Логикалық позитивизм – диалектикаға кереғар

Мұның бастауы позитивизм (positives – лат. оңды, дұрыс деген мағына). Ол XIX ғ. 30 жылдарында Францияда дүниеге келді. Бірақ, тұрақты орнықты білім бола алмады. Ұдайы тұрақсыз өзгеріске душар болды. Позитивистер пікірінше «Ғылым өзіне өзі философия». Өйткені философия объективтік дүниенің мәнін (сущность) емес, құбылысын (феноменін) зерттейді. Ол – бір. Екіншіден – позитивизм негізін салған Огюст Конт (1798–1857 жж.) ғылым мен білім бір деп есептеп, арасын талдап ажыратпады. Оның пікірінше барлық өмірден түйген, көрген, естігеннің бәрі білім, ал дәлелденген білім – ғылым. 1 Бірақ, бұл қате пікір болатын. Өйткені білімнің ғылым болуы үшін құбылыстардың ішкі заңдылығын ашу қажет. Тек соған сүйеніп өмір қозғалысын байқап, болашағын айтуға болады. Огюст Конт пайымдауынша барлық қабылданған білім дұрыс, сондықтан ол позитивизм ұғымын ұсынды. Қазіргі Логикалық позитивизм О. Конттың пікірінің жалғасы. Бірақ, идеалист философ Э. Гуссерель О. Контты сынап: «Позитивизм, так сказать, обезглавливает философию»2 (Позитивизм философияны, былайша айтса бассыз қалдырады) деп орынды айтқан болатын. Феодализмге қарсы күресте жаңа қоғам өкілдеріне жататын – буржуазия кезінде ғылымға, философияға сүйеніп, жеңіске жеткен болса, үкіметке келген соң, дүниенің, қоғамның ілгері дамуын керек етпей, капитализмді мәңгі қоғам деп есептеп, әлем ұдайы қозғалыста, дамуда болады деген дүниетанымдық ілім – философиядан бас тартып, ол еш пайдасы жоқ ілім, оның орнына әрбір жаратылыстану ғылымдарын ғана зерттеу жеткілікті. Олардың өздерінің философиясы бар, соны білсек болғаны деп, тұтас дүниетанымдық тарихтың әр дәуірінде өмір сүрген данышпандар жасаған ілімді ыдыратып, ұсақтатпақ үшін әрекеттенгенді. Одан соң олар философияны ғылымның тек бір бөлігі деп түсінді. Оның методологиялық рөлін мойындамады. Бірақ, объективтік дүние олардың мақсатына сай келе бере ме? Өмір бұл пікірлердің ғылымға қайшы екенін көрсетті. Буржуазия өкілдері, әрине бұрынғы философия орнын басқа идея, теориямен толтырмақ болып, әрекеттенді, бірақ толтыра алмады. Қаулап дүниеге келген жаңа ғылымдар өздеріне философиялық нақты көмек беруді күткен еді. Оған жауап беруге позитивизмнің шамасы жетпеді. Позитивизм мысын материалистік диалектика басты. Оған себеп, К. Маркс пен Ф. Энгельстің философиялық еңбектері еді. Содан олар жаңа жол іздеуге мәжбүрленді. Бұл олардың бірінші – эволюциясы еді.

Бұдан кейінгі позитивизм эволюциясы – неопозитивизм. Теориялық байламы эмпириокритикизм болды. Бұл гр. сөзінен алынған. Impeiria – тәжірибе, ал критицизм – сын. Бұл субъективтік идеализм. Өйткені бұлардың тәжірибе деп отырғаны объективтік дүние, жүргізілген әрекет емес, тек ой, қиял, неше түрлі фантазия. Ойға келген жын, шайтан ол да соған кіреді. Бұл теория негізін салған Эрнст Мах (1838– 1916 жж.), қолдаған Рихард Авенариус (1843–1896 жж.) еді. Эмпириокритицизм мәні шын болмысты, өмірді сынау емес тәжірибе етіп қарайтыны, тек неше түрлі ойға келіп, қиялмен құрастырылып жасалған рухани құбылыстар. Мақсаты – адам санасын өмірден аластатып, назарын басқа жаққа бұру. Тәжірибе дегені де объективтік өмірге жасалған әрекет емес, қиял. Болмысы субъективтік идеализм болғандықтан оның неопозитивистерге ұнағаны сондықтан еді. Бұл бағытты В.И. Ленин «Материализм және эмпириокритицизм» деген еңбегінде сынаған болатын. Содан өздерін неопозитивистер деп атаған бұрынғы позитивистер эмпириокритизмнен де бастарын алып қашты. Сөйтіп, олар тағы да теориясыз қалды.

Сондықтан, позитивизм бағытында болған философтар жаңа әрекет, іздеуге кірісті. Ақырында бұл талап 1922 жылы Вена Университеті философия кафедрасы негізінде «Вена үйірмесі» – деген атпен орындалып дүниеге келді. Оны ұйымдастырған Морис Шлик, жалғастырған Рудольф Карнап, Отто Нейрат, Джордж Мур т.б. философтар еді. Үйірмеге философтардан басқа жаратылыстаным ғалым өкілдері де қатысты. Бұл үйірменің дүниеге келуіне себепкер болған XIX ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың бас кезіндегі ғылымдардың көбейіп, тез, қарқындап дамуы дедік. Соған сәйкес түрлі ғылымдар өкілі әркім өзінше пікірлер айтып, рухани бір-біріне қайшы ой таратып, бұрынғы қалыптасқан дүниетанымдық жүйеден айырылып, жаңа жол таба алмай дағдарысқа ұшырады.

Ең алдымен «Вена үйірмесі» өкілдері жасаған қорытынды бұрынғы философияны «метафизика», өмірден алшақ ілім деп, оның мәнісін төмендетіп, оны жоймақ болғаны. Метафизиканың не екенін ғалымдар қауымы білетін. Метафизиканы Гегель философияның жауы деп есептеді. Метафизиканың сыңар жақты, қасаң ғылымға қарсы әдіс екенін, диалектикалық әдіс жан-жақты дәлелденген болатын. Енді солай дәлелдеген диалектикалық философияның өзін «Вена үйірмесі» өкілдері метафизика деп жала жауып, оның беделін түсірмек болды. Бұл білмегендік емес, философияны әдейі метафизикамен араластырып, елдің түсінігін шатастыру еді. Философиядан хабары жоқ ғалымдар бұған сенді де. Бұл нағыз шындыққа жат фальсификация болатын. Өйткені, антидиалектикалық метафизикалық әдіс диалектикалық әдіске тікелей қарама- қарсы. Ал «Вена үйірмесі» өкілдері барлық дүниедегі өмірге айналған жаңалықтар тек жеке жаратылыс ғылымдар табысы, олардың зерттеу нәтижесі, ал философия бірде бір табиғат заңын ашқан емес деп бұрынғы позитивизм өкілдері пікірін қайталап, соны өздеріне ұстам етіп жариялады. Олай болса, философияның зерттейтін проблемасы не? деп сұрау қоя отырып, оған өздері былай деп жауап қайтарды. Философияның зерттейтін проблемасы – тек ғылымдағы сөз, түрлі сөйлемдер, ол әлем туралы ілім емес, тек қана пікір деді. Бұл әдейі бұрмалап айтылған пікір.

Өйткені, философия – рухани, данышпандық ілім. Оның зерттейтіні ғылымдағы сөздер емес, бүкіл объективтік дүние, оның жалпылық заңдары. Ол әлемді оймен бағдарлап, талдайды, қорытады.

ІІ интернационал теоретигі – Карл Каутский (1854– 1938 жж.) айтқан болатын: «философия аристократтық ғылым» деп. Себебі, ол айғақ жинамайды, тәжірибе жүргізбейді. Оның айналысатыны – дүниені ақылға салып, оймен бағдарлау, өткенді талдау, келешекті болжау деді. Оны дамытқан ойшыл адамдар. Антик дәуірінде Сократ, Платон, Аристотель, Демокрит, жаңа дәуірде И. Кант, Г. Гегель, т.б. Философия деген сөзде данышпандықты сүю – деген мағына білдіреді. Бұл – даналық ілім.

Философия бір жағынан дүниеге көзқарастық ілім. Мақсаты – дүниетаным. Сондықтан оны көзқарастық ғылым дейді. Екінші жағынан, ол басқа ғалымдарды бағдарлайды, олқылықтарын көрсетеді, табыстарын қолдайды. Басқа ғалымдарға жетекшілік рөл атқарады. Яғни, оны методологиялық ғылым дейді. Позитивистердің ұнатпай, бұрмалайтыны философияның осы ұстамдық қасиеттері.

«Вена үйірмесі» философтары өздерін бұрынғы позитивизмнен өзге, жаңа бағыттағы позитивистерміз деп атады. Сондай-ақ олар, біз жалпы философияға қарсы емеспіз, біз де философия өкілдеріміз, тек метафизикалық философияға қарсымыз, өйткені сол диалектикалық философияны олар дүниеге тұтас көзқарас жасайтын ілім деп пікір таратады, бірақ бұл мүмкін емес, қате, деп айыптады. Оларша дүниеге тұтас көзқарас жасау мүмкін емес. Өйткені олар философияның дүниетанымдық, методологиялық ілім екендігінен қауіптенді. Егер философиядан оның дүниетанымдық қасиетін алып тастадық делік, сонда философиядан не қалады? Оның үстіне позитивистер философияға еш жаңалық қоса алмай тұрып, философиядан оның диалектикасын, жалпылық заңдарын жоққа шығарады. Олай болса «Вена үйірмесі» мүшелері философияны жоққа шығармақ болды. Бұл шын ғылыми күрес емес, жалған ой таратып, философияны ғылым емес деп жариялау. Олардың пікірінше барлық жаңалықтар эмпирикалық жаратылыстық ғылымдар табысы. Философия ғылымға ешнәрсе қосқан емес, өйткені ол табиғат заңдарымен айналыспаған. Олай болса, философияның зерттейтін проблемасы не деген сұрауға, сол, бұрынғы айтқандарын қайталап, оның зерттейтіні объективтік дүние емес, оның тек бейнесіне жататын сөз құрылымы, сөйлемдер деп жауап қайтарды. Сөйтіп, бірте- бірте олар позитивизмнен неопозитивизмге көшкен болса, енді ол бағытта ұнамаған соң жаңа негіз іздей келіп, соңында тапқаны логикалық позитивизм болды.

Бұл бағыттың оларға ұнаған себебі – «логика» деп аталғаны. Ақыры ешқандай заңдылыққа сүйене алмаған оларға, логика ұғымы тілегіне дәл келді. Бірақ сол логикада алдымен белгілі заңдылыққа сүйенетінін байқамай қалды. Әрине, логика – ой жүйесі, ол қатаң заңдылыққа негізделген, онсыз уәж (логика) ешкімді ымырасыз көндіре алмайды. Логиканың күші де сонда.

«Вена үйірмесіне» қатысқандардың ішінде жаратылыс таным ғылымдары мен өкілдері де болды дедік. Соның бірі – Людвиг Витгенштейн (1889-1951 жж.) Австрияда дүниеге келген, «мамандығы инженер» самолет моторларымен айналысқан. Кейін математикамен шұғылданып, одан соң философияға бет бұрған. 1912-1913 жылдары Бертран Расселмен бірге жұмыс істейді. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде армияға алынып, Австрия солдаты болады. Соғыста тұтқынға түскен ол сол тұтқында жүріп өзінің «Логикалық философия трактаты» деген еңбегін жазуға кіріседі. Оны 1921 жылы Германияда жарыққа шығарды. Россияда ол еңбек 1958 жылы орыс тілінде басылып шықты. 1929 жылы Л. Витгенштейн Кембридж университетіне жұмысқа орналасады. 1939 жылы Джордж Мур орнына профессор болып тағайындалды. 1947 жылы отставкаға шығып, 1951 жылы дүниеден өтеді. Оның «Логикалық философия трактаты». Логикалық позитивизмнің дүниеге келуіне әсер етті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Л. Витгенштейн Лондонда жұмыс атқарады. Оның әлгі еңбегі афоризм түрінде жазылған. Еңбектің тілі – ауыр, көпшілікке түсініксіз болған. Ең алдымен оның ұсынғаны: әлем монистік құрылым емес, Джон Дьюи (1859-1952 жж.) ойын қолдап, әлем плюралистік жиынтық дейді. Л. Витгеништейн дүние атомдық құрылым, фактілерден тұрады. «Болып жатқанның бәрі – әлем»1 дейді. «Әлем – фактілер жиынтығы, заттардың емес»2 , олай болса дүние әу баста заттардан емес, тек сол объект туралы ұғымдардан тұратын көрінеді. «Әлем фактілерге бөлінген»3 Л. Витгенштейнше факт деген не? Өмір сүретіндердің бәрі факт, оған қиял да, көңілге келгеннің бәрі жатады: «Әлемде орны бар нәрсе» – факт. Күн – факт, ауырған тіс, егер тісің шынымен ауырса – факт. Бірақ, факт солардың өзі емес, сол туралы біздің ұғымымыз. Одан әрі ол былай дейді: дүниеде орнын таппаған нәрсе факт емес. Сонда қалай? Дүниеде бар болып, бірақ орнын таппаған болса, өмір сүргендерге жатпай ма? Оларша солай, өйткені факт – объективті зат емес, тек оның санадағы бейнесі ғана екен. Жалпы алғанда логикалық позитивизмде нығыздалған, дәлелденген тұжырым кездеспейді. Осы жерде Э. Махтың мына сөзі ойға келеді: «Дүние сезімдер комплексі» деген. Оның пікірінше «сезім бар болса, дүние бар, сезім болмаса дүние жоқ». Олай болса, логикалық позитивистерде не болса соны қаужайды. Кейін оны байқайтын боламыз. Мәселен, позитивизмде не арқандай есілген, сомдалған теория, не дәлелденген факті жоқ. Келтірген мысалдарда тек кездейсоқ, ешбір көңілге қонбайтыны да содан. Мәселе фактіде ғана емес, теорияда да.

Рудольф Карнап (1891–1970 жж.) логикалық позитивизмнің көрнекті өкілдерінің бірі. Алғашқыда «Вена үйірмесінде» болған кезінде ол философияның дүниетанымдық рөлін мойындамай, оны жоққа шығармақ болды. Одан кейінгі кездерде ғылым логикасын талдай келіп, философия табиғатты емес, тек сөйлемдерді, оның синтаксисімен, сондай-ақ әрбір философияда қолданылатын сөздердің семантикасын білуге ұмтылды. Ақыр соңында көзге көрінбейтін, байқалмайтын материалдық объектілер логикалық жүйені құрастыруға негіз болады деген ойға келді. Бірақ, ол ойын Р. Карнап дамыта алмады. Өйткені диалектиканы мойындамағаны оның ойлау жүйесіне кедергі келтірді.

Рудольф Карнап ғасырлап қалыптасқан философия орнына жаңа дәйек іздеп бақты. Бірақ соған сай теория таба алмады. «Тілдің синтаксистік жүйесі» (1934 ж.) деген еңбегінде Р. Карнап былай деп жазды: «Метафизика бұдан былай ғылым болуға тырыса алмайды». Философияның ғылымға жақын келетін бөлігі, ол оның логикалық талдауы (анализ) демек болды. Ал «Тілдің синтаксистік жүйесін» жасау, бұл сол арқылы философиядағы сөйлемдер мәнін ашып логикалық талдау қорытындысын жасай алады деді. Олай болса, философия ғылым логикасымен алмастырылуы қажет, әйтпесе логикалық синтаксистік жүйе ретінде ғылым тілі бола алмайды» деп жазды Р. Карнап.1 Л. Витгенштейн бұл пікірді қолдамады. Өйткені Л. Витгенштейн тілдің математикадағы сияқты логикасын, яғни оның логикалық атомын іздеді.

Бірақ ол да субъективтік идеализм. Л. Винтгенштейн жазады: «границы моего языка означает границы моего мира»2 (менің тілімнің шегі дегенім – менің дүнием шегі) деп. Одан ары «Мир и жизнь суть одно. Я есть мой мир (микрокосм)»1 (әлем және өмір мәні бір. Мен – менің дүнием (микрокосм) деп жазды. Осы жерде бір нәрсені еске алған жөн демекпіз. Ол мынау: Р. Карнап позитивистердің теориялық әлсіздігін байқап, оны күшейту үшін ғылым логикасын философиямен араластырып, позитивизм негізінде жаңа ілім-ғылым логикасы мен методологиясын зерттемек болды. Бірақ оның бұл әрекеті кезінде кездейсоқ ғылым философиясы пайда болуына себепкер болғанын өзі де байқамай қалған болса керек. Кейін ғылым философиясы оны қайда апаратынын сезген, Р. Карнап ғылым философиясынан бас тартты. Өйткені, ғылым философиясы себеп пен салдарды ашады.

Мәселенің мәні былай. Олар бұрынғы тарихи қалыптасқан философияны метафизика деп теріс атап, оның дүниетанымдық, методологиялық рөлін жоққа шығарғанмен, кейін сол методологиясыз қалған өздерінің теориялық жағынан әлсіз екенін сезіп, мәселен, Рудольф Карнап өз іліміне методология қажет екенін мойындады. Бірақ, сол бағытта ізденіс нәтижесінде ол ғылым философиясы идеясымен кезікті дедік. Ал ғылым философиясы ғылымдардың даму бағытын зерттеп жатқан проблемасын, оның қоғамға келтіретін нақты пайдасын, жіберген олқылықтарын, кемістіктерін талдайтын ғылым. Бірақ ғылымдарды бағалау, табиғатты зерттеу логикалық позитивизм мақсатына жатпайды. Оларға керегі объекті емес, тек сөз, лингвистика. Сондықтан Р. Карнап, проблеманы әрі қарай тереңдетіп зерттеуден өзін аулақ ұстап, ізденісін бұл мәселеде шектеген дедік. Бірақ, оның бұл жаңылысы тарихи философияға көмектесті. Сөйтіп, дүниеге жаңа ілім – «Ғылым философиясы» келді. Ал позитивистер өздеріне теориялық негіз болар деген мақсатпен өздерін логикалық позитивизм өкілдері деп атады. Бұл позитивизмнің үшінші эволюциясы еді. Р. Карнаптың пікірінше философияның эмпирикалық ғылымдардан айырмашылығы оның айналысатыны табиғат, объект емес, тек қана сол ғылыми объектінің сөзбен берілген бейнесі. «Ғылым логикасы дегеніміз – ғылым тілінің синтаксисі»1 деп жазды Р.Карнап. Сонда синтаксистік жүйе дегеннің өзі тіл жөнінде айтылатын түрлі пікірлер болады.

Р. Карнап айтады – эмпирикалық ғылымдар объектіні табиғатты зерттейтін болса, философия тек сол объект туралы тұжырымдарды ғана зерттейді. Олай болса, логикалық позитивизм диалектика орнына ғылым логикасын, оның тілін алға тартады. Р. Карнаптың да, басқа да оның пікірін бөлісетіндерге логикалық әдіс бұрынғылардан жоғары, әрі қолайлы ұстам болып саналады. Бірақ, сол логиканың өзі теориядан, диалектикадан туындайтынын байқамайтын, немесе байқағысы келмейтін болса керек. Логикалық позитивизмге керегі логиканың өзі емес, тек оның сыртқы көрінісі болса керек.

Логикалық позитивизм пікірінше философия объективтік шындықты, табиғатты зерттемейді, тек сол туралы ғалымдардың айтқанын зерттейді. Олай болса, философияның зерттейтіні олардың пікірінше ол объективтік шындық емес, тек, сөз деп тұжырымдайды. Тіпті кезінде Платон да айтқан – философияның зерттейтіні пікір емес объективтік болмыс деп, өзінің «Мемлекет» деп аталатын кітабында. Егер Платон объективтік идеалист болса да.

Ал, сөз, сөйлем түсінігі семантикаға, құрылымы синтаксиске жатады. Олай болса метафизикаға керегі өмір заңдылығы емес, тек сөз, сөйлем құрылымы. Бұл салада шындыққа жету үшін олардың пікірінше біз қолданатын тәжірибенің керегі жоқ. Мәселен, жаратылыстық, техникалық, қоғамдық ғылымдарда айтылған тұжырым, теориялық ой шындық па, әлде жалған, жаңылыс па, оны анықтайтын практика, өмір десек, логикалық позитивистерге керегі уәж көрінеді. Оған болған істің анығына жету үшін керегі факт емес, тек сөз, сөйлем қайшылығы болмауы, болса оны ашу. Олардың зерттейтін объектісі – тек сөз, сөйлем, терминдер. Сондықтан логикалық позитивистер шындықты білу үшін екі түрлі әдіс ұсынады. Бірі, верификация (лат. verus – шындық, fagio – жасаймын), екіншісі – фальсификация (лат. Falsi Ficatio – өзгертемін, құбылтамын). Бірақ осы жерде логикалық позитивистер ескермеген бір нәрсеге көңіл аудару. Ол мынау: кез келген сөзді де, уәжді де анықтайтын, сайып келгенде өмір, практика екені. Сол практиканы мойындамаған соң сөзді немен, дәлелдеу керек? Әрине, оларша сөзді сөзбен. Бұл әдіс ешқашан ешкімді шындыққа жеткізген емес, жеткізбейді де. Солай болса да логикалық позитивистер амалсыз осы әдісті ұстануда.

Шындыққа жету үшін практика керек болмаған соң не істеу керек? Осы жерде логикалық позитивизтерге ой салған Рудольф Карнап екенін айтқан жөн. Верификация – бір нәрсенің анығы – оны көзбен көру. Мәселен, менің қолымда карандаш. Мен оны көрсеттім. Басқалар да оны көрді. Енді олар оны көзілдірікпен, не басқа да затпен шатастырмайды. Олай болса көзбен көріп, құлақпен естіген, қолмен ұстағанның бәрі шындық дейді. Гераклит (б.з.д. 530-470) көзбен көру, құлақпен естігеннен нақтырақ деген болатын. Бірақ, бұл басқа мәселе. Ал иллюзионисте де солай етпей ме? Ол да бір затты көзіне көрсетіп тұрып, алдайды. Екінші әдіс – фальсификация. Бұл әдіс бойынша айтылған ойдың не шындық, не жалған екенін ажырататын сөз, сөйлем қайшылығы, не қайшылықсыздығы көрінеді. Мәселен, «Қар-ақ, өйткені ол аппақ, таза». Бұл – шындық. Өйткені қар-ақ деген ұғымды анықтау үшін сыртқа шығып көру керек. Егер қар аппақ болса, онда айтылған пікір объективтік шындық. Бірақ, бұл мысалда көзбен көру арқылы анықталып, дәлелденеді екен, яғни бұл да верификация әдісіне» жатады. Сонда екеуі де бір емес пе, егер фальсификацияда шындық тек көру арқылы дәлелденетін болса. Бұл фальсификалық әдіс шынында әлсіз екенін көрсетеді. Ал, егер, мен қар ақ десем, бірақ сол қар лас болса, онда менің айтқаным шын емес, жалған болып шығады. Айналып келгенде бұл екеуі де дәйексіз.

Рудольф Карнап мынадай мысал келтіреді. Біреу, мәселен, айтса жалғыз мүйізді кентавр болған деп. Оны кім көрді? Ешкім де. Олай болса, бұл сөйлемнің шын, не жалғандығын қалай анықтауға болады? Тек, түрлі пікірлерді салыстыру арқылы дейді автор. Сол арқылы фальсификация анықталатын көрінеді. Міне, екінші әдіс мәні осы, яғни фальсификацияға (өтірікке) шығару әдісі дегені. Шынында мұндай әдіс өмірде болған. Қазақтар қай заманнан бері уәжге тоқтаған. Бұл – логика. Бірақ бұл әдіс қазақ елінде әлдеқайда негізді, күрделі болған. Өйткені ол болмыстан алшақ емес өмірмен дәлелденген. Логикалық позитивистердікіндей, жеңіл-желпі емес. Сондықтан күмән тудырмаған. Логикалық позитивистерде сомдалған теория жоқ, логикасы нашар, үзік дедік. Сондықтан олардың келтірген фактілері жұмыс істемейді. Анықтайтын бір нәрсе, ол сөзі де, уәжді де айқындап, дәлелдейтін қашанда өмір, практика екендігі.

Логикалық позитивистер үшін шындықты айқындайтын осы екі әдіс жаңалық ұстамына тірек болды. Әрине, оларға дейінгі позитивистерде де неопозитивистерде де мұндай әдістер болмады. Сондықтан логикалық позитивистер осы екі әдісті көрсетіп, ойларын дәлелдемек болды. Неліктен бұларға осы әдістер ұнады? Біріншіден, олар субъективтік идеалистер. Оларға практикаға өмірге сүйенетін әдіс мүлде керексіз қауіпті болған. Ал әлгі екі әдіс олардың дәл ойынан шықты, өйткені бұл әдістер өмірден аулақ, тек ойлауға арналған, практикаға, өмірге жүгінудің қажеті жоқ. Екіншіден, бұл әдістер сырт көрінісі жағынан ақылға сиятын, ғылыми әдіске ұқсас көрінетіні. Ал шын негізінде логикалық позитивистерге керегі өмір айқындығына жету емес, тек өздерінің субъективтік идеалистік ұстамын жақтау болса, онда, бұл жөнінде олар өздеріне керегін тапты.

Біз әрине көзбен көргенді, сезімдік танымды ешкім жоққа шығармады. Мәселен, XVII ғ. өмір сүрген ағылшын философы Фрэнсис Бэкон (1561–1626 жж.) айтқан болатын: «Адам сезімі – барлық заттардың өлшемі» деп («Жаңа Органон»). Өйткені Ф. Бэкон өте сезімшіл және тәжірибеге сүйеніп, соны қолдайтын.

Ал француз философы Рене Декарт (1596–1650 жж.) керісінше рационалист болды. Оның пікірінше «Біздің барлық анық, нақты, көзге елестете алатындарымыз шындыққа жатады» («Әдіс туралы ой-толғам»). Бірақ бұл айтылғандар түрлі ғылыми таным әдістері болатын. Оның үстіне бұл екі ірі философтар белгілі ғылым қайраткерлері еді. Субъективтік идеалистердің мақсаты да, қолданған әдістері де шындықты айқындау үшін емес, тек айтқандарын ақтау үшін қажет болды. Осыны ажыратып қарағанымыз жөн.

«Вена үйірмесі» негізінде Логикалық позитивизм дүниеге келді дедік. Ол бұрынғы позитивизмнің эволюциялық кейінгі көрінісі болатын. Әрине айтылған пікірді, келтірілген мысалдағы сияқты, өтірікке (фальсификацияға) шығару оп-оңай емес. Әйтпесе, қоғамда неше түрлі өтірікші, алдамшылар өмір сүрмеген болар еді. Көбіне оларды әшкерлейтін өмір, практика, айтылған сөз емес. Логикалық позитивизмнің дүниеге келуі де себепсіз емес. Ол жөнінде айтқанбыз. Бірақ кейбір авторлар оған тағы екі жағдай түрткі болды дейді. Біріншіден, математика ғылымындағы жағдай. Математиктердің белгілі қағидасы бойынша қисық сызықтың кез келген жерінен қиғаш сызық жүргізуге болады дегені. Бұған математик Винер Штрасс қарсылық білдірді. Оның жасаған теңеуі бойынша ондай қиғаш сызық жүргізуге болмайды. Міне бұл және осы сияқты ғылыми таласты анықтайтын практикалық тәжірибе жоқ. Бұған логикалық позитивизм әдісі де жауап бере алмайтын еді. Екіншіден, сол математика ғылымының тездеп дамығаны сонша тіпті соның өкілдерінің өзі соларды талдап, игере алмай отыр. Басқа ғылымдар саласынан да мысалдар келтіруге болады. Ол мәселен археология ғылымы. Ол жөнінде кейін айтатын боламыз. Логикалық позитивизм өкілдері ішінде Людвиг Витгенштейн, Р. Карнапты былай қойғанда Джордж Мур, Бертран Рассел, Карл Поппер т.б. айтуға болады. Мәселен Джордж Мур (1873–1959 жж.) тіл, сөйлем мәселелеріне мән беріп, оларды философиялық басты мәселелер деп атаған. Дж. Мур философтардың абстракты пікірлері мен терминдерін жәй түрге келтіріп көпшілікке, түсінікті етіп, айтуға тырысқан. Әрбір философиялық ұғымдарды күнделікті өмірге жақындатпақ болды. Оның бұл әрекеті оңды, бірақ философияны қарапайым сөзге айналдыруға бола бермейтінін де айтқан жөн.

Логикалық позитивистер субъективтік идеалист екені белгілі. Мәселен, Джордж Мур былай дейді: біз объективтік уақытпен емес, субъективтік сезіммен өмір сүреміз. Мәселен, ертеңгі асты ішіп болып, 800 -де сапарға шықтық делік. Төрт сағаттан кейін біз барар жерімізге жеттік. Сөйтсек, ол жерде уақыт әлі ертеңгі кез 800 екен. Сонда біз тағы да ертеңгі асты ішеміз бе, әлде түскі асты ма, деп сұрақ қойып, былай жауап қайтарады, «әрине, түскі асты, өйткені бізде биологиялық ритм бар». Бұл даусыз: «мынау менің бір қолым, мынау екінші қолым» – деген сияқты дейді. Дәл осындай мысал Н.Г. Чернышевскийдің «Характер человеческого знания» – деген еңбегінде кездеседі. Ол мысалды Н.Г. Чернышевский субъективтік идеалистерді сынау үшін келтірген болатын. Олай болса Дж. Мур осы айтылғанды не үшін қайталап отыр? Өзінің сезімін жақтау үшін. Сонда ол А. Эйнштейннің қатыстық теориясын білмегендігі ме? Жоқ! Олай емес. Біледі. Сөйтсе де, негізсіз субъективтік өз позициясын жақтап қолданған амалы. Бірақ, келтірген мысалы тұрлаусыз. Бұдан келіп, Дж Мур шындықты мойындамайды деуге болмайды. Мойындайды. Бірақ, мәселе сол шындықты оның қалай түсінуінде. Одан әрі Дж. Мур ойын былайша өрбітеді. Егер шындық біздің мақсатымызға бейімделетін болса, онда біз столдар мен стөлдер адамдарға басқалардан гөрі ұқсас деген болар едік. Бірақ, мәселе олай емес, деп Дж. Мур ойын түйіндейді. Н.Г. Чернышевский әлгі еңбегінде келтірілген мысалды өзінен басқа дүниені мойындамайтын субъективтік идеалистерге қарсы қолданған болатын. Оларды Н.Г. Чернышевский иллюзионист (көз бояушы) деп өте ұтымды бағалаған еді. Ал енді Дж. Мур бұл ойды кімдерге қарсы бағыттаған? Алдымен айтарымыз, Дж. Мурдың бірінші келтірген мысалы уақыттың объективті екендігін біле тұра мойындамағаны. Соңғы келтіргені оған қарама- қарсы. Егер кеңістік уақыт тұрақты, еш өзгермейді деп түсінсе, онда ол А. Эйнштейннің «Қатыстық теориясына» қарсы пікір, өйткені уақыт та өзгереді. Ол жылдамдыққа байланысты. Ал егер біз объективтік уақытпен емес, субъективтік сезіммен тұрамыз десек, онда бұл шындыққа қарсы. Сонымен, Дж. Мур бұл мысалдарды материалистік диалектикалық философияға қарсы қолданған болса, онда оның бұл мысалы ғылымға қайшы. Ал егер оның екінші мысалы объективті жақтап, субъективті идеализмге қарсы айтылған болса, онда бұл да дәрменсіз мысал. Ал Дж. Мурдың бірінші келтірілген мысалы да оның өзіне қарсы. Сонда Дж. Мур кіммен айтысып отыр? Өзімен өзі. Неліктен бұлай? Оның теориялық тұғыры, логикалық шамасының әлсіз екендігі. Сондықтан да Людвиг Витгенштейн өзінің Дж. Мур пікірімен келіспейтінін білдіргені содан болса керек дедік.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.