сақтайды.

Кез-келген құқық саласының өзіндік ерекшеліктері болып оның пәні және әдістерімен қатар жүйесі де табылады. Мұндай кезектілік әкімшілік құқықта айқын көрінеді.

Әкімшілік құқық – реттеудің әдістерін, қағидаларын, мақсаттарын, пәнін біріктіретін құқықтық нормалардың біртұтас жүйесі. Бұл нормалар бір-бірімен тығыз байланысқан, бірдей қағидаларға негізделеді, бірдей түсініктер жүйесін пайдаланады. Сала ішінде әртүрлі заң күшіне ие, жалпы және арнайы нормалардың субординациясы айқын көрінеді.

Әкімшілік құқықпен реттелетін қоғамдық қатынстардың міндетті субъектісі болып мемлекет табылады.

Қазіргі кезде әкімшлік құқықтың мақсаттары мен міндеттеріне деген көзқарастар түбегейлі өзгеруде. Атқарушы биліктің міндеттерінің ішінде басты орынды адамның құқықтары мен бостандықтарын бекіту, сақтау және қорғау иеленген. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың және жүзеге асырудың деңгейі – биліктің жүзеге асырылуының тиімдлігінің көрсеткіші.

Әкімшілік құқықтың негізгі мақсаттары:

1) Мемлекеттік әкімішіліктің тиімді қызметіне жағдай жасау;

2) Азаматтардың, мемлекеттің ,қоғамның қауіпсізідігн қамтамасыз ету;

3) Жүзеге асырылуы атқарушы билікпен байланысты азаматтардың, олардың бірлестіктерінің құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруға жағдай жасау;

4) Экономиканы дамытуға жағдай жасау;

5) Әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға жәрдемдесу;

6) Азаматтарды және қоғамды мемлекеттік әкімшіліктің өзіндік билігінен, немқұрайдылықтан және билікті заңсыз пайдалануынан сақтауды қамтамасыз ету.

Әкімшілік құқықтың жүйесі жалпы және ерекше бөлімдерден құралған.

Жалпы бөлім мемлекеттік әкімшілік үшін жалпы реттеуші және жалпы қорғаушы нормаларды құрайды. Сондықтан да, өз кезегінде, жалпы бөлімнің нормалары екіге бөлінеді: жалпы реттеуші және жалпы қорғаушы нормалар.

Ерекше бөлім әкімшілік биліктің әрекет етуінің жекелеген салаларындағы арнайы реттеуші және қорғаушы нормалардан құралған.

Әкімшілік құқықтың қайнар көздері деп әкімшілік құқықтық нормалардан тұратын мемлекеттік органдардың актілерін айтамыз.

Қайнар көздерінің алуан түрлі болуы осы құқық саласының ең басты ерекшелігі болып табылады. Ол әкімшілік құқық пәнінің кең болуының бірден-бір дәлелі.

Барлық құқық салаларындағыдай мұнда да негізгі және басты қайнар көз ретінде – ҚР Конституциясы табылады.

Құқықтың қайнар көздері қай орган немесе лауазымды тұлға шығарғанына және заңды күшінің деңгейіне қарай мынадай топтарға бөліп қарастыруға болады. Олар мынадай тәртіпте көрініс табады:

1) Референдумда және заң шығарушы органда қабылданған актілер (Конституция, Конституциялық заңдар, кодекстер, заңдар);

2) ҚР-ның Президенті қабылдаған актілер (жарлықтар,өкім);

3) ҚР-ның Үкіметі кабылдаған актілер (қаулы, өкім);

4) Орталық атқарушы органдар қабылдаған актілер (ереже, бұйрық, шешім, нұсқаулық, қаулы);

5) Жергілікті атқарушы және өкілді органдар қабылдаған актілер (ереже, бұйрық, шешім, нұсқаулық, қаулы).

Әкімшілік құқықтың арнайы өзінің қайнар көзі болып 2001 жылғы 30-қаңтарда қабылданған “ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі” табылады. Осы Кодекске көрсетілгендей, халықаралық шарттар мемлекетпен ратификацияланған болса, қайнар көз ретінде заңды күшке ие болады және де ол ҚР-ның заңдарынан жоғары тұрады.

Конституциялық Кеңес пен Жоғарғы Соттың осы әкімшілік қатыфнастарға қатысты қабылдаған қаулылары да әкімшілік құқықтың қайнар көзі болып табылады.

2   Әкімшілік-құқықтық нормалар мен қатынастар

  1. Әкімшілік-құқықытық нормалардың түсінігі мен түрлері.
  2. Әкімшілік-құқықытық қатынастардың түсінігі және түрлері.

Кез-келген құқық саласы белгілі бір құқықтық нормалардың жиынтығынан тұрады. Өзінің реттеу пәні мен әдістеріне қарай әкімшілік құқықтық нормалар құқық саласының негізін құрайтын құқықтық институттарды қалыптастырады.

Әкімшілік-құқықтық нормалар атқарушы биліктің қызметімен тығыз байланысты болып келеді. Сондықтан да, мұнда бағыныстылық пен үстемдік әрқашанда көрініс тауып отырады. Басқару саласындағы мұндай биліктік қатынастардың барлығы мемлекеттік күшке ие белгілі бір құралмен реттеліп отырады, ол – құқықтық нормалар. Мұндай қатынастарда мемлекет терабынан нақты бекітілген ережелер болмаса, жаппай заңсыздық пен әділетсіздік орын алар еді.

Норма белгілі бір шарттар (гипотеза) болған жағдайдағы қажетті жүріс-тұрыс ережелерін, үлгісін (диспозицияны) құрайды. Нормалар қоғамдық қатынастарды әртүрлі тәсілдермен, соның ішінде, мемлекеттік мәжбүрлеу арқылы да реттейді.

Әкімшілік-құқық нормаларының шынайы көрініс табуы олардың іс жүзінде жүзеге асырылуынан байқалады. Әкімшілік құқық нормаларын жүзеге асыру деп мемлекеттің еркін, оның субъектілері арқылы күнделікті өмірге енгізудің логикалық процесін айтамыз. Ол субъектілердің талаптарына сәйкес жүріс-тұрысынан көрініс табады. Теорияда норманы жүзеге асырудың бірнеше тәсілін көрсетеді: орындау, сақтау, пайдалану, қолдану. Осылардың ішінде, номаны қолдану ерекше орынға ие. Себебі, норманы қолдану тек белгілі бір мемлекеттік биліктік өкілеттігі бар тұлғаларға ғана тән.

Норманы қолдану дегеніміз құзыретті билік субъектісінің іс жүзіндегі норма негізінде заңды билігі бар жеке дара шешім қабылдауы. Әкімшілік-құқықтық нормаларды қолдану әкімшілік билік қызметінің маңызды құқықтық нысаны болып табылады.

Әкімшілік құқықтың нормалары әртүрлі критерийлерге байланысты бөлінеді:

1) мазмұнына қарай: материалдық және процессуалдық;

2) мақсатына карай: реттеуші және қорғаушы;

3) субъектілердің жүріс-тұрысына әсер етуіне қарай: міндеттеуші, тыйым салушы, уәкілеттік беруші, ұсыныс беруші, көтермелеуші;

4) норманың заңды күшінің таратылу негізіне байланысты: жалпыға міндетті және аппарат ішіндегі.

Материалдық нормалар атқарушы билік органдарының, ұйымдардың және жеке тұлғалардың әкімшілік-құқықтық мәртебесін бекітеді. Ал процессуалдық нормалар болып мемлекетпен бекітілген материалдық нормаларды жүзеге асыру барысында қолданылатын ұйымдастырушылық сипаттағы нормалар табылады.

Реттеуші нормаларға мемлекеттік басқару саласындағы қатынастарды реттеуге бағытталған және субъектілерге құқықтар мен міндеттер беретін нормалар жатады. Қорғаушы нормалар әкімшілік құқық бұзушылықтың салдарын, теріс қылықтың құрамын және олар үшін қолданатын жазалардың түрі мен көлемін бекітеді. Реттеуші нормалар қалыпты құқықтық қатынастарды реттейді, ал қорғаушы нормалар құқық бұзылған жағдайдағы қатынастарды реттейді.

Міндеттеуші нормалар нақты бір құқыққа сәйкес әрекеттер жасауға міндеттейді (мысалы, заңды тұлғалар құрылуда әділет органдарында тіркелу міндеті). Тыйым салушы нормалар осы нормада көрсетілген жағдайларда субъектілерге белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салады. Уәкілеттк беруші нормалар субъектілерге белгілі бір жағдайларда заңның шеңберінде өз қалауы бойынша әрекет етуіне мүмкіндік береді. Көтермелеуші нормалар субъектілерге белгілі бір жетістіктеріне байланысты артықшылықтар береді.

Жалпыға міндетті нормалар ҚР-ның барлық азматтарына орындауға міндетті болып табылатын нормалар. Олар Президенттің Жарлығында, кодекстерде, заңдарда көрініс табады. Ал аппарат ішіндегі норалар тек белгілі бір ұйым, орган, кәсіпорын ішінде ғана заңды күшке ие болады.

Әкімшілік құүқықтық қатынастар әкімшілік құқық нормаларымен реттелетін мемлекеттік атқарушы билік қызметі саласындағы басқаруға байланысты құқықтық қатынастар. Құқықтық қатынастардың бір түрі ретінде олардың барлығына тән ортақ белгілері бар. Алайда, әкімшілік-құқықтық қатынастар өздеріне тән ерекшелітерге ие, ол:

1)тараптардың құқықтары мен міндеттері мемлекеттік әкімшіліктің қызметімен байланысты;

2)бір тарап міндетті түрде жариялы билік субъектісі болып келеді;

3)бұл қатынастар көбіне бір тараптың бастамасымен жүзеге асырылады;

4)әкімшілік-құқықтық нормалар бұзылған жағдайда жауапкер мемлекет алдында жауап береді;

5)тараптар арасында болған даулар әкімшілік тәртіппен шешіледі (соңғы кезде сотта көп қаралады).

Әкімшілік-құқықтық қатынастар қызмет ету мақсатына қарай реттеуші және қорғаушы болып бөлінеді. Қатысушыларының құрамына қарай аппарат ішіндегі және аппараттан тыс қатынастар болады. Аппарат ішіндегі деп бір мемлекеттік органның бөлімшелері арасындағы немесе бір бөлімшенің ішіндегі қызметшілердің арасындағы қатынастарды айтамыз. Аппараттан тыс деп мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың жеке және заңды тұлғалармен, ұйымдармен арасындағы қатынастарын айтамыз.

Әкімшілік қатынастардың басым көпшілігі биліктік сипатта болып келеді, ал кейбір жағдайда ол биліктік сипатқа ие болмауы мүмкін.

Әкімшілік-құқықтық қатынастардың өздеріне тән құрылымдық элементтері бар. Ол: субъектілері – қатысушылары; объектісі – неге қатысты қатынастар пайда болуы; мазмұны – материалдық (субъектілердің жүріс-тұрысы) және заңды (субъектілердің заңды құқықтары мен міндеттері)жағы.

Заң әдебиеттерінде әкімшілік-құқықтық қатынастардың объектісіне қатысты әртүрлі пікірлер қалыптасқан. Біреулері, кез-келген құқықтық қатынас сияқты құқықтық қатынастың бірден-бір объектісі ретінде адамдардың әрекеттерін, жүріс-тұрыстарын таниды. Ал екіншілері, мүліктік (материалдық құндылықтар мен заттар) және мүліктік емес (адамдардың жүріс-тұрыстары мен әрекеттері) қатынастардың объектілері деп бөледі.

  1. Әкімшілік жауапкершілік

Әкімшілік жауапкершілік – заңды жауапкершіліктің ерекше бір түрі. Оған заңды жауапкершіліктің мынадай ортақ белгілері тән: әкімшілік жауапкершілік құқықтық нормалардың негізінде және соларды бұзған үшін туындайды; құзіретті мемлекеттік органның заңды актісімен бекітіледі және де мемлекеттік мәжбүрлеумен байланысты. Сондай-ақ, ол әкімшілік мәжбүрлеудің құрамдас бөлігі болып табылады және мәжбүрлеудің барлық сипаттарына ие. ҚР-ның ӘҚБК-нің 31-бабына сәйкес он алты жасқа толған, ақыл-есі дұрыс адам және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікте болуға тиіс. Әкімшілік жауапкершіліктің мынадай арнайы белгілері бар:

1)әкімшілік жауапкершіліктің негізі болып әкімшілік құқық бұзушылық (кейде теріс қылық) табылады;

2)ол әкімшілік жаза тағайындауға бағытталған;

3)Әкімшілік жауапкершілікке тартуды заңмен сондай өкілеттіктер берілген органдар жүзеге асырады. Олардың барлығы өз қызметі барысында әкімшілік жаза қолданатын функционалдық билік субъектілері болып табылады. Ол соттар мен басқа да атқарушы билік органдары.

4)әкімшілік жауапкершіліктің субъектілері ретінде жеке адамдар және ұжымдық құрылымдар да болуы мүмкін;

5)оны қолданудың қарапайымдылығы, яғни жедел және тиімді жүзеге асырылуында;

6)ол әкімшілік құқық нормаларымен реттелген. Заңда әкімшілік құқық бұзушылықтың нақты құрамы мен оған тағайындалатын жазалар, әкімшілік істерді жүргізетін уәкілетті органдар және іс жүргізу тәртібі нақты көрсетілген. Бұл әкімшілік жауапкершіліктің нормативтік негізін құрайды.

Әкімшілік жауапкершіліктің белгілерін талдай келе, оның мынадай үш негіздерінкөрсетуге болады:

-нормативтік негізі (оны реттейтін нормалар жүйесі);

-фактілік негізі (әкімшілік санкциялармен қорғалатын құқықтық ережелерді бұзатын нақты субъектілердің әрекет немесе әрекетсіздігі;)

-процессуалдық негізі (нақты әкімшілік құқық бұзушылық үшін қолданылатын нақты жазаны көздейтін құзіретті субъектілердің актісі).

Әкімшілік жауапкершіліктің туындауы үшін осы аталған негіздер болуы тиіс. Олар мынадай тәртіпте туындайды, алдымен, құқық бұзушылық үшін міндеттер мен санкциялар бекітілген құқықтық нормалар болуы керек. Сонан соң ғана әкімшілік жауапкершіліктің нақты негізі пайда болуы мүмкін, яғни құқыққа қайшы әрекет немесе әрекетсіздік.

Әкімшілік жауапкершіліктің нормативтік негізі болып қолданыстағы құқықтық нормалар жүйесі табылады. Ол мыналарды бекітеді:

1)әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамын (жауапкершіліктің негізін);

2)әкімшілік жазалардың жүйесін және оларды тағайындау қағидаларын;

3)әкімшілік жаза қолдануға құзіретті субъектіледің шегін;

4)жауапкершілікке тартудың процедурасын, яғни процессуалдық нысанын.

Әкімшілік жауапкершіліктің негізін 2001 жылғы 30-қаңтарда қабылданған ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (ӘҚБК) құрайды.

Бұл Кодекстің негізгі қайнар көз болып табылуының себептері:

1)ол әкімшілік жауапкершілікті көздейтін ең ірі кодификацияланған акт;

2)ол әкімшілік жауапкершілікті жалпылама түрде реттейді;

3)осы Кодестің 1-бабының 1-тармағында әкімшілік жауапкершілікке қатысты оның ерекше орнын байқаса болады. Ол жерде “Әкімшілік жауапкершілікті көздейтін өзге заңдар осы Кодекске олар енгізілгеннен кейін ғана қолданылуға тиіс.

Егер оны жасаған тұлға оны қажетті қорғану, қол сұғушылық жасаған тұлғаны ұстау, аса қажеттілік, негізді тәуекел, күштеп немесе санаға әсер етіп мәжбүрлеу, бұйрықты немесе өкімді орындау үстінде істесе әкімшілік жауапкершілік болмауы мүмкін.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР ӘҚБК-нің 28-бабында былай делінген: “Жеке тұлғаның осы Кодекс бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген құқыққа қарсы, кінәлі (қасақана немесе абайсызда жасалған) іс-әрекеті не әрекетсіздігі, немесе заңды тұлғаның құқыққа қарсы іс-әрекеті не әрекетсіздігі әкімшілік құқық бұзушылық деп танылады”.

Құқық бұзушылық жасауда кінәнің екі түрін атап өтуге болады: қасақаналық және абайсыздық. Қасақаналық тікелей және жанама түрде жасалады. Абайсыздық немқұрайдылықпен және менмендікпен жасалады.

Егер әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жеке тұлға өзінің іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) құқыққа қарсы сипатын сезінсе, оның залалды салдарын алдын ала білсе және осы салдардың туындауын қаласа немесе оған саналы түрде жол берсе не оларға немқұрайды қараса, әкімшілік құқық бұзушылық қасақана жасалған деп танылады.

Егер әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жеке тұлға өзінің іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) зиянды салдарының туындау мүмкіндігін алдын ала білсе, бірақ жеткіліксіз негізсіз оның алдын алуға болады депұшқары ойласа, не тиісті назар салған және ескерген жағдайда оның алдын алуға болса да осындай салдардың туындау мүмкіндігін алдын ала білмесе, әкімшілік құқық бұзушылық абайсызда жасалды деп танылады (ӘҚБК 29-30 баптары).

Жеке адамға әкімшілік жаза қолдану заңды тұлғаны осы құқық бұзушылық үшін жауаптылықтан босатпайды, сол сияқты, заңды тұлғаның әкімшілік жауаптылыққа тартылуы да кінәлі жеке адамды осы құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылықтан босатпайды.

Әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы деп қоғамға қайшы әрекет әкімшілік жауапкершілік тудыратын құқықтық нормалармен бекітілген белгілердің жиынтығы. Әрекет немесе әрекетсіздік құрамының барлық белгілері болған жағдайда ғана құқық бұзушылық болып табылады. Бұл белгілер: объект, объективтік жақ, субъект, субъективтік жақ.

Жалпылаудың деңгейіне қарай құқық бұзушылық объектісінің мынадай түрлерін ажыратады: жалпы, тектік, түрлік және тікелей объектілер. Әкімшілік құқық бұзушылықтың объектісі дегеніміз түрлі құқық салаларымен реттелетін әкімшілік жауапкершілік шараларымен қорғалатын қоғамдық қатынастар Құқық бұзушылықтың объективтік жағы сыртқы көрінісін сипаттайды, яғни әрекет немесе әрекетсіздік. Объективтік жағы арқылы құқық бұзушылықтың жасалу тәсілі, сиапты, орны, уақыты, салдары және пайдаланған құралдары анықталады.

Құқық бұзушылықтың субъектісі болып оны жасаған тұлға, яғни, әкімшілік деликт қабілеттілікке ие, ҚР-ғы заңдарға сәйкес құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартыла алатын тұлғалар танылады.

Субъективтік жақ – бұл субъектінің өзі жасаған құқыққа қайшы әрекетіне немесе әрекетсіздігіне және олардың мүмкін салдарына психикалық қатынасы.

ӘҚБК-тің 7-бабының 1-тармағына сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдардың міндеттері – адамның және азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, халықтың денсаулығын, санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын, қоршаған ортаны, мемлекеттік билікті жүзеге асырудың белгіленген тәртібін және тағы да басқа заңмен қорғалатын құқықтар мен мүдделерді әкімшілік құқық бұзушылықтан қорғау, сондай-ақ олардың жасалуының алдын алу.

Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдар әкімшілік жауаптылықтың негіздері мен қағидаларын белгілейді.

Бұл қағидалар бұзылған жағдайда, оның сипаты мен мәніне қарай іс бойынша жүргізілген жарамсыз деп тануға, осы іске қатысты шешімдердің күшін жоюға не бұл орайда жиналған материалдардың дәлелдік күшін жоқ деп тануға әкеліп соғады.

Әкімшілік жаза..

Әкімшілік жауаптылықта болуға тиісті тұлғаларға мыналар жатады:              заңды тұлға. Бұлардан басқа лауазымды адам қызметтік міндеттерін орындамауына немесе тиісті дәрежеде орындамауына байланысты әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жағдайда әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін.

Тәртіпсіздікке барғандарға әкімшілік жаза  қолданылады және ол жаза мемлекеттің мәжбүрлеу шаралары болып табылады.

  • әкімшілік жазалардың түрлеріне:
  • ескерту жасау;
  • әкімшілік айыппұл салу;
  • әкімшілік құқық бұзушылықты жасау құралы немесе оның тікелей объектісі болған заттың өтемін төлеп алып қою;
  • әкімшілік құқық бұзушылықты жасау құралы немесе оның тікелей объектісі  болған, әкімшілік құқық бұзушылық салдарынан алынған кірістерді, ақшаны және бағалы қағаздарды тәркілеу;
  • арнаулы құқықтан айыру;
  • лицнзиядан, анаулы рұқсаттан,біліктілік аттестатынан (куәліктен) айыру немесе қызметтің белгілі бір түріне берілген не белгілі бір іс- әрекеттер жасауға оның қолданылуын тоқтата тұру;
  • жеке кәсіпкердің қызметін тоқтата тұру немесе оған тыйым салу;
  • өз бетімен салынып жатқан немесе салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзып тастау;
  • әкімшілік қамауға алу
  • шетелдік немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен кетіру  жатады.

Бұл жазалардың ең көп қолданылатын түрі әкімшілік айыппұл. Ол  мөлшері айлық есептік көрсеткіштің белгілі бір мөлшеріне сай келетін дәрежеде салынатын ақшалай жаза. Жеке адамға салынатын айыппұлдың мөлшері айлық есептік көрсеткіштің оннан бір бөлігінен, лауазымды адамға салынатын айппұл- бес айлық көрсеткіштен, ал заңды тұлғаға салынатын айыппұл-жиырма айлық есептік көрсеткіштен кем  болмайды.

Әкімшілік қамауға алу- он бес тәулікке, ал төтенше жағдай режимі талаптарын бұзғаны үшін отыз тәулікке дейінгі мерзімге белгіленеді. Әкімшілік қамауға алуды судья қолданады және т.б.

Әкімшілік жауапкершіліктің жекелеген түрлері мен негіздері Кодекстің ерекше бөлімінде көрсетілген (меншікке қарсы, кәсіпкерлік, салық, қоршаған ортаны қорғау, еңьек, транспорт, қоғамдық тәртіп, шекара т.с.с.).

Добавить комментарий

Your email address will not be published.