Қоғамдық өндіріс, оның қазіргі экономикалық жүйедегі орны мен рөлі

Экономикалық теория қоғамдық ғылым ретінде шектеулі ресурстар мен мүмкіндіктер жағдайында мынадай сұрақтарға жауап беруі тиіс:

  1. Не өндіру керек? – қандай тауарлар мен қызметтер өндірілуі тиіс?
  2. Қалай өндіру керек? – қандай ресурстарды және технологияны пайдалану арқылы өндірілуі тиіс?
  3. Кім үшін өндіру керек? – шығарылған тауар немесе қызмет кімге арналады, олар қалай бөлінеді, оларды кімдер сатып алады?

Қоғамның қажеттіліктерін барынша толық қанағаттандыру мәселесін шеше отырып, экономикалық теория экономикалық таңдау мәселесімен соқтығысады, яғни осы жерде экономикалық теория 2 аксиомаға сүйенеді:

  1. АДАМДАРДЫҢ ШЕКСІЗ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ;
  2. РЕСУРСТАРДЫҢ ШЕКТЕУЛІЛІГІ.

Өндіріс адам өмірінің және қоғамның негізі болып табылады. Өндіріс адамның табиғатқа деген ықпал ету үдерісін білдіреді. Өндірістің түпкі нәтижесі болып табылатын қоғамдық өнім және оның қозғалысы негізгі 4 сатыдан өтеді:

  • өндіру – пайдалы өнімдерді, материалдық және рухани игіліктерді жасау үдерісі.
  • бөлу – өндірілген өнімде әрбір адамның үлесін анықтау.
  • айырбастау – бір өнімді басқа бір өнімге айырбастау үдерісі.
  • тұтыну – жасалған игілікті қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін қолдану.

Қоғамдық өндіріс екіге бөлінеді:

  1. Материалдық өндіріс, бұған өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, материалдық-техникалық жабдықтау, қоғамдық тамақтандыру, құрылыс, су шаруашылығы және басқалары жатады.
  2. Материалдық емес өндіріс, бұған денсаулық сақтау, білім беру, көлік, байланыс, мәдениет, несие мекемелері, қоғамдық ұйымдар, басқару органдары және басқалары жатады.

Сонымен, өндіріс – бұл қоғамдық сипатқа ие бола отырып адамзат баласының өмір сүруі үшін қажетті материалдық және материалдық емес игіліктерді өндіру үдерісі.

Қоғамдық өндіріс үнемі үздіксіз жаңартылып отырады, ол үдерісті ұдайы өндіріс деп атайды. «Ұдайы өндіріс» терминін экономикалық ғылымда алғаш рет физиократ Ф. Кенэ өзінің «Экономикалық кесте» (1758 ж.) еңбегінде қолданған болатын. Ол жасалатын өнімнің қозғалысы меншіктенушілер, өндіруші-шаруалар және барлық қалған топтар сияқты қоғамның үш табы арасында орын алады деп қарастырады.

Ұдайы өндірістің тұрпаттарын келесідей негізгі өлшемдері бойынша бөліп көрсетуге болады:

  • алынған табысты қолданудың сипатына байланысты;
  • өндіріс факторларын қолданудың саны мен сапасына бай- ланысты.

Бірінші өлшемі бойынша қоғамдық ұдайы өндірістің жай, тарылған және ұлғаймалы деген тұрпаттарын көрсетуге болады.

Жай ұдайы өндіріс – бұл өндірістің жыл сайын бұрынғы, өзгеріссіз ауқымын қайталап отыру. Бұл қоғамның барлық өндірілген өнімді  тұтынуға  жұмсайды, ал  өндірістің  өзі  бұрынғы көлеммен және шамамен жаңартылып отырады дегенді білдіреді. Жай ұдайы өндіріс қоғам дамуының артта қалуымен, жабық жүйе бойынша ғылыми-техникалық ілгерілеудің төмен қарқынымен және техника- ның дамуының төменгі деңгейімен түсіндіріледі. Ұдайы өндірістің осындай типі Азияның, Латын Америкасының бірқатар елдерінде және көптеген африкандық елдерде байқалады.

Тарылған ұдайы өндіріс – бұл өндірістің қысқартылған, төмендетілген мөлшеріндегі үдерісін жаңартып отыру. Ұдайы өндірістің осындай типі ұзаққа созылған терең әлеуметтік- экономикалық дағдарысты басынан кешкен елдерге тән.

Ұлғаймалы ұдайы өндіріс – бұл өндіріс үдерісінің жыл сайын кеңейтілген ауқымында жаңарып отыруы. Ұлғаймалы ұдайы өндірістің дамуы қоғамның капитализмге өтуімен байланысты орын алды, яғни мұндағы негізгі мақсат болып пайда табу табылады. Мұнда алынған табыс тауар өндірушілердің тек жеке тұтынуларына ғана емес, сонымен қатар, оның бір бөлігі қосымша өндірістік ресурстарды сатып алуға да жұмсалып отырады. Өндіріске қосымша ресурстарды тарту есебінен ғана келесі өндірістің деңгейі кеңейтілген өлшемінде жаңартыла алады. Ұлғаймалы ұдайы өндіріс өндірістің әрбір жаңа ұдайы өндірушілік кезеңінде аса жоғары (алғашқыларымен салыстырғанда) деңгейде жаңарып отыруын білдіреді. Осыған байланысты, нәтижесінде адамдардың тұтынудың аса жоғары дәрежесіне өтуі және қоғамның әл-ауқатының өсуі қамтамасыз етіледі.

Екінші өлшеміне сәйкес, экономикалық теорияда ұдайы өндірістің экстенсивті, интенсивті және аралас типтері орын алады.

Экстенсивті ұдайы өндіріс – бұл бұрынғы технологиялық негізін өзгертпей қосымша ресурстарды тарту есебінен өндіріс ауқымын кеңейту үдерісі. Экстенсивтендірудің бірнеше түрлерін бөліп көрсетуге болады: жұмысшылар санын арттыру, жұмыс күнін создыру, инвестициялар мен капитал салымдары көлемін өсіру, жаңа жер телімдерін игеру, шикізат өндіруді арттыру және т.б. Ұдайы өндірістің таза экстенсивті типінің болашағы болмайды, себебі ол ресурстардың шектеулілігі мәселесімен соқтығысады. Сәйкесінше, осындай ұдайы өндіріс өздігінше экономикалық үлгі болып табылады және экстенсивті ұдайы өндірістің классикалық түрі орын алмайды. Интенсивті ұдайы өндіріс – техника мен технологияны сапалы түрде жақсарту есебінен өндіріс көлемін ұлғайту үдерісі. Ұдайы өндірістің мұндай типі үшін мынадай жолдар тән: техниканы жаңарту, барлық ресурстарды аса тиімді қолдану, материалдық ресурстарды үнемдеу,  жұмыскер кадрлардың біліктілігін көтеру,  еңбек  тәртібін нығайту, басқаруды жетілдіру, ғылым мен инфрақұрылымды дамыту, т.б.

Тәжірибе жүзінде таза күйінде интенсивті ұдайы және экстенсивті ұдайы өндірістер орын алмайды. Олар бір-бірімен өзара байланыста болады және бір-бірін толықтырып отырады, олай болса, нақты шаруашылықта аралас ұдайы өндірістің типі орын алады.

Аралас ұдайы өндіріс – бұл бір уақытта экономикалық ресурстардың санын арттыру және техника мен технологияны жетілдіру есебінен өндіріс ауқымын кеңейту үдерісі.

2.2.    Негізгі экономикалық түсініктер: қажеттіліктер, ресурстар, игіліктер. Маслоу пирамидасы

Экономикалық ғылымның жоғарыда аталған негізгі үш мәселесіне жауап бере алатын басты ұғымдар орын алады. Бұл ұғымдар экономикалық теорияның базалық түсініктері болып табылады, яғни олар:

  1. Қажеттіліктер;
  2. Ресурстар;
  3. Игіліктер.

Енді осыларға кеңірек тоқтауымыз қажет.

Кез келген экономикалық мәселелер қажеттіліктерді зерттеуден басталады. Экономикалық ғылымның бастамасы ең алдымен, экономикалық қажеттіліктер және олардың қанағаттандырылу тәсілдері болып табылады.

Қажеттіліктер – бұл экономиканың субъектілеріне белгілі бір экономикалық қызметті атқаруға итермелейтін ішкі ниеттер мен ынта-жігерлер немесе басқаша сөзбен айтқанда, адамның өмір сүруін қамтамасыз етуге және жеке бір индивидтің, фирманың және тұтастай қоғамның дамуына қажетті заттар мен нәрселерге деген жетіспеушіліктен туындайтын мұқтаждықтар.

Қажеттіліктер қанағаттандыруды талап етеді, өмір сүруді және организмді дамытуды қамтамасыз етеді, адамның жеке басын дамытуды қалайды. Адамдардың қажеттіліктері алуан түрлі болып табылады. Американдық ғалым, әрі социолог Абрахам Маслоу өзінің «қажеттіліктер пирамидасы» үлгісінде қажеттіліктерді кеңінен зерттейді. Бұл үлгіге сәйкес, «төменгі сатыдағы» материалдық қажеттіліктерден бастап, «жоғарғы сатыдағы» рухани қажеттіліктер төмендегідей орналасады:

 

  1. Физиологиялық қажеттіліктер: тамақ, су, киім-кешек, баспана, ұрпақты өмірге әкелу, т.б.
  2. Қауіпсіздікке деген қажеттіліктер: аурудан сақтану, дау- жанжалдан, қорқыныш-үрейден сақтану, т.б.
  3. Әлеуметтік қажеттіліктер: сүйіспеншілік, махаббат, достық, кейбір топтардың мүшесі болу, өзара мүдделі адамдардың қарым- қатынасы, т.б.
  4. Өзін-өзі сыйлау мен қадірлеуге деген қажеттіліктер: мақсатқа жету, өзін таныту, басқа адамдардың сый-құрмет көрсетуі, қоғамда өз орнын табу, т.б.
  5. Өзін-өзі мадақтауға деген қажеттіліктер: өз қабілеттіліктерін іске асыру, өз мүмкіндіктерін дамыту және оларды белсенді түрде қолдану, өзара түсіністік, т.б.

Қажеттіліктерін осындай жіктемесін олардың басқаша түрлерімен: материалдық және рухани қажеттіліктер, рационалды және иррационалды қажеттіліктер, абсолюттік және ақиқат қажеттіліктер, нақты, жете түсінілген, жете түсінілмеген, қате түсінілген және басқа да қажеттіліктермен толықтыруға болады.

Саналы түрде жете түсінілген қажеттіліктер еңбекке деген ынта- жігерді тудырады. Мұндай жағдайда қажеттіліктер өзінің нақты нысанына ие болады.

Қоғамның кез келген қажеттілігі игіліктер арқылы қанағат- тандырылуы тиіс.

Игіліктер – бұл қажеттіліктерді қанағаттандыратын құралдар; өндірушілер мен тұтынушылардың экономикалық қызметінің объектісі. Олар шексіз (мысалы, ауа, күннің нұры, жел энергиясы) және шектеулі көлемде болып келеді. Шектеулі көлемдегі игіліктерді экономикалық игіліктер деп атайды. Яғни, экономикалық игіліктер – экономика- лық қажеттіліктерді қанағаттандыра алу қасиетіне ие материалдық және материалдық емес заттар мен қызметтер. Ал экономикалық игіліктердің ерекше түріне тауар немесе қызмет көрсету жатады. Тауар немесе қызмет көрсету – нарықтық экономикалық жүйеде сатылатын және сатып алынатын материалдық және материалдық емес экономикалық игіліктер. Адамдардың экономикалық қажеттіліктері көбінесе игіліктерді өндіру мүмкіндігінен асып кетіп отырады. Сондықтан да, жетпеген тұтынушылық игілікті өндіру үшін жанама экономикалық игілік – ресурстар қажет.

Ресурстар – бұл қандай да бір экономикалық қажеттілікті қанағаттандыруы тиіс экономикалық игіліктерді (тауарлар    мен

 

қызметтерді) өндіруде қолданылатын ресурстардың барлық түрлері немесе басқа игіліктерді өндіруде қолданылатын игіліктер. Сондықтан оларды өндіріс факторлары деп атайды. Қазіргі уақытта, олардың негізгі түрлеріне еңбек, капитал, жер, кәсіпкерлік қабілет және ақпарат жатады.

Экономикалық теорияда өндіріс факторларын талдаудың маңызы өте зор. Осыған сәйкес, өндіріс факторларына деген екі ғылыми көзқарас қалыптасқан: олар – маркстік және маржиналистік.

  1. Маркстік тұжырымдама өндірістің үш факторын бөліп көрсетеді:

1) адамның еңбегі; 2) еңбек заттары; 3) еңбек құралдары. Адамдардың еңбек үдерісінде өңдеуге түсетін табиғат заттарын еңбек заттары деп атайды. Олардың екі түрі орын алады, біріншіден, табиғаттың тікелей берген заттары (балық, мұнай, газ, т.б.), екіншіден, өңдеуге түскен еңбек заттары (шикізат). Еңбек құралдары деп адамдардың солардың көмегімен еңбек затына ықпалын білдіретін құралдарын айтады. Еңбек құралдарына машиналар, станоктар, жабдықтар, құрал- саймандар, өндірістік ғимараттар, жолдар және басқалары жатады. Еңбек заттары мен еңбек құралдары бірігіп жиынтығында өндіріс құрал-жабдықтарын құрайды. Ал өндіріс құрал-жабдықтарын және өндірістік тәжірибесі бар, еңбек құралдарын іс-әрекетке икемдеп қосатын адамдарды қоғамның өндіргіш күштері деп атайды.

  1. Маржинализм тұжырымдамасы бойынша, өндіріс факторлары төртке бөлінеді: 1) еңбек; 2) капитал; 3) жер; 4) кәсіпкерлік қабілет.

Еңбек – бұл өндіріске тартылатын жұмыс күшінің жиынтығы ретінде қарастырылатын адамның интеллектуалдық және физикалық іс-әрекетінің жиынтығы.

Капитал – өндіріс құрал-жабдықтарының жиынтық кешенінің материалдық формасы ретінде саналатын машиналар, құрал- саймандар, қоймалар, көлік және байланыс құралдары, т.б.

Жер – бұл табиғи байлықтар, жердің қыртысы, пайдалы қазбалар, орман және су ресурстары, жыртуға жарамды жерлер түрінде қарастырылатын табиғи ресурстардың жиынтығы.

Кәсіпкерлік қабілет – өндірісті ұйымдастыру және оған бақылау жасау бойынша шешуші әрекет ретінде қарастырылатын ерекше фактор.

Қазіргі кездері осы аталған өндіріс факторларының қатарына менеджмент пен ақпарат ресурстарын қосады. Менеджмент – бұл идеялар, модельдер, инновациялық өнім үлгілері, технологиялар, ұйымдастыру  нысанында көрінетін  ерекше  ресурс. Ақпарат технологиялық жаңарудың қозғаушы күші, өндіріске жаңа идеяларды және жобаларды енгізудің көзі ретінде қарастырылады.

Сонымен қатар, қазіргі экономистер өндіріс факторларына сәйкесінше, экологиялық факторды және уақытты жатқызады. Экологиялық фактор бұл жерде экономикалық өсудің импульсі ретінде қоршаған ортаның ластануымен байланысты өндіріс мүмкіндігінің шектеулілігін түсіндіреді. Уақыт факторы да өндірісте қолданылатын және оның тиімді жұмсалуын көрсететін шектеулі ерекше ресурс ретінде көрінеді.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.