Инновациялы инвестициялық жобаларды талдау

Халықаралық тәжірибеде кәсіпорынның даму жоспары бизнес-жоспар ретінде көрсетіледі, ол негізінен кәсіпорынның даму жоспарының құрылымдастырылған сипаты болып табылады. Егер жоба инвестицияны тартумен байланысты болса, онда ол «инвестициялық жоба» деп аталады. Ал егер инновацияны енгізумен байланысты болса, онда сәйкесінше инновациялы жоба деген атауға ие болады. Әдетте кәсіпорынның кез келген жобасы, қалай болса да, инвестицияның тартуымен байланысты болады. Жалпы түсінігі бойынша жоба – бұл белгілі бір мақсатқа жетелейтін кәсіпорынның іскерлігін өзгерту жайлы арнайы ұсыныс.

Жобаларды әдет бойынша тактикалық және стратегиялық деп ажыратады. Соңғысының қатарына меншік түрінің өзгерісін (арендалық кәсіпорынды, акционерлік қоғамды, жеке кәсіпорынды, біріккен кәсіпорындарды және т.с.с. құру) немесе өндіріс сипатының түбегейлі (жаңа өнім өндірісі, толық автоматтандырылған өндіріске көшу, т.с.с.) өзгерісін қарастыратын жобаларды жатқызады. Тактикалық жобалар, әдетте, шығарылатын өнім көлемінің өзгеруімен, өнім сапасын жоғарылатумен және қондырғыларды жаңартуымен, құрылыстың жаңа сипатта салынуымен байланысты болады.

Жобаны әзірлеудің және талдаудың алдын-ала кезеңі

Болашақ инвестициялық жобаның бизнес-идеясы тұжырымдалғаннан кейін, кәсіпорын сол бизнес-идеясын іске асыра ала ма деген сұрақ туады. Бұл сұраққа жауап беру үшін кәсіпорынның тиісті экономикалық саласының жағдайы мен сала шеңберіндегі кәсіпорынның салыстырмалы жағдайын талдау керек. Талдаудың осы түрі инвестициялық жобаны әзірлеу мен оны талдаудың алдын ала кезеңінің мазмұнын құрайды. Батыстық жобаларды талдау тәжірибесінде әдетте төмендегі критерийлерді қолданады:

  • саланың пісіп-жетілуі;
  • кәсіпорынның бәсекеге жарамдылығы (оның нарықтағы жағдайы).

Саланың пісіп-жетілуін оны даму жағдайының төрт түрінің біреуіне жатқызу арқылы талдау қалыптасқан: эмбрионалдық, өспелілік, пісіп-жетілген немесе ескірген.

Екінші критерийге сәйкес, кәсіпорынның тиісті сала шеңберінде оның бәсекеге жарамдылығын орнату керек. Басқаша айтқанда, тауар мен қызмет көрсетудің мақсатты нарығында берілген кәсіпорынның басқа кәсіпорындармен салыстырмалы жағдайын анықтау. Әдетте кәсіпорынның негізгі алты жағдайын қолданады: басым, мықты, жағымды, тұрақсыз, әлсіз, өмір сүре алмайтын.

Кәсіпорынның пісіп-жетілу критерийі мен бәсекелік қабілетін салыстыру арқылы кәсіпорынның өмір сүру циклінің матрицасын құруға болады және ол матрица конструктивті сипатқа ие болады: кәсіпорынның жағдайын қалыптастырып қана қоймай, ары қарай дамуы бойынша қағидалық кеңестер береді.

Жобаны талдаудың алдын ала кезеңінің соңғы нәтижесі көрсетілген критерийлер бойынша нақты бір кәсіпорынның жағдайын белгілеу болып табылады, яғни берілген кәсіпорынның матрицадағы қандай нақты «торға» жататындығын білдіреді. Талдаудың алдын ала кезеңі уақыт бойынша ұзақ болмауы керек және алдын ала кезеңінде жасалатын қорытындылар сапалық бағаларға негізделеді. Соған қарамастан, бұл кезең келесі екі себепке байланысты қажет:

  • стратегиялық инвестормен ары қарай қатынас жасау баырсында саланың пісіп-жетілуі мен кәсіпорынның бәсекелік жағдайы туралы мәселелер міндетті түрде қозғалады және бұған алдын ала дайындалу қажет етіледі;
  • егер кәсіпорынның басқарушылары (менеджерлері) талдауға назар аудармаса, онда стратегиялық инвестор бұл жұмысты өзі атқарып, оң нәтижелерге келмеуі мүмкін.

Жобаның көптүрлілігіне қарамастан, оларды талдау әдетте кейбір жалпы сызбаға сәйкес келеді, ол жобаның коммерциялық, техникалық, қаржылық, экономикалық және институционалдық орындалуын бағалайтын арнайы бөлімшелерден тұрады. Стратегиялық инвестордың көзқарасы бойынша, дұрыс жоба тәуекелді талдаумен аяқталуы керек. Сызбада қолданылатын «жоба қабылданбайды» резолюциясы шарттық сипатта болатынын атап өткен жөн.

Техникалық талдау

Инвестициялық жобаны техникалық талдау міндетіне мыналар жатады:

  • жоба мақсаттарының көзқарастарына неғұрлым сәкес келетін технологияларды анықтау;
  • жергілікті жағдайларды талдау, оның ішінде жерге, шикізатқа, энергияға, жұмыс күшіне қол жеткізуді және оның құнын;
  • жобаның іске асуы мен жоспарлаудың потенциалды мүмкіндіктерін тексеру.

Техникалық талдауды, әдетте, кәсіпорынның жеке сарапшылар тобы арнайы мамандарды шақыру арқылы жүргізеді. Техникалық талдаудың стандартты процедурасы қолда бар жеке технологияларды талдаудан басталады. Сонымен қатар келесі критерийлерді басшылыққа алу керек: 1) технология өзін алдын ала жақсы жағынан көрсетуі тиіс, яғни стандартты болу керек; 2) технология импорттық қондырғылар мен шикізаттарға бағытталмауы керек. Егер өз технологиясын қолдану мүмкін болмаса, онда төмендегі схемалардың бірі бойынша біреуімен шетелдік технология мен қондырғыларды тарту мүмкіндігіне талдау жүргізіледі:

  • шетел фирмасымен бірлескен кәсіпорын – бөлшектеп инвестицияландыру және барлық технологиялармен қамтамасыз ету;
  • технологиялық «ноу-хауды» іске асыратын жаңа қондырғыны сатып алу;
  • «Turn-key» — қондырғы сатып алу, зауыт салу, технологиялық үрдісті қалыптастыру;
  • «Product-in-hand» — «turn-key» + кәсіпорынның қажетті дайын өнім шығарғанға дейін персоналды оқыту;
  • өндіріс үшін лицензиялар сатып алу;
  • шетелдік технолог тарапынан техникалық көмек. Технология таңдау ережесі кейбір альтернативті технологияларды кешендік талдауды және қандай да бір агрегатталған критерийдің негізінде жақсы нұсқауды таңдауды қарастырады.

Альтернативті технологиялардың ішінен таңдаудың негізгі факторлары технологияны қолдануының келесі аспектілеріне негізделеді:

  1. Сәйкес масштабтарда таңдалған технологияларды бұрынғы бойынша қолдану.
  2. Шикізатқа қол жеткізушілік.
  3. Коммуникациялар мен коммуналды қызметтер.
  4. Технологияларды сатып отырған ұйымның патенті мен лицензиясы бар екендігіне көз жеткізу керек.
  5. Ең болмағанда технологияны сатушының өндіріспен серіктесе жүруі.
  6. Технологияның жергілікті жағдайларына бейімделуі (температура, ылғалдылық, т.с.с.).
  7. Жүктемелік фактор және толық өнімділікке сәйкес, тұрақты жағдайына шығу үшін уақыттың керектігі.
  8. Экология мен қауіпсіздік.
  9. Капиталдық және құрылыстық шығындары.

Қаржылық талдау

Инвестициялық жобаның бұл бөлімі көлемді және еңбек сиымдылығы жоғары. Бұл мәселені түпкілікті қарастыруға жекелеген тараулар арналады. Қаржылық талдаудың өзара байланысты мәселелер кешенін қарастырайық. Инвестициялық жобалаудың қаржылық бөлімінің жалпы нұсқасы қарапайым тіізбекке негізделген:

  1. Кәсіпорын қызметінің соңғы 3 (дұрысы 5 жыл) жыл ішіндегі қаржылық жағдайына талдау жасау.
  2. Инвестициялық жобаны дайындау кезеңіндегі кәсіпорынның қаржылық жағдайына талдау жасау.
  3. Негізгі өнім өндірісінің залалсыздығына талдау жасау.
  4. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысындағы пайда мен ақша ағымдарын болжамдау.
  5. Инвестициялық жобаның тиімділік бағасы.

Кәсіпорынның бұдан бұрынғы қызметі мен ағымдағы жағдайына қаржылық талдау жасау әдетте кәсіпорынның пайдалылығы мен оның басқару тиімділігін, несие қабілеттілігін, өтемпаздығын көрсететін негізгі қаржылық коэффициенттерінің интерпретациясы мен есептеулеріне келтіріледі. Әдетте бұл қиындық туғызбайды. Қаржылық бөлімде кәсіпорынның өткен жылдардағы негізгі қаржылық есебін беру және негізгі көрсеткіштерді салыстыру аса қажет. Егер инвестициялық жоба батыстық стратегиялық инвесторды тарту үшін дайындалса, онда қаржылық есепті инвесторды тартқан батыс мемлекеттің форматтарына келтіру керек.

Шығынсыздықты талдау негізгі өнімдерді шығару мен өткізудің өзіндік құн құрылымын талдау бойынша жүйелік жұмыстарды және барлық шығындарының айнымалылар (өндіріс көлемі мен сату көлемінің өзгеруіне орай өзгереді) мен тұрақтыға (өндіріс көлемі өзгеруіне байланысты өзгермейтін) бөлінуін қамтиды. Шығынсыздықты талдаудың  негізгі мақсаты – шығынсыздық нүктесін анықтау, яғни пайданың нөлдік мәніне сәйкес келетін тауар көлемін сату. Шығынсыздықты талдаудың маңыздылығы нақты немесе жоспарланған пайданы инвестициялық жоба үрдісінде шығынсыздық нүктесі мен кәсіпорынның пайданы алып келетін іскерлігі сенімінің кейінгі бағасымен салыстыруына негізделген.

Жобаның қаржы бөлімінің неғұрлым жауапкершілігі мол бөлігі оның инвестициялық бөлігі болып табылады, ол мыналарды қамтиды:

  • жоба бойынша кәсіпорынның инвестициялық қажеттіліктерін анықтау;
  • инвестициялық қажеттіліктердің қайнар көздерін белгілеу;
  • инвестициялық жобаны іске асыру үшін тартылған капиталдың құнын бағалау;
  • жобаның есебінен түсетін пайда мен ақша ағымдарын болжау;
  • жоба көрсеткіштерінің тиімділігінің бағасы.

Жобаның өтелімділігін бағалау кезіндегі инфляцияны есепке алу мәселесі қарама-қайшылықты болып келеді. Әрине, уақытта өріс алған ақша ағымдарын ақшаның сатып алушылық қабілетінің өзгеруіне байланысты қайта санау керек. Сонымен қатар инвестициялық жобаның тиімділігі туралы соңғы қорытынды инфляциялық әсерді ескерусіз жасалынуы мүмкін.

Экономикалық талдау

Қаржылық талдаудың негізгі сұрағы: жоба кәсіпорын иелерінің (акционерлері) байлығын көбейте ала ма? Бұл сұраққа ақша ағымдарын талдау арқылы жауап беруге болады. Экономикалық талдау жобаның мемлекеттік (ұлттық) байлығын ұлғайтуға әсер етуін бағалаудан тұрады.

Экономикалық талдаудың қажеттілігі неде? Егер нарық толығымен (идеалды) еркін болса, онда экономикалық талдау жүргізудің керегі жоқ, себебі компанияның иелеріне не пайдалы болса, қалғандарға да сол пайдалы болып табылады. Еркін нарықтың негізгі белгілерін көрсетейік:

  • сатушылар мен сатып алушылар санының көп болуы;
  • барлық өндіріс пен құрылыс факторлары (еңбек, жер, капитал, материалдар) мобильді болу керек;
  • бағалар сатушылар мен сатып алушылардың қалауымен қалыптасады;
  • нарыққа жаңа компаниялардың енуіне бөгеттер қойылмауы керек.

Осындай жағдай алдыңғы қатарлы батыс елдері үшін де мінсіз екенін мойындау қажет. Шынында да, көп тауарлардың бағасын мемлекет жасанды түрде өзгертеді (көтереді немесе төмендетеді) және егер жобаның қаржылық үлесі белгілі болса да, экономикалық үлес өте сирек бағаланады. Сондықтан да ірі инвестициялық жобалар үшін олардың қаржылық тиімділігінен гөрі, экономикалық тиімділігі мен экономикалық тартымдылығын талдау қалыптасқан.

 

Добавить комментарий

Your email address will not be published.