Инвестиция түсінігі және экономикалық мағынасы

Инвестиция – Қазақстан экономикасының нарықтық экономикаға өтуі кезінде пайда болған жаңа термин. Орталықтандырылған жоспарлау жүйесінің шеңберінде «жалпы капиталдық салынымдар» деген түсінік қолданылатын, осы түсінік бойынша жаңа құрылыс пен қайта өңдеуге, шаруашылық жүргізіп отырған кәсіпорындарының кеңеюі мен техникалық қайта қамтамасыздандырылуына (өндірістік капиталдық салынымдар), тұрғын үй мен тұрмыстық-мәдени құрылысқа (өндірістік емес капиталдық салынымдар) жұмсалатын барлық қаржылық құралдар түсіндірілетін.

Инвестициялар ақша құралдары, мақсатты банкілік салымдар, пайлар, акциялар және де басқа құнды қағаздар, технологиялар, машиналар, қондырғылар, лицензиялар, соның ішінде тауар белгісіне, пайда табу мақсатында кәсіпкерлік қызмет объектісіне салынатын интеллектуалды бағалықтар, несиелер, кез келген мүлік немесе мүліктік құқықтар ретінде анықталады және осының бәрі пайда табу мен әлеуметтік жақсы әсерлерге жету мақсатында болады. Осы тұрғыдан инвестиция түсінігі нарықтық тәсілдерге едәуір жақын келеді.

Келтірілген анықтамалар нарықтық және жоспарлық жүйелерде инвестицияның мәнін түсінудегі айырмашылықты көрсетеді. Ресурстардың бөлінуі әкімшілік жүйесі жағдайында меншіктің бір түрімен жүзеге асатындықтан, инвестицияландырудың қаржылық және басқа түрлерінің бар екендігін отандық экономикалық ғылым қарастырмады. Жоспарлық экономика жағдайында инвестициялар ағымдағы шығындардан тек бір уақыттық сипатымен ғана айырықшаланатын залал түрінде көрінді. Экономика ғылымы мен тәжірибесі дәлелдеп отырғандай, капиталдық салынымдар инвестицияның синонимі болып табылмайды, берілген терминдер ұқсас емес. Капиталдық салынымға қарағанда инвестиция түсінігі әлдеқайда кең. Батыс әдебиеттерінде қор нарығын қарастыруға баса назар аударады, себебі  нарықтық экономикасы дамыған елдерде (АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Жапония) инвестицияландыру бағалы қағаздар арқылы іске асады. Қазіргі таңда отандық тәжірибеде екі термин де қолданылады.

«Инвестиция» термині латынның investire – «жұмылдыру» сөзінен алынған. Бұл термин ғылыми және публицистикалық әдебиеттерде кеңінен қолданылады. Ғылыми әдебиеттерде инвестицияны анықтаудың әр түрлі тәсілдері бар. Пол Самуэльсон инвестицияландыру туралы былай жазады: «Біз қоғамның нақты капиталының таза өсімін білдіретін нәрселерді (ғимараттар, қондырғылар, өндірістік-материалдық қорлар және т.б.) таза инвестицияландыру немесе капитал қалыптасуы деп айтамыз. Тұрғындар үшін жерді, қолданыста жүрген құнды қағаздарды немесе меншіктің кез келген түрін сатып алу инвестицияландыру болып табылады. Экономистер үшін бұл тек таза трансферттік операциялар. Яғни біреуі инвестицияландырса, басқа біреуі дезинвестицияландырады. Таза инвестицияландыру тек жаңа нақты капитал қалыптасқан кезде ғана орын алады». У. Шарп инвестицияны былайша анықтайды: «Нақты инвестицияларға әдетте қандай да бір материалдық-көрнекті активтер түріне инвестициялау кіреді, мысалы, жер, қондырғылар, зауыттар сияқты. Қаржылық инвестициялар қағазда жазылған келісім-шарттарды, мысалы, кәдімгі акциялар мен облигациялар сияқтыны білдіреді. Қарапайым экономикаларда инвестициялардың негізгі бөлігі нақтыға жатқызылса, қазіргі дәуірдің экономикасында инвестициялардың үлкен бөлігі қаржылық инвестициялар болып табылады. Қаржылық инвестицияландыру институттарының жоғары дамуы нақты инвестицияның өсуіне едәуір дәрежеде ықпал етеді. Әдетте, бұл екі форма бәсекелес емес, бірін-бірі толықтырушы болып табылады».             В. Бочаров инвестицияны табыстың тұтынуға жұмсала алмайтын бөлігі деп түсінеді. Инвестициялық ресурстар инвестициялық іскерліктің капиталдық құнының табыс немесе әлеуметтік әсер түріндегі өсімі алынатын нақты объектілеріне трансформацияланады.

Экономикалық және қаржылық тұрғыдан инвестицияландыру экономикалық ресурстарды болашақта таза пайдаға жету және бұл пайданы бастапқы салынған капиталдан асырып түсіру мақсатымен ұзақ мерзімді салу деп анықталады. Капиталдық салым үрдісінің жалпы анықтамасы: инвестицияландыру дегеніміз бүгінгі қажеттіліктерін қанағаттандыруды оны келешекте инвестициялық игіліктердің көмегімен қанағаттандыру үмітіне айырбастауды білдіреді.

Инвестиция – бұл ақшаны, оның сақталуына немесе құнының артуына және табыстың оң шамасын қамтамасыз етуге үміт арта отырып, орналастыруға болатын кез келген құрал. Бос ақша құралдары инвестиция болып табылмайды, себебі қолма-қол ақшаның құнын инфляция жеп қоюы мүмкін және ол ешқандай да табыс әкелмейді. Капиталды орналастырудың түрлі факторларымен айырықшаланатын әр түрлі нысандары бар: құнды қағаздар мен жылжымайтын мүлікке; қарыздық міндеттемелерге; опциондар мен акцияларға; шағын немесе үлкен тәуекелмен; қысқа немесе ұзақ мерзімге; тікелей және жанама.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.