Қозғалыс – өмір негізі

Материяның бұл өмір сүру тәсілі. Қозғалыссыз өмір жоқ. Ластанған су қозғалыста болса, тазарады. Ауада қанша басқа қосынды газдар арқылы не тымырсық болып, бұзылса да, сол қозғалыс арқылы тазаланады, синергетика заңы арқылы. Адамзат қозғалыссыз өмір жоқ екенін ерте замандардан байқап, түсінген. Егіншілер қырманды дөңге салған, астық арасындағы шөп-шалаңды жел айдап ұшырсын деп.

Антик философы Гераклит сол қозғалыс жайлы пікірін айтқан. Ол әлемде «бәрі ағыста, бәрі өзгерісте» деп. Өмір қарама-қарсылықтан тұрады, «теңіз суы – әрі ащы, әрі тұщы. Балықтарға қолайлы, адамдарға қатерлі» деген болатын. Бірақ, қозғалыс қайдан пайда болады, оны ол айта алған жоқ. Ағылшын философы Бенедик Спиноза (1632-1677 жж.) адамды табиғаттың бір бөлігі деп қарады. Француз философы П. Гольбах (1723-1789 жж.) адамды табиғатпен байланыстырады. «Материяның бар екені – факт. Қозғалыстың барлығы ол да сондай – факт». «Материя мен қозғалыс мәңгі» дейді П. Гольбах «Табиғат жүйесі» – деген кітабында.

Француз философы Ж.О. Ламетри (1709-1751 жж.) «Адам – машина». «Адам – өсімдік» деген кітаптар жазды. Мұның бәрі адамды жансыз техникамен теңеру арқылы олардың арақатынасын байқауға жатады. Бұл қате болса да, ізденіс нәтижесі. XVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген ағылшын, француз материалистері қозғалысты материя қасиеті десе де, оны олар тек механикалық тұрғыда түсінді. Тіпті Дени Дидро (1713-1784 жж.) қозғалыс қимылдап тұрған заттарда да, қозғалмай тұрған заттарда да бар. Заттың қозғалмай тұрғаны, оған бір нәрсе кедергі келтіріп тұр. Егер сол кедергіні алып тастасаң, ол қозғалып кетеді деген. Өйткені қозғалыс материяның ішкі импульсі деген болатын. Десе де ол да қозғалысты механикалық тұрғыда түсінді. Механицистер қозғалыс бір дененің бір денеге сыртқы әсері нәтижесі деп түсінді. XIII ғасырда өмір сүрген діншіл философ Фома Аквинский (1225-1274 жж.) қозғалысты өмірге ендірген, жаратқан Құдай деген болатын.

Тек идеалистік философ Г. Гегель (1770-1831 жж.) қозғалыс қарама-қарсылықтың бірлік және күрес нәтижесі деген болатын. Ғылым ол пікірді қабылдады. Дәл осыған жақын пікір жаңағы айтқан Гераклитте де кездеседі дедік. Қарама-қарсылық жөнінде пікір И. Кантта да (1724-1804 жж.) бар. Мәселен оның «Практикалық ақылға сын» – деген еңбегінде. И. Фихте де (1762-1814 жж.) сол пікір кездеседі. Әрине, қозғалыс ішкі энергияға байланысты. Ал энергия (күш) шексіз емес! Термодинамика заңы бойынша ол да таусылады. Термодинамиканың бірінші заңы бойынша жабық жүйеде зат та, энергия да жойылмайды, сақталады. Ол заңды М.В. Ломоносов (1711-1765 жж.) өзінің 1747 жылы Л. Эйлерге (1707-1783 жж.) жазған хатында айтқан болатын. Бірақ, термодинамиканың екінші заңы бар. Ол заң бойынша дүниеде де барлық зат тозып, түсі оңады, үлбіреп жойылады. Энергияда бәріне күш беріп тұрған таусылады, тіршілік тоқтайды, өмір сөнеді. Бірақ, бұл тіршілік атаулының бәрі жойылады деген сөз емес. Әлемде өмір басқа жерде, басқа уақытта, басқа түрде жалғаса бермек. Қазірдің өзінде Жерден тыс әлемде тіршілік, өркениет бар деген болжам айтылады. Мақсат сол дүниемен байланыс жасау деген қорытындыға ғылым келіп отыр. Мәңгілік – дегеніміз осы. Сөйтіп, қозғалыс барлығын дін де, ғылым да мойындайды. Бірақ, оны олар әрқайсысы өзінше түсіндіреді. Философтардың қозғалыс жөніндегі пікірі өзгеріп отырады. Р. Декарт материяда сезімталдық бар деген болса, Н. Ламетри онда сезімдік пен түйсік бар деді. Бірақ ол тек дамыған денелерге тән екенін басып айтты.

Ал енді тағы бір ой. Ол – мынау. Біз қашанда «себеп», «салдарды» ғылымға ендірген Француз философы Рене Декарт (1596-1650 жж.) дейміз. Ол солай да, әрине. Бірақ, себеп пен салдар түсінігі қазақ ауыз әдебиетінде қай заманнан келе жатыр? Бір ғана мысал. Қазақта балаларға арналған «Кім күшті» – деген әңгіме бар. Ол былай басталады. Әлемге жарық, жылу, тіршілік беретін – «Күн» екені белгілі. Әңгіме «Күн, сен неден күштісің?» – деген сөзбен басталады.

«Күн» оған: «Мен күшті болсам, бұлт бетімді жабар ма еді», дейді. «Бұлт, сен неден күшті болдың?» – дегенге, Бұлт: «Мен күшті болсам, «Жерге сіңер ме едім» дейді. «Жер сен неден күштісің?» дегенге, «Мен күшті болсам, көк шөп мені тесіп шығар ма еді?» дейді. «Көк, сен неден күштісің?» дегенге: «Мен күшті болсам, қозы мені жұлып жер ме еді» дейді. Сонда: «Қозы, сен неден күштісің?» деген сұрауға: «Мен күшті болсам, менің құлағыма құмырысқа үймелер ме еді». Ақырында: «Құмырысқа, сен неден күштісің?» деген сұрауға ол: «Мен арқама алты батпан, желкеме жеті батпан жүк артамын. Содан күштімін» деп жауап қайтарады. Шынында да құмырысқа өзінен бірнеше ауыр затты қозғап, көтереді, дейді әлгі әңгіме. Мәнісі жас балаларды әрнәрсенің себеп-салдары бар болатынын аңғарту. Міне осының бәрі дүниеде жалғасып кете береді.

Ғылым қашанда осындай себеп-салдардан туындап, дамиды. Ғылым негізі себептілік екені – ол ғалымдардың ашқаны. Сонымен, себеп пен салдар ол да қозғалысқа байланысты. Егер XVIII ғасырда өмір сүрген Ю. М. Давид (1711-1776 жж.) басқа да субъективтік идеалистер себеп пен салдар объективті өмірде жоқ, ол тек сана туындысы деген болса, ерте заманғы қазақ ойшылдары оларды объективтік шындықпен, табиғат құбылыстарымен байланыстырған. Олай болса көшпелілер табиғатқа жақын болғандығын байқатады. Сол қозғалыс арқылы олар әлемді биледі, мәдениетін таратты.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.