Әкімшілік-құқықтық қатынастардың субъектілері

1.Азаматтар әкімшілік құқықытың субъектілері ретінде. 2.Қоғамдық және діни бірлестіктер әкімшілік құқықтың субъектілері ретінде. 3.ҚР ның Президенті әкімшілк құқықтың субъектісі ретінде.

Азаматтар әкімшілік құқықтың жиі кездесетін субъектілерінің бірі болып табылады. Теориялық тұрғыдан қарастыратын болсақ “Азамат” деген сөз белгілі бір адамның нақты бір мемлекетке жататынын білдіреді, яғни конституциялық құқықтың зерттеу пәніне кіретін мемлекет пен адам арасындағы қатынастарды тудырады. Сонымен қатар, азамат деп белгілі бір салада нақты құқықтарға иеленген жеке тұлғаны айтамыз.

Жеке тұлғаның әкімшілік-құқықтық мәртебесін азаматтың мәртебесі деп атау заң әдебиетінде кең таралып кеткен. Конституцияға сәйкес ҚР-да азаматтардың мынадай түрлері бар, ол: ҚР-ның азаматтары, шетел азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар. Олай көрсетудің себебі, белгілі бір әкімшілік-құқықтық қатынастарда олардың әкімшілік-құқықтық мәртебесі әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, мемлекеттік қызметке кіруге тек ҚР-ның азаматтары ғана құқылы. Алайда, ҚР-ның Конституциясының 1-ші бабына сәйкес ҚР-да адамның өмірі, декнсаулығы, бостандығы, құқықтары мен заңды мүдделері ең қымбат қазна болып табылады. Демек, ҚР-да барлық адамдар заң бойынша теңдей қорғалады.

Азаматтар әкімшілік-құқықтық қатынастарға түсу үшін әкімшілік құқықсубъектілікке ие болу қажет. Әкімшілік құқықсубъектілік азаматтардың әкімшілік құқыққабілеттілік, әрекетқабілеттілік және деликтқабілеттілігінің жиынтығынан  тұрады.

Әкімшілік құқыққабілеттілік дегеніміз әкімшілік құқық нормаларымен бекітілген құқықтар мен міндеттерге ие болу қабілеттілігі. Ішінара ол туылған кезден бастап туындайды (ат алу, дәрігерлік көмек алу және т.б. құқықтар).

Әкімшілік құқыққабілеттілік барлығында бірдей бола бермейді. Ол адамның жасына, жынысына, біліміне және т.б. демографиялық факторларға байланысты болып келеді. Мысалы, әскери борышын өтеу қабілеттілігі адамның жынысына, денсаулығына, жасына азаматтығына және т.б. факторларға байланысты.

Әкімшілік деликтқабілеттілік дегеніміз әкімшілік құқық нормаларымен көзделген құқықтарды өз әрекеттерімен жүзеге асыру және міндеттерді орындау және де осы нормаларға сәйкес жауаптылыққа тартылу қабілеттілігі. Әкімшілік әрекетқабілеттілік құқыққабілеттіліктен кейін пайда болады. Заңмен әрекетқабілеттілік туындайтын нақты жас көрсетілмеген. Оның ішінара пайда болуы мен одан ары көбеюі адамның денесі мен сана-сезімінің өсуіне байланысты. ҚР-ның ӘҚБК сәйкес жеке тұлғалардың деликтқабілеттілігі 16 жастан бастап туындайды. Яғни, сол жастан бастап азаматтар өздері істеген әрекеттеріне жауап беру қабілеттілігіне ие болады.

Азаматтардың құқықтарын келесі негіздер бойынша топтастыруға болады:

Алғашқы қайнар көз тұрғысынан қарастырғанда алғашқы құқықтық негіз ретінде азаматтардың конституциялық құқықтарын, және сонымен қатар заңдар мен заңға сәйкес актілермен реттелген құқықтарды атауға болады. Осыған сәйкес, азаматтардың әкімшілік нормалармен бекітілген құқықтарын екі топқа бөлуге болады:

1)конституциялық құқықтарды жүзеге асыруды нақтылаушы, дамытушы, қамтамасыз етуші құқықтар. Олар конституциялық құқықтармен салыстырғанда туынды сипатқа ие, бұл құқықтарды шартты түрде конституциялық-әкімшілік құқықтар деп атауға болады.

2)тек әкімшілік құқықтың нормалармен реттелген құқықтар, олар алғаш әкімшілік құқықтың қайнар көздерінде көрініс тапқан.

Азаматтардың негізгі (конституциялық) құқықтарының басым көпшілігі әкімшілік-құқықтық қамтамасыз етуді қажет етеді. Ал егер олар әкімшілік-құқықтық нормалармен бекітілмесе, көп жағдайда құрғақ сөз болып қалады.

Жүзеге асырылу механизмі тұрғысынан азаматтардың абсолюттік (шартсыз) және қатысты құқықтарын бөліп қарастыруға болады. Абсолюттік құқықтарға тұлғалардың өз қалауы бойынша пайдаланатын құқықтары жатады, ал билік субъектілері оларды  жүзеге асыруға кедергі жасамауы, оларға жағдай жасауы, қорғауы тиіс. Бұл, мысалы, әкімшілік шағым беру, ат таңдау, жұмысқа тұру, білім алу және т.б. құқықтар. Абсолюттік құқықтарды жүзеге асыру тек азаматтың еркіне тәуелді.

Қатысты құқықтарға жүзеге асыруда жариялы билік субъектісінің актісін қажет ететін құқықтар жатады. Мысалы, лауазымына тағайындалу туралы бұйрық, белгілі бір қызмет түрімен айналысуға лицензия алу.

Құқықтар берілетін тұлғалар шеңберіне қарай және олардың пайда болу негіздері бойынша азаматтардың жалпы және арнайы құқықтарын ажыратуға болады. Арнайы құқықтар жеңілдіктер түрінде қарастырылып, мынадай белгілер бойынша беріледі:

1)әлеуметтік-демографиялық (науқастарға, көп балалы жанұяларға, оралмандарға және т.б.);

2)қоғамға пайдалы қызметіне байланысты (ардагерлерге, әскери қызметшілерге және т.б.).

Мазмұны бойынша құқықтардың төмендегідей топтарын бөлуге болады:

1)әлеуметтік-саяси белсенділікке және мемлекеттік істерге араласуға құқық. Бұл мемлекеттік қызметке кіруге, ұсыныстар жасауға,ақпарат алуға және т.б. құқықтар;

2)құзыретті ұйымдардың жәрдеміне және мемлекеттік қатысуға құқық. Бұл тегін игіліктерді пайдалануды (мысалы, кітапхана қызметін пайдалану), ұйымдастырушылық, медициналық және т.б. көмектерді алуды білдіреді;

3)қорғану құқығы. Оны жүзеге асырудың негізгі нысандары: 1) әкімшілік шағым, 2) сотқа шағымдану, 3) әкімшілік өндіріс бойынша қорғану 4) қажетті қорғаныс 5) мемлекеттік емес ұйымдардың (адвокаттар алқасы және т.б.) ұйымдардың көмегіне құқық.

Жоғарыда аталған құқықтарды бекітетін әкімшілік-құқықтық нормалар жүйесі маңызды әкімшілік-құқықтық институт – азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғау институтын құрайды.

Азаматтардың міндеттерін келесі негіздер бойынша топтастыруға болады:

Жүзеге асырылу механизмі бойынша абсолюттік және қатысты міндеттерді ажыратуға болады. Абсолюттік міндеттер қандай да бір жағдайларға тәуелсіз, олар барлық азаматтарға теңдей жүктеледі (жол қауіпсіздігін сақтау, төлқұжат режимін сақтау және т.б.). Қатысты міндеттер көп жағдайда белгілі бір құқықтарды пайдалануға бағытталған құқыққа сәйкес әрекеттерден туындайды.

Құқықтың алғашқы қайнар көзі бойынша конституциялық міндеттерді нақтылаушы (конституциялық-әкімшілік) міндеттер және таза әкімшілік міндеттер ажыратылады. Конституциялық-әкімшілік міндеттерге әскери есепке тұру және т.б.,ал таза әкімшілік міндеттерге жол қауіпсіздігін сақтау, санитарлық және т.б. міндеттер жатады.

Оларды құқықтық санкциялармен қорғау негізі бойынша санкциялармен қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген міндеттерді бөлуге болады.

Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар ҚР-ның аумағында ҚР-ның азаматтарына тиісті құқықтар мен міндеттерге иеленеді. Олар белгілі бір қатынастарда артықшылықтарға (дипломатиялық иммунитетке ие болу құқығы), ал кейбір жағдайда оларға шектеулер қойылуы мүмкін (мысалы, мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан айырылуы).

Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын тұлғаларға ҚР-ның аумағында заңдармен мынадай құқық-әрекет қабілеттіліктің өзгешеліктері бекітілген:

-мемлекеттік қызметке кіре алмайды;

-мемлекеттік құпиямен байланысты қызметке  араласа алмайды;

-әскери борышын өтеуге алынбайды;

-әкімшілік деликтқабілеттілігі өзгеше (мысалы, мемлекеттің шекарасынан шығарып жіберу жазасы тек соларға қатысты қолданылады) болып келеді;

-саяси қоғамдық бірлестіктердің мүшесі бола алмайды;

-арнайы рұқсат қағазы (визасы) болмаса ҚР-ның аумағына кіре алмайды;

-ҚР-ның аумағында тұру және қызмет ету үшін арнайы құжаттар алады;

-босқындар ретінде танылып ҚР-ның азаматтығын алуы мүмкін.

ҚР-ның аумағында болу мерзіміне байланысты шетел азаматтары мен апатридтердің (азаматтығы жоқ адамдар) мынадай түрлерін атап өтсе болады:

-тұрақты өмір сүретіндер;

-уақытша келгендер;

-ҚР-ның аумағымен өтіп бара жатқандар.

Қоғамдық және діни бірлестіктер де әкімшілік құқық нормаларымен реттелетін қоғамдық қатынастарға түсіп, әкімшілік құқықтың субъектілері болып табыла алады. Әртурлі діни және қоғамдық бірлестіктердің қызмет етуі – азаматтық қоғамның бір белгісі. Осы бірлестіктер арқылы адамдар өз мүдделерін жүзеге асырып отырады. Бұл бірлестіктер басқа ұйымдарға қарағанда мынадай өзгешеліктерге ие:

-олар ерікті түрде құрылады және жарғыда көрсетілген мақсаттарды орындау үшін ғана шаруашылық-коммерциялық қызметтпен айналысады;

-олар мемлекеттік билік өкілеттігіне ие емес.

Бірлестіктерді әртүрлі критерийлерге байланысты топтастыруға болады. Олардың түрлері: саяси партиялар, кәсіподақтар, ғылыми, техникалық қоғамдар және т.б.

Қоғамдық және діни бірлестіктердің құқықтық мәртебесі олардың әр түріне арналған заңдар мен нормативтік актілермен бекітіледі. Мысалы, “Саяси партиялар туралы” ҚР-ның заңы бар.

Президенттің құқықтық мәртебесі ҚР-ның Конституциясында “ҚР-ның Президенті туралы” конституциялық заңымен бекітілген.

ҚР Президентінің әкімшілік-құқықтық мәртебесіне кіреді:

-осы жоғары лауазым орнының мемлекеттік органдар жүйесінде әлеуметтік-құқықтық бағыты;

-сайлау тәртібі;

-өкілеттігі мен құзіреттілігі;

-басқа органдармен қарым қатынасы;

-жауаптылығы;

-қызметінің кепілдігі.

ҚР президенттік басқару нысанындағы республика болғандықтан президенттің өкілеттіктері өте жоғары болып табылады. ҚР Конституциясының 40-бабына сәйкес ҚР-ның Президенті мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының бағытын анықтап отырушы тұлға. Ол дегеніміз Президент ішкі және сыртқы қатынастардың барлығын бағыттап мемлекетте жоғары атқарушы билікті жүзеге асыратын тұлға екенін білдіреді.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.