Экономикалық теорияның құрылымы

Экономикалық теория шеңберінде экономикалық талдаудың негізгі екі деңгейі ажыратылады және осы арқылы экономикалық теория ғылымы екі бөлімге бөлінеді:

  1. Микроэкономика – бұл шектеулі ресурстар мәселесін жекелеген экономикалық агенттердің (үй шаруашылығы, фирмалар, т.б.) нарықтағы тәртіптері мен мінез-құлықтары тұрғысынан зерттейтін экономикалық теорияның бір саласы. Микроэкономикада қолданылатын негізгі ұғымдар: сұраныс, ұсыныс, баға, бәсеке, өндіріс факторлары, т.б.
  1. Макроэкономика – бұл экономикалық мәселелерді біртұтас жүйе ретінде зерттейтін және агрегатталған өлшемдерді қолданатын экономикалық теорияның бір саласы. Макроэкономикада қолда- нылатын негізгі ұғымдар: жалпы ішкі өнім, ұлттық табыс, жиынтық сұраныс, жиынтық ұсыныс, инфляция, жұмыссыздық, т.б.

Бұдан басқа, экономикалық талдаудың позитивті (оң) талдау және нормативті (реттеушілік) талдау деген түрлері де бар:

  1. Позитивті экономикалық талдау – бұл қазіргі экономиканың дәл өзін сипаттайтын нақты қалыптасып отырған құбылыстар мен деректер негізінде алынған шындық жайттар. Талдаудың бұл түрі субъективтік бағалауға ие болмайды.
  2. Нормативті экономикалық талдау – бұл қандай да бір елдің экономикасы туралы субъективтік бағалауларды қарастыру негізінде экономикалық саясатты іске асырудың кепілдемелері. Талдаудың бұл түрі кезінде орын алатын субъективтік бағалаулар экономика үшін қолайлы немесе қолайсыз болуы мүмкін.

Позитивті және нормативті талдаудың арасындағы айырмашылық оларда субъективтік бағалаулардың орын алуынан көрінеді. Бұл айырмашылықты дәлме-дәл көрсете білген ағылшын экономисі Джон Невилл Кейнс (Джон Мейнард Кейнстің әкесі) болды. Оның ойынша, позитивті экономикалық ғылым не бар деген сұраққа жауап береді. Ал нормативті экономикалық ғылым экономика қандай болуы керек және мақсаттарға жету үшін не істеу керек деген сұрақтарға жауап іздейді. Экономикалық құбылыстар мен мәселелердің күрделілігі экономикалық ғылымдардың жіктелуіне алып келеді. Олай болса, экономикалық теория барлық экономикалық ғылымдарды үшке бөліп көрсетеді:

  1. Жалпы экономикалық ғылымдар, оларға экономикалық тарих, экономикалық ілімдер тарихы және басқа да ғылымдар кіреді.
  2. Қолданбалы экономикалық ғылымдар, оның өзі екіге бөлінеді: а) функционалдық экономикалық ғылымдар: қаржы, несие, банк ісі, маркетинг, бухгалтерлік есеп және т.б., ә) салалық экономикалық ғылымдар: ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, сауда, өнеркәсіп, т.б.
  3. Біріктірілген экономикалық ғылымдар, оларға экономикалық география, экономикалық құқық, экономикалық информатика, математикалық экономика және басқалары жатады.

Кез келген ғылым сияқты экономикалық теория бірнеше қызметтерді атқарады. Экономикалық теорияның экономикалық ғылымдар жүйесіндегі рөлін ескере отырып, оның төмендегідей қызметтерін бөліп көрсетуге болады.

Экономикалық теорияның атқаратын қызметтері:

  1. Танымдық қызметі – экономикалық заңдарды, құбылыстарды зерттеу және түсіндіру. Бұл қызметі арқылы экономикалық теория экономикадағы нақты құбылыстарды зерттей отырып, экономикалық үдерістер туралы жалпы ғылыми мағлұматтар беріп отырады.
  2. Практикалық қызметі – іс жүзінде зерттелген объектілерді қолданып, экономикалық саясаттың негізін жасау.
  3. Болжамдық қызметі – экономикалық дамудың жалпы ғылыми болжамын жасау.
  4. Дүниетанымдық қызметі – ғылыми тұрғыда қоғам өміріне қажетті экономикалық көзқарастар жүйесін құру.
  5. Әдіснамалық қызметі – барлық экономикалық ғылымдар үшін теориялық және әдіснамалық негіз жасау.
  6. Сыншыл қызметі – әртүрлі экономикалық теориялардың артықшылықтары мен кемшіліктерін ашып көрсету.

Сонымен, экономикалық теория ғылымының адамға, оның қажеттілігі мен мүддесіне, олардың шектеулі ресурстар жағдайында тиімді шешім қабылдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлетіндігіне көз жеткіздік. Экономикалық теория ғылымы адамдарды ең жақсы жағынан өмір сүруге ынталандырады және осы үшін тиімді экономикалық саясатты жүргізуді қарастырады. Жалпы экономикалық теория шаруашылық жүргізудің барлық түрлерін, қағидаларын, ережелерін, заңдылықтарын және ресурстарды тиімді пайдаланудың тиімді бағыттарын қалыптастырады.

Әдебиеттер тізімі

  1. ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы: «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ», 2014 ж. 17 қаңтар.
  2. ҚР Президенті  Н.  Ә.  Назарбаевтың  халыққа Жолдауы: «Қазақстан-2050 стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты», 2012 ж. 14 желтоқсан.
  1. ҚР-ның Президенті Н. Ә.  Назарбаевтың халыққа   Жолдауы: «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты», 2012 ж. 28 қаңтар.
  1. Жалпы экономикалық теория. Оқулық. Шеденов Ө. Қ., Сағындықов Е. Н., Жүнісов Б. А., Байжомартов Ү. С., Комягин Б. И.. /Жалпы редакциясын басқарған Шеденов Ө. Қ. – Ақтөбе: А-Полиграфия, 2004. – 455 бет.
  1. Экономикалық теория негіздері: оқулық / Я.Әубәкіров, К.Нәрібаев, М.Ескалиев және т.б.- Алматы: Эверо, 2011.- 478 б.
  2. Макконнелл, К.Р. Экономикс. Принципы, проблемы и политика: учебник / К.Р. Макконнелл, С.Л. Брю; пер. с англ.- 14-е изд.- М.: ИНФРА-М, — 972 с.
  3. Курс экономической теории: учебник – 6-е исправленное, дополненное и переработанное издание / Под общ. ред. Чепурина М. Н. и Киселевой Е. А. – Киров: АСА, – 888 с.
  4. Сажина М. А., Чибриков Г. Г. Экономическая теория: Учебник для вузов. – 2-е изд., перераб. и доп. – М.: Норма, 2005. – 672 с.
  5. Экономическая теория: учебник / под ред. В.Д.Камаева.- 13-е изд., перераб. и доп.- М.: ВЛАДОС, 2007.- 591с.
  6. Экономическая теория: учебник для студентов вузов / под ред. И.П. Николаевой, Г.М. Казиахмедова.- 3-е изд., перераб. и доп.- М.: ЮНИТИ-ДАНА, 2005.- 544с.
  7. Борисов, Е.Ф. Экономическая теория: учебник / Е.Ф. Борисов.- 2-е изд., перераб. и доп.- М.: Проспект, 2011.- 544с.
  8. Доғалов А. Н. Использование научных трудов видных казахских мыслителей при изучении экономической теории. Учебное пособие/ Доғалов А. Н.. – Астана: Евразийский национальный университет им. Л. Н. Гумилева, 2013., – 211 с.
  9. Әкімбеков С., Баймұхаметова А. С., Жанайдаров У. А. Экономика- лық теория. Оқу құралы. Жалпы редакциясын басқарған С. Әкімбеков. – Астана, 2002. – 464 б.
  10. Шеденов Ө. Қ. Экономикалық ілімдер тарихы. Оқулық. – Ақтөбе: А-Полиграфия, 2006. – 316 б.
  11. Ғабит Ж. Х. Экономикалық теория: оқу-әдістемелік кешен. – Астана, 2006. – 248 б.
  12. Нарматов С. Р., Нарматова А.С. Экономикалық теория. Лекциялар курсы (Оқу құралы). – Алматы: Эверо, 2009. – 516 бет.
  13. Темірбекова А.Б. Экономикалық теория негіздері: оқу құралы / А.Б. Темірбекова.- Алматы: Эверо, 2012.- 194 б.
  14. Крымова В. Экономикалық теория: Кестелі оқу құралы. Алматы: Аркаим, 2009. – 196 б.
  15. Гукасьян, Г.М. Экономическая теория. Введение в экономическую теорию. Микроэкономика. Макроэкономика: учеб. пособие / Г.М. Гукасьян, Г.А. Маховикова, В.В. Амосова.- 6-е изд.- СПб.: Питер, 2006.- 234с.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.