Нарықтың мәні, негізгі элементтері

Жалпы нарық немесе рынок деген ұғымды классикалық саяси экономия бағытының негізгі өкілі Адам Смиттің (1723-1790 жж.) «көрінбейтін қол» қағидасымен байланыстыруға болады. Оның айтуынша, «көрінбейтін қол» – бұл сатушылар мен сатып алушылардың өзара әрекеттерін тиімділікке жетелейтін автоматты өзін-өзі реттеу механизмі, өндірушілердің пайдасын арттыруға және тұтынушылардың пайдалылығын максималдауға итермелейтін күш және мәжбүрлейтін бәсекелік күрес. Сондықтан классикалық бағытқа сәйкес, нарық өзін өзі автоматты түрде реттейтін механизм деген тұжырым қалыптасқан. Нарық деген ұғымға бірнеше анықтама беруге болады.

Нарық (рынок) дегеніміз 1) тауарлар мен қызметтерді сату және сатып алумен байланысты барлық экономикалық қатынастар жиынтығы;

  • өзара айналым сферасын сипаттайтын тауар-ақша қатынастары;
  • сатушылар мен сатып алушылардың мүдделерін келістіріп отыратын сиқырлы құрал немесе тетік;
  • тауарлар мен қызметтер арқылы кез келген салада әрекетке түсетін экономикалық агенттердің кез келген жағдайда өзара үйлесім табуы;
  • сұраныс, ұсыныс және баға арқылы өзін өзі реттейтін механизм. Міне осы түсініктерге байланысты нарық жағдайында, сұраныс пен ұсыныстың бітпейтін өзара әрекеттестігі сипатталады.

Нарықтың пайда болу жағдайын ең алдымен мыналар анықтайды:

  • Қоғамдық еңбек бөлінісі.
  • Өндірушілердің дербестілігі және экономикалық таңдаудың еркіндігі.
  • Өндірушілердің жеке меншік шеңберіндегі экономикалық оқшаулануы.

Нарық құрылымының әртүрлі жіктелу өлшемдеріне байланысты түрлері орын алады:

  • Нарықтық қатынас объектілерінің экономикалық мүдделері бойынша:
    • тауарлар мен қызметтер (игіліктер) нарығы;
    • өндіріс факторларының нарығы, соның ішінде, еңбек нарығы, капитал нарығы және жер нарығы;
    • қаржы нарығы;
    • ақпарат нарығы.
  • Географиялық орналасуы бойынша:
    • жергілікті нарық;
    • аймақтық нарық;
    • ұлттық нарық;
    • дүниежүзілік нарық.
  • Бәсекенің шектелу деңгейі бойынша:
    • жетілген бәсеке нарығы;
    • монополиялық нарық;
    • олигополиялық нарық;
    • монополистік бәсеке нарығы.

 

  • Салалар бойынша:
    • автомобиль нарығы;
    • компьютер нарығы, т.б.
  • Сатылу сипаттамасы бойынша:
    • көтерме сауда нарығы;
    • бөлшек сауда нарығы;
    • фьючерстік сауда нарығы.
  • Заң нормаларына сәйкестігі бойынша:
    • ресми нарық;
    • ресми емес (көлеңкелі) нарық.

5.2.    Нарықтың атқаратын қызметтері мен принциптері

Нарықтың мазмұнын оның атқаратын қызметтерінен толық көруге болады. Нарықтың атқаратын негізгі қызметтері:

  • Нарықтың ақпараттық қызметі – нарықтың экономиканың қазіргі жағдайлары туралы маңызды мәліметтерді тарата алуы. Бұл жерде нарық арқылы өнім өндіруге кеткен шығындар, олардың бағаларының ауытқуы, сатылуы мен сатып алынуы сияқты ақпараттар үнемі ағылып отырады.
  • Нарықтың делдалдық қызметі – нарықтың тұтынушыға өзіне қолайлы сатушыны тауып беруіне және өндірушіге өзіне пайдалы сатып алушыны таңдай алуына мүмкіндік жасау қабілеті. Бұл жерде нарық арқылы сатып алушылар мен сатушылардың байланысы орнап екі жақты операциялар жасалынып отырады.
  • Нарықтың баға белгілеушілік қызметі – нарықтың тек қоғамға ғана қажетті шығындарды қабылдауды және төлеуді талап етуі. Бұл жерде нарық арқылы өнімдер мен қызметтерге баға белгілеу жүзеге асырылады. Баға сұраныс пен ұсыныстың әсерінен ауытқып отырады.
  • Нарықтың реттеушілік қызметі – нарықтың ақша қаражат- тарының тиімсіз саладан тиімді салаға көшуін қамтамасыз етіп болашағы бар салалардың дамуына жағдай жасауы. Бұл жерде нарық арқылы қоғамдық өндірісті реттеу не, қалай және кім үшін деген мәселелерді шешу жолымен жүзеге асырылады.
  • Нарықтың сауықтырушылық қызметі – нарықтың қоғамдық өндірісті бәсекеге төтеп бере алмайтын, әлсіз, икемсіз және қабілетсіз кәсіпкерлерден тазарта отырып бәсекеге жарамды аса белсенділер мен тапқырларға жол ашып отыруы.

Нарықтың осындай қызметтері арқылы жұмыс істеу механизмі басты үш принципке негізделеді:

 

  • Маржиналды (шекті) талдау принципі – нарық субъектілерінің, тұтынушылар мен өндірушілердің өздерінің шектеулі мүмкіндіктері тең болғанша дейін қосымша пайда алуға және қосымша пайдалылықты сезінуге әрдайым ұмтыла беруін сипаттайтын мінез-құлықтың қағидасы. Бұл жерде оларға орташа шамалар емес, шекті шамалар шешуші әсер етеді.
  • Баламалы (экономикалық) таңдау принципі – берілген шығындар деңгейінде қоғамның қажеттіліктерін максималды түрде қанағаттандыру мақсатының орындалуы кезінде бірдей баламалы нұсқалардың ішінен ең дұрысын және жақсысын таңдап алу. Бұл жерде нарық субъектілері тікелей шығындары мен жіберіп алған мүмкіндіктерін немесе алынбаған пайдаларын салыстырып отырады, яғни, осындай қағиданың орын алуы нарық субъектілерінің қолда бар мүмкіндіктерді тиімдірек пайдаланудың жолын іздеуге итермелейді.
  • Экономикалық ұтымдылық принципі – рационалды субъектінің өз алдына қойған мақсаттарын жүзеге асыру барысында берілген шығындар деңгейінде немесе ең аз шығынмен максималды нәтижелілікке жетуіндегі ұтымды шешім қабылдау әрекеті мен мінез- құлқы. Бұл жерде нарықтың әрбір субъектісі аса жоғары көрсеткішке жетуіне тырысады: тұтынушы өз қажеттіліктерін максималдауды, фирма өз пайдасын арттыруды, мемлекет халықтың әл-ауқатын көтеруді мақсат етеді.

Осы аталған принциптер негізінде нарық механизмі сұраныс пен ұсыныс сияқты қарама-қарсы күштерді және нарықтық бағаларды пайдалануға негізделген нарықтық тепе-теңдікті қалыптастыруға мүмкіндік береді.

  • Инфрақұрылым және нарықтық инфрақұрылым Инфрақұрылым – бұл қоғамдық өндірістің қалыпты жұмыс істеуі

үшін фирмалардың қызметіне және тұрғындардың өмір-тіршілігіне әсер ететін шаруашылық ұйымдарының және коммерциялық емес мекемелердің кешенді жүйесі.

Экономикада инфрақұрылымның мынадай түрлері қалыптасқан:

  1. Өндірістік инфрақұрылым – бұл өндірістік қызметтер мен халық шаруашылығындағы экономикалық айналымды қамтамасыз ететін салалар мен салаішілік салалардың жиынтығы. Өндірістік инфрақұрылымның құрамына өндіріске қызмет көрсететін көліктер- дің барлық түрлері, өндіріске қызмет көрсететін байланыс құралдары, материалдық-техникалық жабдықтау, тауарлар қозғалысының жүйесі, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау және өткізу, электр қуатының объектілері, т.б. кіреді. Инфрақұрылымның бұл түрі қоғамдық өндірістің тиімді жұмыс істеуі мен оны орналастыру үшін жалпы жағдайлар жасайды.
  1. Әлеуметтік инфрақұрылым – бұл халықтың дұрыс өмір сүруі үшін материалдық, мәдени-тұрмыстық, рухани жағдайларды қамтамасыз ететін салалардың және салаішілік салалардың жиын- тығы. Бұл әртүрлі қызмет көрсетулер мен рухани игіліктерді өндіру аясы. Әлеуметтік инфрақұрылымның құрамына мыналар жатқызылады: халыққа білім беру, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт, мәдениет пен өнер, бөлшек сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрмыстық қызмет көрсету, жолаушылар көлігі, халыққа қызмет көрсету орталықтары, т.б.
  2. Нарықтық инфрақұрылым – бұл ерекше нарықтар ретінде әрекет ететін және олардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін институттардың өзара байланысқан жиынтығы. Нарықтық инфрақұрылымның құрамына мыналар жатады: банктер, сақтандыру компаниялары, тауар және қор биржалары, еңбек биржалары, сауда үйлері, көтерме және бөлшек сауда кәсіпорындары, жәрмеңкелер мен көрмелер, аукциондар, делдалдық құрылымдар, сауда-өнеркәсіп палаталары, кедендік мекемелер, ақпарат орталықтары, жарнамалық агенттіктер, заң қызметтері, т.б.

Нарықтық тепе-теңдік

Сұраныс – төлем қабілеттілігі бар қажеттілік. Сұраныс тұтыну- шылардың белгілі бір уақытта берілген баға бойынша тауарлар мен қызметтердің берілген көлемін сатып алуға деген дайындығын көрсетеді.

Сұраныстың мәнін толық түсіну үшін төмендегідей ұғымдарды енгіземіз:

  1. Сұраныс заңы – игіліктің бағасы мен сол игілікті сатып алу көлемі арасындағы кері байланысты сипаттайтын нарықтық ұстаным. Игіліктің бағасы өскен сайын сатып алу көлемі азайып, тұтынушылардың сатып алушылық қабілеті төмендейді. Және керісінше, игіліктің бағасы төмендеген сайын сатып алу көлемі ұлғайып, тұтынушылардың сатып алушылық қабілеті артады.

 

  1. Сұраныс бағасы – тұтынушылардың берілген игіліктің көлемін сатып алу үшін төлеуге дайын және төлей алатын максималды бағасы. Тұтынушылар бұл жерде игілікті сатып алуда өздерінің мүмкіндіктерін толық көрсете алуы керек, яғни нарықта қолындағы қаражатын толық жұмсай алуы тиіс.
  2. Сұраныс көлемі – тұтынушылардың ағымдағы бағамен берілген уақыт бірлігінде сатып алғысы келетін игіліктерінің максималды саны. Нарық жағдайында тұтынушылар игіліктердің берілген жиынын тұтынады деген болжам жасалады.
  3. Сұраныс функциясы – сұранысқа әсер ететін әртүрлі факторлардың өзгеруінен сол сұраныс көлемінің өзгеру сипатын бейнелейтін тәуелділік. Әрине сұранысқа әсер ететін маңызды фактор баға болып табылады. Сонымен қатар, сұранысқа әсер ететін бағалық емес факторлар да бар: а) тұтынушылардың табысы; ә) алмастырушы және толықтырушы тауарлардың бағасы; б) тұтынушылардың талғамы; в) алдағы уақытты немесе болашақты күту; г) нарықтағы тұтынушылардың саны, т.б. Сұранысқа және сұраныс көлеміне әсер ететін барлық факторларды сұраныс детерминанттары деп те атайды. Сұраныс барлық осы факторлардың функциясы болып табылады:
    Сұраныс қисығы – сұраныс заңының графикалық көрінісі. Ол тұтынушылардың әртүрлі бағаларда сатып ала алатын игіліктерінің көлемін көрсетеді. Сұраныс қисығы теріс көлбеулі болып табылады.

    • -сурет. Сұраныс қисығы

 

Сұранысқа әсер ететін факторларға байланысты сұраныс қисығы өзгеріске ұшырайды. Баға факторы әсер еткенде сұраныс көлемі өзгеріп қисықтың бойында өзгеріс орын алады. Мысалы, игіліктің бағасы өскенде сұраныс көлемі қысқарады немесе баға төмендегенде сұраныс көлемі артады. Бірақ біз баға өзгергенде бағалық емес факторларды тұрақты деп болжаймыз. Ал бағадан тыс факторлар әсер еткенде сұраныстың өзі өзгеріп, қисық оңға немесе солға жылжиды. Мысалы, тұтынушылардың табысы өссе, онда сұраныс кеңейіп қисық оңға жылжиды немесе табыс қысқарса, онда сұраныс төмендеп қисық солға жылжиды. Бірақ біз бағалық емес факторлар өзгергенде бағалық факторды тұрақты деп болжаймыз. Осыларды төмендегі суреттерден көруге болады.

  • -сурет. Сұраныс қисығының өзгеруі

Сонымен, сұранысқа бағалық фактор әсер еткенде сұраныс көлемі, бағалық емес факторлар әсер еткенде сұраныстың өзі өзгереді. Сондықтан сұраныс көлемінің өзгеруі мен сұраныстың өзгеруін шатастырмау қажет.

Ұсыныс – сатушылардың белгілі бір уақытта игіліктердің берілген көлемін белгілі бір баға бойынша нарықта сатуға деген даярлығы немесе сата алу қабілеті.

Ұсыныстың мәнін толық түсіну үшін төмендегідей ұғымдарды енгіземіз:

  1. Ұсыныс заңы – игіліктің бағасы мен сол игілікті сату көлемі арасындағы тура байланысты сипаттайтын нарықтық ұстаным. Нарықта баға жоғары болғанда, сатушылар игіліктерді сату көлемін арттырады. Және керісінше, нарықта баға төмендегенде, сатушылар игіліктерді сату көлемін қысқартады.
  2. Ұсыныс бағасы – сатушының нарық жағдайында берілген игіліктің көлемін сатуға дайын минималды бағасы.
  3. Ұсыныс көлемі – нарықтағы барлық сатушылардың берілген уақыт мезетінде сатқысы келетін немесе сатуға дайын игіліктерінің жалпы саны.

 

  1. Ұсыныс функциясы – ұсынысқа әсер ететін әртүрлі фак- торлардың өзгеруінен сол ұсыныс көлемінің өзгеру сипатын бейнелейтін тәуелділік. Өндірушілердің берілген игіліктерді сатуға дайындығы ұсыныс детерминанттарымен сипатталады. Ұсыныс детерминанттары деп нарық жағдайында ұсынысқа немесе сатушылардың сату қабілетіне әсер ететін бағалық және бағалық емес факторларды айтамыз. Ол факторлар мыналар: а) сол тауардың берілген уақыт мезетіндегі бағасы; ә) өндіріс факторларының (ресурстардың) бағалары; б) өндірісте қолданылатын технологияның сипаты; в) болашақ бағаны және тапшылықты күту; г) салықтар мен субсидиялардың көлемі; ғ) сатушылардың саны; т.б. Ұсыныс көлемі барлық осы факторлардың функциясы болып табылады:

Qs = f (P, Pr, К, Т, N, В),

Ұсынысқа әсер ететін факторларға байланысты ұсыныс қисығы өзгеріске ұшырайды. Баға факторы әсер еткенде ұсыныс көлемі өзгеріп қисықтың бойында өзгеріс орын алады. Мысалы, игіліктің бағасы өскенде ұсыныс көлемі де өседі немесе баға төмендегенде ұсыныс көлемі қысқарады. Бірақ, біз баға өзгергенде бағалық емес факторларды тұрақты деп болжаймыз. Ал бағадан тыс факторлар әсер еткенде ұсыныстың өзі өзгеріп, қисық оңға немесе солға жылжиды. Мысалы, ресурстардың бағасы төмендесе, онда ұсыныс кеңейіп қисық оңға жылжиды немесе ресурстардың бағасы өссе, онда ұсыныс төмендеп қисық солға жылжиды. Бірақ біз бағалық емес факторлар өзгергенде бағалық факторды тұрақты деп болжаймыз. Осыларды төмендегі суреттерден көруге болады.

Сонымен, ұсынысқа бағалық фактор әсер еткенде ұсыныс көлемі, бағалық емес факторлар әсер еткенде ұсыныстың өзі өзгереді. Сондықтан ұсыныс көлемінің өзгеруі мен ұсыныстың өзгеруін шатастырмау қажет.

Сұраныс пен ұсыныс тарапынан сатып алушылар мен сатушылар- дың ортақ мүдделерінің келістірілуі нарықтық тепе-теңдіктің орнауына алып келеді.

Нарықтық тепе-теңдік – берілген баға бойынша игіліктерге деген сұраныс көлемі оның сол игіліктің ұсыныс көлеміне тең болған кезіндегі орын алатын нарықтың қалыптасқан жағдайы. Нарықтық тепе-теңдіктің қалыптасуы үшін тепе-теңдік баға және тепе-теңдік көлем қажет. Тепе-теңдік баға – сатып алушылар мен сатушылардың өзара әрекеттері нәтижесіндегі сұраныс бағасы мен ұсыныс бағасын теңестіретін ортақ баға. Тепе-теңдік көлем – сатып алушылар мен сатушылардың өзара әрекеттері нәтижесінде сұраныс көлемі мен ұсыныс көлемін теңестіретін ортақ сату және сатып алу көлемі.

5.5-сурет. Нарықтық тепе-теңдік нарықтық бағасы тепе-теңдік бағадан жоғары болса, онда тауарлардың артықшылығы орын алады. Ал егер P нарықтық бағасы тепе-теңдік бағадан төмен болса, онда тауарлардың тапшылығы орын алады.

Баға механизмі арқылы бұл екі құбылысты жоюға болады. Біріншіден, тауар артықшылығынан құтылу үшін сатушылар бағаны төмендетіп сату көлемін қысқартады, бағаның төмендеуі сатушылар үшін тиімсіз, ал сатып алушылар үшін тиімді. Олай болса, артық қалған тауарларды төмен бағамен тезірек сатып жіберу үшін сатушылар арасында бәсекелестік туындайды. Екіншіден, тауар тапшылығынан құтылу үшін сатушылар бағаны көтеріп сату көлемін ұлғайтады, бағаның көтерілуі сатушылар үшін тиімді, ал сатып алушылар үшін тиімсіз. Олай болса, тапшы тауарларды жоғары бағамен тезірек сатып алу мақсатында сатып алушылар арасында бәсекелестік туындайды.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.