Керей және Найман мемлекеттері

Наймандардың, меркіттер,  керейттердің, жалайырлардың ертеректегі мемлекеттері Орталық Азияның шығысында-Қазақстанға шектесіп жатқан Монғолия аумағында пайда болса да, олардың тарихының Қазақстан тарихына тікелей қатынасы бар. Көшпелі мемлекеттіліктің бастаулары Орталық Азияның нақ шығысында жатыр,ежелден Қазақстанның өз жерінде мекендеген халықтар мен тайпалардан басталатын дәстүрлермен қатар олар кейіннен қазақ мемлекеттілігіне тән болды.

X-XII ғғ. басында наймандар Ляо империясына вассалдық тәуелділікте болып, оның батыс шетінде, яғни Шығыс Қазақстан мен Батыс Монғолияда тұрған.

Тарихи жазба деректерде керейлер туралы алғашқы мәліметтер ІХ ғ. басынан бастап белгілі.  Олар Тола өзенінің аңғарын, Орхон өзенінің орта ағысы ауданын және Онгын өзенінің аңғарын алып жатқан. Шыңғыс хан шапқыншылығы қарсаңында керейттер бүкіл қазіргі Монғолия мен Алтай аумағында үстемдік еткен, монғолдар да солардың қол астында болған.

Жалайырлар Шыңғыс-хан империясының өрлеу кезіне қарай Хилок және Селенга өзендерінің бойын, дәлірек айтқанда, Селенгаға құятын Орхон сағасын мекендеген.

Орталық Азияның көшпелі тайпаларының XII ғасыр бойында күш-қуатының артуы олардың ең ірілерінде, наймандарда, керейттерде, жалайырларда-алдыңғы феодалдық мемлекеттік құрылымдар- ұлыстардың пайда болуына жеткізді

Деректемелер наймандар мен керейіттердің көрші тайпалармен соғыстары тұралы мәліметтерге толы. Рашид-ад-Дин  наймандардың қырғыздармен, керейттердің Цзинь мемлекетімен және керейіттердің наймандармен  соғыстары туралы мәліметтер келтіреді. Мәселен: «Керейіттер саны көп тайпалармен ұзақ жауласты, солардың ішінде, әсіресе, найман тайпаларымен көп соғысты. Бұл кезде олар басқа тайпаларға қарағанда күш-қуаты мықты болды» дейді.   Соғыс кезеңдері көршілермен бейбіт қатынастар жағдайымен алмасып та отырды. Қытай деректерінде  керейіттер мен наймандардың көшпелі көршілермен ғана емес, сонымен қатар отырықшы мәдениеті бар мемлекеттермен- Танғұт мемлекетімен және ұйғыр иелігімен тығыз мәдени және саяси байланыстар жасағаны туралы мәліметтер де бар.

Наймандар, керейттер, жалайырлар – даму дәрежесі біркелкі, шаруашылық тұрмысы көшпелі, жартылай көшпелі мал шаруашылығы және мәдениеттің даму дәрежесі де бір-біріне қарайлас тайпалар еді. Олар негізінен көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан. Қой, жылқы, ішінара ірі қара өсірген. Жылқы малы басты байлық саналған. Өйткені, көшпелі халық үшін жылқы қатынас құралы, соғыста, аңға шыққанда мінер көлік болған. Жылқының терісінене етік, саба, қауға жасап, қылынан желі, ноқта, шылбыр есіп, сүтін сусынға, етін тағамға жаратқан. Өгіздерді күйме арбаға жегіп, қойдың еті мен жүнін пайдаға асырған.

Сонымен қатар бұл тайпалар аңшылықпен де айналысқан. Әсіресе, әр түрлі жаугершілік соғыстар мен шапқыншылықтарда, қоләскерге тамақ жеткізу үшін алуан түрлі жабайы аңдарды, құстарды аулап, қорек етіп отырған.

Орталық Азия аумағындағы билік үшін күрес барысында Шыңғыс-хан керейіт ұлысының билеушісі Ван-ханмен одақ құрды. 1185ж керейіттердің Ван-ханы, Шыңғыс-хан, монғолдардың  жажрат тайпасынан шыққан Жамуха әскерімен аттанып, Селенга өзені бойында көшіп жүретін меркіт тайпасын талқандады. Осыдан кейін жалайырлар, бараластар т.б Шыңғыс-ханға қосылды.

Найман мемлекеті екіге бөлініп Даянхан далалық өлкеде, Қарабалық қаласы маңындағы наймандардың алдыңғы жағын,  Бұйрық хан таулы жерде: Алтайдың қара Ертісіндегі Орүнгу өзенінің маңын мекендеген. Ел екіге бөлініп Орхон өзенінен- Ертіс өзені, Хангай тауынан- Алтай тауының аралығында көшіп жүрген.

Даян-хан мен Бұйрық хан арасындағы қырқысты пайдаланып қалмақ болған Шыңғыс-хан мен Ван-хан 1199 жылы Бұйрыққа қарсы жорыққа шықты. Әскер жинап үлгермеген Бұйрық-хан Алтайдан аса шегініп, сонда жеңіліс тапты..

1200 жылы Шыңғыс-хан мен Ван-хан меркіттердің әскерін ойсырата жеңді. 1201 жылы Жамұқа Шыңғыс-ханның монғолдар мен Ван-ханның керейіттеріне қарсы наймандар, меркіттер, татарлар, ойраттар, жажраттар және басқа да тайпалардан қуатты қол жасақтады. 1202 жылы наймандар Шыңғыс-ханға бірлесіп қарсы шығу жөнінде Алахуш-дигит Хуриге ұсыныс жасады. Бірақ онғұттардың билеушісі наймандармен ежелгі байланыстарына қарамастан бас тартып, шабуыл жасағалы жатқанын Шыңғыс-ханға хабарлап қояды.            1204ж көктемінде Шыңғыс хан 45 мың әскерді бастап наймандарға жорыққа аттанды. Найман халқының қол астында шамамен 50-55мың адам бар еді. Даян-хан ұлы Күшліктің талап етуімен шайқасқа шығып, жеңіліп, жарақаттан қаза тапты, Күшлік қашып құтылды.

Орталық Азия аумағындағы соғыстың салдарынан 1190-1206 жылдары Қазақстан жеріне наймандардың, керейіттердің, меркіттердің бір бөлігі көшті. Күшлік-хан бастаған наймандар Алтайға келіп, осында ертеде монғолдар талқандаған керейіттер мен меркіттердің қалдықтарымен бірікті. Наймандар Бұқтырмада тағы да жеңіліс тапқаннан кейін Күшлік-хан өз ұлысының қалдықтарымен Алтай жерін біржолата тастап,Жетісуға қашуға мәжбүр болды. Наймандар мен керейіттердің едәуір бөлігі Шығыс Қазақстанда қалып, монғолдарға бағынды.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.