Экономикалық заңдар және экономикалық категориялар

Зерттеліп отырған құбылыстардың мәні экономикалық заңдар мен экономикалық категорияларда нақты көрініс табады.

Экономикалық заңдар – бұл адамдар өмірінде үнемі тұрақты түрде қайталанып отыратын себеп-салдарлық байланыстар мен құбылыстар. Экономикалық заңдар қоғамдық өнімді өндіру, бөлу, айырбастау және тұтыну бойынша экономикалық қатынастардың даму заңдары болып табылады.

Қоғамның даму заңдары – экономикалық заңдар мен табиғат заңдарының ортақ белгілері мен айырмашылықтары болады. Бұларға тән ортақ белгілері болып экономикалық заңдар табиғат заңдары сияқты объективтік заңдар ретінде табылуы, яғни адамдардың еркі мен санасынан тыс тәуелсіз жаратылып, әрекет етеді. Ал айырмашылықтары – экономикалық заңдар адамдардың іс-әрекеті мен қызметін билейтін заңдар. Олар адамдардың еңбек әрекеттерінің үдерісінде туып, осы үдерістер арқылы жүзеге асырылады. Табиғат заңдары (мысалы, бүкіләлемдік тартылыс заңы) болса, адамдар қоғамынан тыс жағдайда да әрекет ете береді.

Экономикалық заңдар (табиғат заңдарынан ерекшелігі) ұзақ мерзім бойы өмір сүретін мәңгілік заңдар емес. Экономикалық заңдар тарихи тұрғыда белгілі бір кезеңде туып, өзгеріп, жойылып кетіп отырады. Экономикалық заңдардың жойылуы адамдар санасынан тәуелсіз, қоғамдағы объективтік экономикалық жағдайлардың өзгерісімен тікелей байланысты болып табылады. Экономикалық заңдар объективтік сипатқа ие болғандықтан, адамдар осындай заңдарды талдап, танып біле алады және өздерінің экономикалық өмірлерінде пайдалана алады. Адамдар экономикалық құбылыстар мен үдерістердің мәніне терең үңіле отырып, олардың даму заңдарын ашып, әрекет ету тетіктерін ұғынып отырады. Қоғам саналы түрде осы заңдардың талабын жүзеге асырады.

Сонымен, экономикалық заңдардың объективтік сипаты – олар жекелеген индивидтердің, фирмалардың немесе мемлекеттің еркінен, санасынан және қалауынан тыс орын алады және әрекет етеді. Мұндай заңдарды экономикалық ғылымның көмегімен танып білуге болады, бірақ оларды сол экономикалық ғылыммен жасауға болмайды. Экономикалық заңдарды анықтау экономикалық теорияның аса маңызды қызметтеріне жатады және олардың тәжірибелік маңызы зор болып табылады, себебі осындай заңдарды талдаудың негізінде тиімді экономикалық саясатты қалыптастыруға болады.

Экономикалық теория экономикалық заңдармен қатар экономика- лық категорияларды да зерттейді.

Экономикалық категориялар – бұл экономикалық құбылыстар- дың аса маңызды жақтарын және қоғам өмірінің нақты жағдайларын теориялық тұрғыдан сипаттайтын жалпылама ұғымдар мен логикалық түсініктер (мысалы, сұраныс, ұсыныс, тауар, баға, пайда, қаржы, несие, меншік, нарық, жалақы, бәсеке, т.б.).

Экономикалық заңдардың жиынтығы қоғамның даму заңдылық- тарын сипаттайтын экономикалық заңдар жүйесін құрайды. Осындай жүйені құрайтын заңдарды негізгі және негізгі емес деп бөлуге болмайды. Қоғам өмірін талдауда экономикалық заңдардың барлығы дерлік маңызды және өзара байланысты болып табылады. Тек бір ғана заңды пайдаланудан болған қателіктер барлық жүйені бүлдіріп, қоғамдық өмірдің тепе-теңдігін жояды.

Қолданылу мерзіміне қарай барлық экономикалық заңдар төмендегідей түрлерге бөлінеді:

  1. Арнайы экономикалық заңдар – шаруашылық жүргізудің нақты бір белгілі нысандарын дамытумен байланысты заңдар.
  2. Ерекше экономикалық заңдар – олардың іс-әрекет жүргізу жағдайлары сақталатын нақты бір тарихи дәуірлерге тән заңдар.
  3. Жалпы экономикалық заңдар – адамзаттың барлық тарихи дәуірлеріне тән заңдар. Олар барлық дәуірлерді біртұтас тарихи үйлесімді үдеріс етіп байланыстырады. Бұған мәселен, қоғамдық еңбек бөлінісі заңы және басқа да заңдар жатады.

Экономикалық заңдар өз алдына жеке дара өмір сүріп әрекет  ете алмайды, ал экономикалық прогресс өзімен-өзі алға қарай дами алмайды. Ол үшін адамдардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған іс-әрекеттер қажет.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.