Кедендiк бақылау жүргiзудiң нысандары мен тәртiбi

Кедендік ресімдеу, күні бұрынғы операциялар жүргізу, тауарларды қайта тиеу, оларды қарау және кедендік тексеру орындары, уақытша сақтау орындары, кедендік бақылаудағы тауарларды тасымалдайтын көлік құралдарының тұрақтары, кеден қоймалары, арнайы экономикалық аймақ аумақтары, еркін қоймалар, бажсыз сауда дүкендері және жолаушылармен тауар ағымдарының көлемін, жекелеген аймақтардың және (немесе) сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушылардың сыртқы экономикалық байланыстары дамуының қарқынын негізге ала отырып кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын Қазақстан Республикасы кеден органдарының орналасқан орындары кедендік бақылау аймағы болып табылады.

Кедендік бақылау аймағы Қазақстан Республикасының кеден органдары белгілеген орындарда құрылады.

Орындарды кедендік бақылау аймағы деп тану үшін:
1) уақытша сақтау орындары деп тану туралы шешім және уақытша сақтау қоймасын, еркін қойманы, кеден қоймасын, бажсыз сауда дүкенін құруға арналған лицензия;

2) кеден органының орналасқан орны туралы тіркеу құжаты;

3) Кеден кодексінің 20-бабына сәйкес, кедендік ресімдеу орындарын оның ішінде әуежайларда, порттарда, теміржол станцияларында белгілеу туралы Қазақстан Республикасы кеден органының шешімі;

4) Қазақстан Республикасы Үкіметінің халықаралық өткізу пункттерін немесе арнайы экономикалық аймақты құру (ашу) туралы акт негіз болып табылады.

Тұрақты кедендік бақылау аймағы мынадай талаптар сақтала отырып таным белгілерімен белгіленеді:

  • автомагистралдарда — жарық шағылыстырғыш қабаты бар ақпараттық-нұсқау белгілерімен және (немесе) «Жол қозғалысының қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігіндегі ережелердің, нормативтердің және стандарттардың талаптарына сәйкес ішкі және сыртқы жарықтандыру;
  • Ережеде көрсетілген өзге де орындарда — мынадай мөлшердегі белгілермен: биіктігі — 50 см, ені — 100 см. Белгінің көк алаңында ақ әріптермен үш жолға (қазақ, орыс және ағылшын) үш тілде «Кедендік бақылау аймағы» жазуы орындалады. Әріптердің мөлшері биіктігі бойынша — 10 см, ені — 3,7 см болуы тиіс;
  • кедендік бақылау аймағы суда жарық шағылыстырғыш бояумен орындалған «Кедендік бақылау аймағы» жазуы қызыл түсті бояумен белгіленуі мүмкін.

Кедендік бақылаудың уақытша аймақтарын құру туралы шешімді кедендік бақылаудың тұрақты аймақтарынан тыс қарауды немесе кедендік тексеруді жүзеге асыру қажеттілігі жағдайында кеден органының лауазымды адамы қабылдайды. Уақытша кедендік бақылау аймағын белгілеудің мерзімі 8 сағаттан аспауы тиіс.

Уақытша кедендік бақылау аймағы мынадай талаптар сақтала отырып таным белгілерімен белгіленеді:

  • уақытша бақылау аймақтарының шектері периметрі бойынша бірдей аралықтарда «кедендік бақылау аймағы» деген жазуы бар ені 50 миллиметрден кем емес ақшыл сары түсті созылмалы жолақпен, не бір бірінен 2 метрден аспайтын қашықтықтағы және 0,5 метрден кем емес, алайда қаралатын немесе тексерілетін көлік құралынан 4 метрден артық емес қашықтықтағы жол конустарымен шектеледі.
  • уақытша кедендік бақылау аймағы автомобиль жолдарына жақын (оларға жақын алаңдар мен түйісулерде) орналасқан жағдайда, 3.17.1 жол тобының «Кеден» белгісі қолданылады;
  • уақытша кедендік бақылау аймағы оның шектері басқа қозғалыс қатысушыларына кедергі келтірмейтіндей етіп белгіленеді.

Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнайы қызметтері лауазымды адамдарының кедендік бақылау аймағына кіру және онда жүріп-тұруы Қазақстан Республикасы кеден органының рұқсатымен және оның бақылауымен мынадай құжаттардың:

қызметтік куәліктің;

тиісті мемлекеттік орган құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу және алдын алу жөніндегі ұйымдастырушылық жедел-профилактикалық және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арнап тіркеген қаулының немесе нұсқаманың болуы шартымен жүзеге асырылады.

Кедендiк бақылау нысандары:

  • кедендiк декларацияны, құжаттар мен мәлiметтердi тексеру;
  • ауызша пiкiр сұрау;
  • түсiндiрмелер алу;
  • кедендiк қадағалау;
  • тауарлар мен көлiк құралдарын тексеру;
  • тауарлар мен көлiк құралдарын кедендiк тексерiп қарау;
  • жеке тексеру;
  • тауарларды арнаулы таңбалармен таңбалау не осы Кодексте және Қазақстан Республикасының салық заңдарында көзделген жағдайларда оларға бiрдейлендiру белгiлерiн соғу;
  • тауарлар мен көлiк құралдарының есебi мен олар бойынша есептiлiк жүйесiн тексеру;
  • тауарлар мен көлiк құралдарын есепке алу;
  • үй-жайлар мен аумақтарды тексеру болып табылады.

Кедендiк декларацияны, құжаттар мен мәлiметтердi тексеру

Кеден органдары, құжаттардың түпнұсқалылығын және мәлiметтердiң дұрыстығын анықтау мақсатында, тауарлар мен көлiк құралдарын кедендiк ресiмдеу кезiнде берiлген кедендiк декларацияны, құжаттарды және мәлiметтердi тексередi.

Кеден органдарына кедендiк ресiмдеу кезiнде берiлген мәлiметтердiң дұрыстығын тексеру оларды басқа дерек-көздерден алынған ақпаратпен салыстыру, арнаулы кедендiк статистиканың мәлiметтерiн талдау, ақпараттық технологияларды пайдалана отырып мәлiметтердi өңдеу арқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да тәсiлдермен жүзеге асырылады.

Кедендiк бақылауды жүзеге асыру кезiнде кеден органы кедендiк декларациядағы ақпараттарды тексеру мақсатында тұлғалардан жазбаша түрде барлық құжаттар мен мәлiметтердi сұратып алуға құқылы.

Iрiктеп тексеру негiзiнде кеден органдарының құжаттар мен мәлiметтердi тексеруiне жол берiледi.

Кеден кодексінің 442-бабының 3-тармағына сәйкес қосымша құжаттар мен мәлiметтер сұрату және оларды тексеру, егер кеден кодексінде тiкелей өзгеше көзделмесе, тауарларды шығаруға кедергi жасамауға тиiс.

Ауызша пiкiр сұрау

Қазақстан Республикасының кедендiк шекарасы арқылы өткiзiлетiн тауарлар мен көлiк құралдарына кедендiк ресiмдеудi жүргiзу, алдын ала операциялар мен өзге де кедендiк рәсiмдер кезiнде кеден органдарының лауазымды адамдары тұлғалардан ауызша пiкiр сұрауға құқылы, аталған тұлғалардан мұндай пiкiр сұрау нәтижелерi жазбаша нысанда ресiмделмейдi.

Түсiндiрмелер алу

Түсiндiрмелер алу — кеден органдары лауазымды адамдарының декларанттардан және кедендiк бақылауды жүзеге асыру үшiн маңызы бар мән-жайлар туралы мәлiметтердi бiлетiн өзге де адамдардан кеден iсi саласындағы қажеттi ақпаратты алуы.

Түсiндiрме жазбаша нысанда ресiмделедi. Адамды түсiндiрме алу үшiн шақыру туралы хабарламаға тиiстi кеден органының басшысы қол қояды және шақырылған адамға қол қойғызып алу арқылы тапсырылады.

Кедендiк қадағалау

Кедендiк қадағалау — кеден органдары лауазымды адамдарының кедендiк бақылаудағы тауарлар мен көлiк құралдарының тасымалдануын, олармен жүк және өзге де операциялардың жасалуын көзбен шолып, оның iшiнде техникалық құралдарды қолдана отырып бақылауы.

Тауарлар мен көлiк құралдарын тексеру

Кеден органы лауазымды адамдарының тауарлар мен көлiк құралдарын, оның iшiнде халықаралық почта жөнелтiмдерiн, жеке тұлғалардың багажын қарауы кедендiк бақылаудағы тауарлардың сипаты, шығарылған жерi, жай-күйi, мөлшерi туралы, тауарларда, көлiк құралдарында және олардың жүк тиелетiн бөлiктерiнде кедендiк пломбалардың, мөрлердiң және басқа да қондырылған бiрдейлендiру құралдарының бар екендiгi туралы мәлiметтердi растау үшiн жүзеге асырылады.

Тауарлар мен көлiк құралдарын тексеру — егер мұндай тексеру көлiк құралы мен оның жүк тиелетiн бөлiктерiн ашумен және тауарлардың орамаларын бұзумен байланысты болмаса, кедендiк бақылау мақсаттары үшiн тауарларды, жеке тұлғалардың багажын, көлiк құралдарын, жүкке арналған ыдыстарды, кедендiк пломбалардың, мөрлердiң және өзге де тауарларды бiрдейлендiру құралдарының бар-жоқтығын сырттай көзбен тексеру.

Кедендiк бақылау аймағында тауарлар мен көлiк құралдарын тексеру декларант, тауарлар мен көлiк құралдарына қатысты өкiлеттiктерi бар өзге де адамдар және олардың өкiлдерi тексеру кезiнде қатысуға тiлек бiлдiретiн жағдайларды қоспағанда, аталған адамдардың қатысуынсыз жүргiзiлуi мүмкiн.

Тауарлар мен көлiк құралдарын тексеру нәтижелерi бойынша кеден органдарының лауазымды адамдары, егер мұндай тексерудiң нәтижелерi кедендiк мақсаттарда пайдаланылатын болса, белгiленген нысан бойынша акт жасайды. Кеден органының лауазымды адамдары тауарлар мен көлiк құралдарына қатысты өкiлеттiктерi бар адамның талабы бойынша акт жасауға мiндеттi. Кедендiк қарау жүргiзiлгендiгi туралы актiнiң екiншi данасы тауарлар мен көлiк құралдарына қатысты өкiлеттiктерi бар адамға тапсырылады.

Тауарлар мен көлiк құралдарын кедендiк тексерiп қарау

Кедендiк тексерiп қарау — кеден органдары лауазымды адамдарының тауарлардың орамаларын немесе көлiк құралының жүк тиелетiн бөлiктерiн не ыдыстарды, контейнерлердi және тауарлар бар немесе болуы мүмкiн өзге де орындарды ашумен байланысты тауарлар мен көлiк құралдарына қатысты iс-әрекетi.

Кедендiк тексерiп қарау тауарларды кедендiк мақсаттар үшiн бiрдейлендiру, мәлiмделетiн мәлiметтердiң дұрыстығын анықтау не Қазақстан Республикасының кеден заңдарын бұзу туралы ақпарат болған кезде мұндай ақпаратты тексеру, сондай-ақ iрiктеп тексерудiң негiзiнде кедендiк бақылау жүргiзу мақсатында жасалады.

Белгiленген жағдайды қоспағанда, декларант, тауарлар мен көлiк құралдарына қатысты өкiлеттiктерi бар өзге де тұлғалар және олардың өкiлдерi өздерiнiң бастамасы бойынша тауарлар мен көлiк құралдарын кедендiк тексерiп қарау кезiнде қатысуға құқылы.

Тауарлар мен көлiк құралдарына қатысты өкiлеттiгi бар декларант немесе өзге тұлғалар және олардың өкiлдерi кеден органы лауазымды адамдарының талабы бойынша тауарлар мен көлiк құралдарын тексерiп қарау кезiнде қатысуға және кеден органының лауазымды адамдарына қажеттi жәрдем көрсетуге мiндеттi. Тасымалдаушы арнайы уәкiлеттiк берген өкiл болмаған жағдайда, көлiк құралын басқаратын жеке тұлға осы мiндеттi атқарушы болып табылады.

Кеден органы декларант, тауарлар мен көлiк құралдарына қатысты өкiлеттiктерi бар өзге де адамдар және олардың өкiлдерi болмаған кезде, мынадай жағдайларда:

  • аталған адамдар тауарлар мен көлiк құралдары тапсырылғаннан кейiн он күн өткен соң келмеген жағдайда;
  • ұлттық қауiпсiздiкке, адамның өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға, Қазақстан Республикасы халықтарының мәдени игiлiгiн сақтауға қауiп болған жағдайда және кейiнге қалдыруға болмайтын өзге де жағдайларда;
  • тауарларды халықаралық почта жөнелтiмдерiмен жiберген кезде;
  • тауарлар мен көлiк құралдарын Қазақстан Республикасының кедендiк аумағында кедендiк режимдi бұза отырып қалдырған жағдайда тауарлар мен көлiк құралдарына кедендiк тексерiп қарау жүргiзуге құқылы.

Аталған жағдайларда тауарлар мен көлiк құралдарын кедендiк тексерiп қарау екi куәгердiң қатысуымен жүргiзiледi және уәкiлеттi орган бекiткен нысан бойынша кедендiк тексерiп қарау актiсi ресiмделедi.

Егер кедендiк декларацияда көрсетiлген тауарлардың бiр бөлiгi бiр атаудағы тауарлар ретiнде кедендiк тексерiп қарауға ұшыраған болса, онда мұндай тексерiп қараудың нәтижелерi кедендiк декларацияда көрсетiлген осындай барлық тауарларға қолданылады.

Кедендiк тексерiп қараудың нәтижелерi бойынша екi дана етiп акт жасалады. Кедендiк тексерiп қарау жүргiзiлгендiгi туралы актiде мынадай мәлiметтер:
1) кедендiк тексерiп қарауды жүргiзген кеден органының лауазымды тұлғалары мен оны жүргiзу кезiнде қатысқан адамдар туралы мәлiметтер;

2) декларанттың, тауарлар мен көлiк құралдарына қатысты өкiлеттiктерi бар өзге де адамның қатысуынсыз кедендiк тексерiп қарау жүргiзудiң себептерi;

3) кедендiк тексерiп қараудың нәтижелерi көрсетiледi.

Актiнiң екiншi данасы тауарлар мен көлiк құралдарына қатысты өкiлеттiктерi бар адамға не оның өкiлiне тапсырылады.

Жеке тексерiп қарау

Кедендiк бақылаудың ерекше нысаны ретiндегi жеке тексерiп қарау Қазақстан Республикасының кедендiк шекарасы арқылы өтетiн не кедендiк бақылау аймағындағы немесе халықаралық әуежайдың транзит аймағындағы жеке тұлғаның Қазақстан Республикасының заңдарын бұзу объектiлерi болып табылатын тауарларды өзiнде жасырып, бермей тұр деп ойлауға жеткiлiктi негiздер болған жағдайда, кеден органы басшысының, оны алмастырушы адамның не Қазақстан Республикасының кедендiк шекарасындағы бақылау-өткiзу пунктi уәкiлеттi лауазымды адамының жазбаша шешiмi бойынша жүргiзiледi.

Жеке тексерiп қарау жүргiзуге байланысты рәсiмдi және жеке тексерiп қарауды рәсiмдеу тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.

Жеке тексерiп қарау басталар алдында кеден органының лауазымды адамы жеке тұлғаға кеден органы басшысының немесе оны алмастырушы адамның жеке тексерiп қарауды жүргiзу туралы шешiмiн көрсетуге, жеке тұлғаны мұндай тексерiп қарауды жүргiзу кезiндегi құқықтарымен таныстыруға және жасырған тауарларын өз еркiмен беру туралы ұсыныс жасауға мiндеттi.

Кеден органы лауазымды адамының жеке тексерiп қарау жүргiзу кезiндегi iс-әрекетi жеке тұлғаның ар-намысы мен абыройына нұқсан келтiрмеуге тиiс.

Өзiне қатысты жеке тексерiп қарау жүргiзiлiп отырған жеке тұлғаның:
1) жеке тексерiп қарау жүргiзу басталғанға дейiн оны жүргiзу тәртiбiмен және жеке тексерiп қарау жүргiзу туралы шешiммен танысуға;

2) Қазақстан Республикасының заңдарын бұзу объектiлерi болып табылатын өзiнде жасырған тауарларын өз еркiмен беруге;

3) жеке тексерiп қарау жүргiзетiн кеден органы лауазымды адамының жеке тексерiп қарау жүргiзу туралы хаттамаға мiндеттi түрде енгiзе отырып, мәлiмдеме жасауға;

4) жеке тексерiп қарау жүргiзудiң нәтижелерiмен және iс жүргiзу құжаттарымен танысуға;

5) жеке тексерiп қарау жүргiзетiн кеден органы лауазымды адамдарының iс-әрекеттерiне осы Кодекске сәйкес шағым жасауға;

6) адвокаттың қызметтерiн пайдалануға құқығы бар.

Өзiне қатысты жеке тексерiп қарау жүргiзiлген жеке адамға жеке тексерiп қараудың жүргiзiлгенi туралы хаттаманың көшiрмесi, тауарлардың алынып қойғаны туралы актi берiледi.

Жеке тексерiп қарауды тексерiлiп қаралатын адаммен бiр жыныстағы кеден органының лауазымды адамдары сол жыныстағы екi куәгердiң қатысуымен санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келетiн оқшауланған үй-жайда жүргiзедi. Бұл үй-жайға басқа жеке тұлғалардың енуiне және олардың тарапынан жеке тексерiп қараудың жүргiзiлуiн қадағалау мүмкiндiгiне жол берiлмеуге тиiс. Тексерiп қаралатын адамның дене органдарын тексерiп зерттеудi маман-дәрiгер, қажет болған жағдайда арнайы медициналық техниканы пайдалана отырып жүргiзуге тиiс.

Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, маман-дәрiгердiң кеден органы басшысының немесе оны алмастырушы адамның жеке тексерiп қарауды жүргiзу туралы шешiмiн орындаудан жалтаруға құқығы жоқ.

Жеке тексерiп қараудың жүргiзiлгендiгi туралы уәкiлеттi орган бекiтетiн нысан бойынша хаттама жасалады.

Хаттамаға — жеке тексерiп қарауды жүргiзген кеден органының лауазымды адамы, өзiне қатысты тексерiп қарау жүргiзiлген жеке тұлға, куәгерлер, ал тексерiп зерттеу жүргiзiлген кезде — дәрiгер қолдарын қояды.

Тауарларды арнаулы таңбалармен таңбалау, оларға бiрдейлендiру белгiлерiн қою

Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда кеден органдары кедендiк бақылауды тауарларда (олардың орамаларында) арнаулы таңбалардың, бiрдейлендiру белгiлерiнiң немесе оларды Қазақстан Республикасының кедендiк аумағына әкелудiң заңдылығын растау үшiн пайдаланылатын тауарларды белгiлеудiң өзге де тәсiлдерiнiң болуын тексеру жолымен жүзеге асырады.

Тауарларда арнаулы таңбалардың, бiрдейлендiру белгiлерiнiң немесе тауарларды белгiлеудiң өзге де тәсiлдерiнiң болмауы, егер өзiнен мұндай тауарлар табылған адам, декларант не өзге де мүдделi адам басқаша дәлелдей алмаса, Қазақстан Республикасының кедендiк аумағына тауарларды кедендiк ресiмдеу мен шығару жүргiзiлмей жүзеге асырылған тауарлар әкелу ретiнде қаралады.

Тауарлардың және көлiк құралдарының есебi мен олар бойынша есептiлiк жүйесiн тексеру

Кедендiк бақылаудың нысаны ретiндегi тауарлардың және көлiк құралдарының есебi мен олар бойынша есептiлiк жүйесiн тексеру мынадай жағдайларда:

  • тұлға кеден кодексінің ережелерiне сәйкес кедендiк ресiмдеудiң оңайлатылған рәсiмдерiн қолдану туралы мәлiмдеген кезде;
  • Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртiппен есепке алынуға тиiс тауарларды шартты түрде шығарған кезде;
  • кеден брокерлерi, кедендiк тасымалдаушылар ретiндегi қызметтi жүзеге асыратын, сондай-ақ жекелеген кедендiк режимдер шеңберiнде және уақытша сақтау бойынша кеден қызметтерiн көрсету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын тұлғаларға қатысты;
  • кедендiк бақылаудағы тауарлар мен көлiк құралдарына қатысты сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды тексеру кезiнде қолданылады.

Кеден кодексінде көрсетiлмеген жағдайларда, есеп пен есептiлiк жүйесiн тексеру кеден iсi саласындағы сыртқы экономикалық және өзге де қызметтi тексерудi пайдалана отырып кедендiк бақылау жүргiзу кезiнде iске асырылуы мүмкiн.

Тауарлар мен көлiк құралдарының есебiн жүргiзу

Шартты түрде шығарылған тауарлар мен көлiк құралдарын, тарифтiк және тарифтiк емес реттеу шаралары белгiленген тауарларды бақылауды қамтамасыз ету мақсатында кеден органдары осы Кодекске сәйкес кедендiк ресiмдеу мен кедендiк бақылау кезiнде тұлғалар беретiн мәлiметтер негiзiнде, уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен және нысандарда Қазақстан Республикасының кедендiк шекарасы арқылы өткiзiлетiн тауарлар мен көлiк құралдарының есебiн жүргiзедi.

Қазақстан Республикасының аумағында шартты түрде шығарылған тауарлар мен көлiк құралдарын пайдаланатын тұлғалар және осы Кодексте белгiленген өзге де тұлғалар олардың есебiн жүргiзуге және кеден органдарына уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен есептiлiк тапсыруға мiндеттi.

Үй-жайлар мен аумақтарды тексеру

Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, кеден бақылауын жүргiзу мақсатында кеден органының лауазымды адамдары қызметтiк куәлiгiн және кеден органының басшысы қол қойған нұсқаманы көрсеткен кезде, кедендiк бақылауға жататын тауарлар мен көлiк құралдары, кедендiк бақылау үшiн қажеттi құжаттар болатын, не болуы мүмкiн, не кедендiк бақылаудағы тауарларға қатысты қызмет жүзеге асырылатын аумақ пен үй-жайларға (тексерiп қарау мен тiнту жүргiзу құқығынсыз) кiруге құқығы бар.

Кiруге прокурор рұқсат ететiн тұрғын үй-жайларды қоспағанда, аумаққа және үй-жайға кiргiзуден бас тартқан жағдайда кеден органдарының лауазымды адамдары, аумаққа және үй-жайға екi куәгердiң қатысуымен қарсылықтың жолын кесу және жабық үй-жайларды ашу арқылы кiруге құқылы. Үй-жайларға қарсылықтың жолын кесу және жабық үй-жайларды ашу арқылы кiрудiң барлық жағдайлары туралы кеден органдары жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорды хабардар етедi. Кеден органдары лауазымды адамдарының аумақ пен үй-жайларға кiруiне қарсылық көрсеткен адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

Кейiнге қалдыруды күттiрмейтiн жағдайларда прокурордың рұқсаты талап етiлетiн әрекеттер рұқсатсыз да, бiрақ кейiннен прокурорды жиырма төрт сағаттың iшiнде жазбаша хабардар ете отырып жүргiзiлуi мүмкiн. Прокурор аталған хабарламаны алғаннан кейiн жүргiзiлген әрекеттердiң заңдылығын тексередi және олар заңсыз болған жағдайда күшiн жояды немесе тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды өз қаулысымен тоқтатады.

Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде мемлекеттiк органдар лауазымды адамдарының жекелеген объектiлерге кiруiнiң арнаулы тәртiбi белгiленсе, онда мұндай объектiлерге кiру осы заң актiлерiнде айқындалған тәртiппен жүргiзiледi.

Кедендiк бақылаудағы, оның iшiнде шартты түрде шығарылған тауарлардың бар екендiгiн растау мақсатында жүргiзiлетiн үй-жайлар мен аумақтарды тексеру уақытша сақтау қоймаларында, кеден қоймаларында, бос қоймаларда, арнаулы экономикалық аймақтарда, бажсыз сауда дүкенiнiң үй-жайларында, сондай-ақ осы Кодексте көзделген кедендiк рәсiмдердiң немесе кедендiк режимдердiң шарттарына сәйкес тауарлар болуы тиiс тұлғаларға жүргiзiледi. Үй-жайлар мен аумақтарды тексеру тауарлардың жоғалғаны, оларды иелiктен айырғандығы не оларға осы Кодексте белгiленген талаптар мен шарттарды бұза отырып өзге де тәсiлмен билiк етiлуi туралы ақпарат болған жағдайда, осындай ақпаратты тексеру үшiн, сондай-ақ iрiктеп тексеру негiзiнде жүргiзiледi.

Жоғарыда аталған көрсетiлмеген тұлғалардың үй-жайлары мен аумақтарын тексерудi кеден органдары осындай үй-жайларда немесе аумақтарда Қазақстан Республикасының кедендiк аумағына осы Кодексте көзделген тәртiптi бұза отырып әкелiнген тауарлардың бар екендiгi туралы ақпарат болған жағдайда, осындай ақпаратты тексерiп шығу үшiн жүргiзедi. Тексеру нәтижелерi жөнiнде уәкiлеттi орган бекiтетiн нысан бойынша акт жасалады, оның екiншi данасы тексеру жүргiзiлген тұлғаға берiледi.

Үй-жайлар мен аумақтардың кеден кодексінің 89, 104, 130, 145, 246-баптарында белгiленген бағалау талаптары мен шарттарына сәйкестiгiн анықтау үшiн тексерудi де кеден органдары жүзеге асырады. Тексеру нәтижелерi бойынша уәкiлеттi орган белгiлейтiн нысан бойынша қорытынды жасалады.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.