Экономикалық теорияның зерттеу пәні мен әдістері

Адамзат баласының даму тарихында терең қозғаушы күш ретінде материалдық игіліктерді өндіру үдерісі табылған. Қоғам тек осы өндірістік үдерістерді жүзеге асыру және үнемі үздіксіз жаңартып отыру арқылы ғана тіршілік ете алады және дами алады. Сондықтан экономика кез келген қоғамның іргетасы болып табылады. Адамзат әрқашанда экономикамен және экономикалық таңдау жағдайында өмір сүреді. Демек, осының негізінде ғана экономикалық саясат, ғылым мен білім, дін, өнер сияқты салалар жұмыс істей алады. Қазіргі уақытта, экономика әрбір адамның өміріне дендеп кірді және адамдардың өздері экономика жайлы көбірек білуге ұмтылып келеді.

Экономика дегеніміз не? «Экономия» ұғымы және одан туындайтын «экономика» сөзі ежелгі гректің «ойкос, экос» – үй, үй шаруашылығы және «номос» – заң, заңдылық деген сөздерінен құралады. Олай болса, экономика – бұл шаруашылықты басқару ережелері мен заңдылықтары. Ал, экономикалық ғылым – шаруашылықтың даму заңдылықтары туралы ғылым. Экономикалық ғылымды, яғни экономикалық теорияны зерттеудің мақсатты түрде бірнеше түрлерін бөліп көрсетуге болады: Экономикалық теорияның зерттеу пәні – бұл экономикалық субъектілердің нарықтағы өмір сүру ерекшеліктері мен тәртіптері. Экономикалық теорияның зерттеу аясы – бұл адамдардың экономикалық әрекеттері жүзеге асырылатын экономикалық орта. Экономикалық теорияның зерттеу объектісі – бұл экономикалық құбылыстар мен экономикалық мәселелер, экономикалық қатынастар мен экономикалық үдерістер. Экономикалық теорияның зерттеу субъектісі – бұл адам, үй шаруашылығы, фирма, мемлекет және сыртқы орта.

Экономикалық теория адамдардың экономикалық мінез- құлықтарын зерттейтіндіктен, олардың нарықтағы іс-әрекеттері материалдық және материалдық емес игіліктерді өндірумен, бөлумен, айырбастаумен және тұтынумен байланысты болып табылады. Осыған қарап, біз экономикалық теорияны адамдардың шешім қабылдау заңдылықтарын зерттейтін гуманитарлық, әрі қоғамдық ғылым деп біле аламыз. Экономикалық теорияның зерттеу пәніне қатысты көптеген анықтамалар бар. Солардың негізгілерін төмендегідей қарастыруға болады. Экономикалық теория – адамдардың шексіз қажеттіліктерін қоғамның шектеулі ресурстары арқылы қанағаттандыру үшін материалдық және материалдық емес игіліктерді өндіру, бөлу, айырбастау және тұтыну бойынша ғылым саласы. Экономикалық теория – шектеулі ресурстарды тиімді пайдалану жолындағы адамдар арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды және олардан туындайтын экономикалық мәселелерді зерттейтін қоғамдық ғылым. Экономикалық теория – байлық туралы ғылым. Американ экономисі Пол Самуэльсон экономикалық теорияны барлық экономикалық ғылымдардың патшайымы деп атаған. Осы тұрғыда, экономикалық теорияны зерттеу шаруашылық өмірде адамдардың экономикалық іс-әрекеттерін танып білуге және барлық уақытта экономикалық заңдардың мәнін түсінуге мүмкіндік береді. Экономикалық теорияның пәні нені және қандай құбылыстарды зерттейтіндігін түсіндірсе, оның зерттеу әдістері экономикалық құбылыстарды қалай зерттейтіндігін түсіндіреді. Кез келген басқа ғылымдар сияқты экономикалық теория қоршаған ортаны танып білудің және зерттеудің жалпы және ерекше әдістерін қолданады. Экономикалық теория әдістерінің алғашқы ғылыми әзірлемелері ежелгі грек ғалымы Аристотельдің еңбектері арқылы танылды. Ол экономикалық ғылымды танып білудің негізгі қағидаларын қалыптастырды. Аристотельмен жасалған анализ, синтез, индукция, дедукция, аналогия және басқа да таным әдістері бүгінгі күнге дейін экономикалық құбылыстар мен үдерістерді талдауда кеңінен қолданылып келеді. Әрине, бұл жерде экономикалық теория пәнінің дамуы мен әрі қарай күрделенуі барысында оны танып білудің әдіс- тәсілдері үнемі жетілдіріліп отырады. Экономикалық ғылымның әдісі деп кең мағынада, біз экономикалық үдерістердің нақты ақиқаттылығына жету жолдарының және экономикалық құбылыстарды зерттеу құралдарының, айла-амалдарының жиынтығын айтамыз.

Экономикалық теория адами, қоғамдық ғылым ретінде қоршаған ортаны және өмір тіршілігін танып білудің көптеген әдістерін қолданады. Экономикалық теорияның жалпы әдістері: 1. Ғылыми абстракция – бұл зерттеліп отырған құбылыстардың ең маңызды жақтарына және қасиеттеріне көңіл бөлу. Экономикалық теорияның бұл әдісі заңдылықтарды құруда экономикалық құбылыстарды жеңілдетіп көрсетеді. 2. Анализ – бұл зерттеліп отырған объектіні жекелеген бөліктерге бөліп талдап көрсету. Мысалы, нарықтық сұраныстың қалыптасу заңдылықтары оның анықтайтын әртүрлі факторлар – баға, тұтынушылардың табысы, олардың талғамы және тағы басқаларын зерттеуден тұруы мүмкін. 3. Синтез – бұл зерттеліп отырған объектінің жекелеген элементтерін біртұтас жүйеге біріктіріп көрсету. Мысалы, нарықтық сұранысты және оның қарқынын түсіну тек оның құрамына кіретін жекелеген бөліктерін (баға, тұтынушылардың табысы және талғамы, т.б.) қарастыру арқылы ғана мүмкін болады. Анализ бен синтез экономикалық құбылыстарды танып білудің өзара байланысқан екі жағын көрсетеді.

4. Индукция – бұл жекелеген құбылыстар мен деректерден жалпы қорытынды шығару. Мысалы, тұтынушы үшін тұтынылатын әрбір қосымша игіліктің пайдалылығы төмендей береді. Бұдан мынадай қорытындыға келуге болады, берілген тауарды тұтынушы адам сол тауарды оған баға төмендеген жағдайда ғана әрі қарай сатып алуға дайын екендігін көруге болады. 5. Дедукция – бұл жалпыдан жекеге қарай өту. Мысалы, мынадай жалпы қорытынды: әскери адамдар өте сымбатты келеді. Көшеде азаматтық киімде келе жатқан адамды оның сымбаттылығына қарап, оны әскери лауазымға қатысы бар екенін байқауға болады. 6. Эксперимент – бұл сараптама жүргізу. Көптеген ғылымдар сараптама жүргізуді танымның негізгі әдісі ретінде қолданады. Ол тәжірибеде алға шығарылған ғылыми болжамның дұрыстылығын бағалауға мүмкіндік береді. Алайда, экономикалық теорияда бұл әдістің кеңінен қолданылуы шектелген. Экономикалық эксперимент – экономикалық құбылыстарды аса қолайлы жағдайларда жасанды түрде сипаттау және оны әрі қарай тәжірибе жүзінде қолдану. Экономикалық эксперименттердің бір кемшілігі болып олардың барлық ықтимал нәтижелерін нақты болжауға болмайтындығы табылады.

7. Гипотеза – бұл алдағы уақытқа ғылыми болжам жасай алу. Ғылыми дәлелдемелер мен қорытындылар үлгілерді зерттеу негізінде қалыптасып отырады, яғни экономикалық шынайылылықтың құбылыстары арасындағы байланыстардың түйінін келтіріп отырады. Мысал ретінде, қандай да бір нарықта қалыптасқан баға сол нарық жөнінде барлық қол жетімді ақпараттарды бере алатын «тиімді нарық гипотезасын» келтіруге болады. Мұндай болжамның шындығы немесе жалғандығы оны экономикалық шынайылықтың нақты деректерімен салыстыру жолымен тексеріледі. 8. Аналогия – бұл экономикалық құбылыстарды басқа экономикалық емес мысалдар арқылы түсіндіру және ұқсату. Мысалы, экономикадағы ақша айналымы жүйесін адам организміндегі қан айналымына ұқсатуға болады. 9. «Әртүрлі тең жағдайларда» әдісі – бұл қандай да бір құбылысқа бір фактор әсер еткенде басқа факторларды тұрақты деп қарастыру. Бұл экономикалық құбылыстар арасындағы функционалдық байланыстарды анықтау үшін экономикалық зерттеулерде қолданылатын аса маңызды ұстаным болып табылады. Мысалы, біз сұранысқа тауар бағасының қалай әсер ететінін білгіміз келсе, онда оған әсер ететін басқа факторларды тұрақты деп болжауымыз керек.

Экономикалық теорияның ерекше әдістері: 1. Экономикалық-математикалық үлгілеу – экономикалық теорияда аса кеңінен қолданылатын зерттеу әдісі. Негізінен, нарықтың дамуын сипаттайтын нақты сандық заңдылықтарды анықтауға мүмкіндік беретін және әртүрлі өзгермелі факторлардың әсерін көрсететін жекелеген көрсеткіштердің сапалық бағалануын білдіретін әдіс болып табылады. Экономикалық үлгілер – экономикалық құбылыстардың себептерін, олардың өзгеру заңдылықтарын және сол өзгерістердің салдарларын анықтауға мүмкіндік беретін шынайылықты қарапайым түрде суреттеу. 2. Шекті талдау. Бұл әдіс экономикалық іс-қимылдың өзгерістерін зерттейді, экономикалық субъектілер өз мақсаттарына жетуі барысында іске асырған шығындарын табыстарымен салыстырып отырады, яғни олар іс-әрекеттері (игіліктерді өндіру, оларды сату және сатып алу) нәтижесінде қосымша шығындары қосымша алынатын табыстарына тең болғанға дейін өз пайдаларын және пайдалылықтарын мейлінше арттыра береді. 3. Функционалдық талдау. Бұл әдісте алдымен зерттеліп отырған құбылыстың типтік сипаты, содан кейін осы құбылыстың сипатына әсер ететін факторлар анықталады. Зерттеліп отырған құбылыс пен оған әсер ететін факторлар арасындағы өзара байланыс функция арқылы түсіндіріледі. Функциялық шама өзгермелі болып табылады, яғни ол шама оған әсер ететін факторлар арқылы өзінің нәтижесін өзгертеді. Мысалы, егер у х-тің функциясы болып табылса, онда ол былай жазылады: у = f (x), мұнда у – х-тің функциясы болса, ал х – функцияның агрументі болады.

4. Баланстық әдіс. Бұл әдіс бірқатар нарықтардың (әсіресе, шикізат нарықтарының) өзгеру жағдайларын болжау үшін қолданылады. Оның мәні сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігін орнатудан көрінеді. Өткен жылдардың берілген мәліметтері негізінде алдағы жылдарға өндіріс пен тұтынудың болжамдық балансы жасалады. Мұнда өткен жылдардағы шикізат қоры, ішкі тұтыну деңгейі және өнім көлемі есепке алынады. 5. Экстрополяция. Бұл әдіс зерттеліп отырған экономикалық құбылыстың өткенгі және бүгінгі даму заңдылықтарын талдауға және оны болашақта қолдануға негізделеді. Бұл жерде берілген құбылысқа тән сипатты негізгі арақатынастар, пропорциялар және өсу қарқыны болашақта үлкен сеніммен маңызды түрде орын алады деп болжанады. Олай болса, экономикалық жағдайларды болжау мақсатында қолданылатын экстрополяция әдісі өткеннің тәжірибесін есепке алуды қарастырып, оны экономикалық дамудың объективті заңдылықтары ретінде сипаттайды.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.