Экономикалық теорияның қалыптасуы мен тарихи даму кезеңдері

Экономикалық ғылымның ұзақ және аса бай тарихы бар. Экономикалық ілімдерді жүйелеудің ең алғашқы белгілі талпыныстары Аристотель (б.з.д. 364-322) мен Платон (б.з.д. 428-348) сияқты ежелгі грек ойшылдарымен байланысты. Олар өз зерттеулерінде экономикалық өмірдің негізгі мәселелерін қарастырған. Аристотель экономиканы байлық туралы ғылым ретінде анықтап, құн, баға және ақша теориясына өте көп үлес қосты.

Жоғарыда атап өткеніміздей, «экономика» термині ежелгі грек сөзі, оны алғаш рет грек жазушысы және тарихшы Ксенофонт (б.з.д. 430- 355) қолданған. Шын мәнінде, бастапқы мағынасында «экономия» сөзі орын алған, ол үй шаруашылығын жүргізудің өнері туралы ғылым ретінде сипатталды. Алайда, уақыттың өзгеруіне байланысты экономикада жаңа ұғымдар пайда болды. Мемлекеттер қалыптасып, қоғамдық еңбек бөлінісі мен айырбас қатынастары дами бастады. Осыған орай, біртұтас мемлекеттің халық шаруашылығын басқару қажеттілігі туындады. Осы кезде француз экономисі Антуан де Монкретьен (1575-1621) 1615 жылы «Саяси экономия трактаты» атты еңбегін жариялайды. Онда ол сауда қатынастарын жан-жақты дамыту арқылы экономикалық саясатты жүргізуді ұсынады. Сөйтіп, экономия сөзі саяси экономия деп аталатын сөз тіркесіне айналды. «Саяси экономия» – бұл кең мағынасында халық шаруашылығын мемлекет тұрғысынан басқару туралы ғылым. Сол уақыттағы осы ғылым тұрғысында экономистер мемлекеттің ұлттық табысын арттыратын шешімдерді және шаруашылық жүргізудің негізгі мәселелерін алға тартты.

МЕРКАНТИЛИЗМ. Экономикалық теориядағы алғашқы мектеп – меркантилизм. Бұл бағыт ұлттық табыстың негізгі көзі  деп байлық ретінде саналатын алтын мен күмісті жинау мәселесін қарастырды. Бұлар байлықтың көзі тек саудада деп түсінді, яғни сырттан бағалы металлдарды арзанға сатып алып елге жинай беру және оларды басқа елдерге қымбатқа сату. Меркантилизмнің басты өкілдері болып жоғарыда аталған А. Монкретьен, ағылшын экономисі Томас Мэн (1571-1641), Уильям Стаффорд (1554-1612), француз экономисі Жан Батист Кольбер (1619-1683), орыс экономисі Иван Посошков (1652-1726) саналады. Меркантилистер экономикалық теорияның ғылым болып қалыптасуына айтарлықтай өз үлестерін қосты. Сонымен, меркантилизм – бұл байлықтың сыртқы сауда нәтижесінде жасалатынын түсіндіретін және айналыс аясын зерттейтін экономикалық теорияның бір бағыты.

ФИЗИОКРАТТАР.  Бұл  мектептің  негізін  француз ғалымдары Франсуа Кенэ  (1694-1774) мен  Анн Тюрго  (1727-1781)  салды.

Физиократтар экономикалық ғылымда айтарлықтай бетбұрыс жасады. Олар бірінші болып өндіріс аясына көңіл бөлді. Олардың ойынша, байлықтың көзі сауда емес, өндіріс. Өндіріс ретінде олар ауыл шаруашылығы саласын ғана жақтады, яғни ауыл шаруашылығындағы жұмысшылардың еңбегі арқылы ұлттық табыс жасалады, ал жер табиғаттың берген сыйы, олай болса, жерден алынған өнім ғана қосымша пайданы арттыра алады деп дәріптеді. Бұл жерде ауыл шаруашылығынан басқа экономиканың салалары (өнеркәсіп, сауда, т.б.) «өнімсіз» деп саналды. Физиократтардың жеткен жетістігі болып олардың алғаш рет ұлттық экономика шеңберінде (әсіресе, Кенэнің Францияның ұлттық шаруашылығын зерттеуі) ұдайы өндіріс үдерістерін зерттеуі табылады. Сонымен, физиократизм – бұл пайда табудың жолы, ең алдымен, ауыл шаруашылығы саласында қалыптасатын және өндіріс аясын зерттейтін экономикалық теорияның бір бағыты.

КЛАССИКАЛЫҚ САЯСИ ЭКОНОМИЯ. Саяси экономияның қалыптасуы мен дамуына сүбелі үлесті ағылшын экономистері Уильям Петти (1623-1687), Адам Смит (1723-1790), Давид Рикардо (1772- 1823), Джон Стюарт Милль (1806-1873), француз экономисі Жан Батист Сэй (1762-1832) қосты. Классиктер (бұларға «классиктер» деген атақ берген Карл Маркс еді) физиократтарды сынай отырып, байлықтың қайнар көзі тек ауыл шаруашылығының еңбегі арқылы ғана емес, барлық өндіріс салаларындағы еңбекпен алынатындығын қадап айтты. Бұл бағыт шеңберінде еңбек құнының теориясы жаса- лып, барлық саладағы және бүкіл халықтың еңбегі өндіріс үдерісіне қатыса отырып ең тиімді нарықтық айырбас нысандарын жүзеге асырады деген ойлар дамыды. Классикалық саяси экономияның өкілдері ең алдымен, экономикалық еркіндікті және бәсекелестікті қолдады, мемлекеттің экономикаға араласуын жақтамады, яғни бұлар «экономикалық адам» ұғымын қалыптастырды. Классикалық саяси экономия уақытында экономикалық ғылым өз дамуының шарықтау шегіне жетті. Бұл бағытты әрі қарай жалғастырушы мектептер пайда болды. Сонымен, классикалық саяси экономия – бұл еңбекті барлық тауарлар мен қызметтердің соңғы құны деп санайтын және еңбек құнының тұжырымдамасы арқылы қоғамның барлық топтарының табыс көздерін анықтауды қарастыратын экономикалық теорияның ең басты бағыттарының бірі.

МАРКСИЗМ. Басты өкілдері неміс экономистері Карл Маркс (1818-1883) пен Фридрих Энгельс (1820-1895) еңбек құнының теориясы негізінде классиктердің тұжырымдамаларын жалғастырып нарықтық шаруашылықты тереңірек зерттеді. Маркс «капитализм» ұғымын қалыптастырды. Бұлардың ойынша, тек жалдамалы жұмысшылардың еңбегі ғана қоғамның байлығын жасайды. Ал капиталистердің пайдасы жұмысшылар табының төленбеген еңбегін білдереді. К. Маркс экономикалық теорияға қоғамдық-экономикалық формация, ұдайы өндіріс, экономиканың циклдік дамуы, жалдамалы жұмысшылардың еңбегі, рента теориясы, социализм, тауарға сіңген еңбектің екі жақтылығы, т.б. жаңалықтарды алып келді Кейіннен, марксизм теориясын В. Ленин мен Г. Плеханов дамытты.

НЕОКЛАССИКАЛЫҚ ТЕОРИЯ. ХІХ ғасырдың екінші жар- тысында экономикадағы барлық зерттеулер жекелеген нарықтық субъектілердің нақты қарым-қатынастарын қарастыруға бағытталады. Ғалым-экономистер шектеулі ресурстарды тиімді пайдалану мәселелерін зерттеуге талпыныс жасай бастайды. Осыған байланысты экономикалық ғылымның аты өзгерді: «саяси экономия» термині «экономикс» ұғымымен алмастырылады. Экономикалық ғылым өзінің жаңа атауын ағылшын экономисі Альфред Маршаллдың 1890 жылы шыққан «Экономикс принциптері» еңбегіне байланысты өзгертті. Олай болса, бұл бағыттың негізін салушылар ағылшын экономисі Альфред Маршалл (1842-1924) мен Артур Пигу (1877-1959) болды. Бұл бағыт негізінде экономикалық теория шектеулі ресурстарды тиімді пайдалану ғылымы ретінде қарастырылады. Маршаллдың басты назарында тұтынушылар мен өндірушілер өздерінің әл-ауқаттылық дәрежелерін қалайша арттыратындығы туралы мәселелерді талдау жағдайы тұрды. Оның ойынша, әл-ауқаттылықты максималдау тек еркін бәсекелестік жағдайында ғана болуы мүмкін және осы тұрғыда ғана нарық тепе-теңдікке келе алады.

Неоклассиктердің жасаған негізгі талдау құралдары, бүгінде әлемдік экономикалық ғылымның «алтын қорына» жатады. Ол талдау құралдары шекті талдау, сұраныс икемділігі, нарықтардың өзара тәуелділігі, уақыт факторын ескеру арқылы қысқа және ұзақ мерзімдер арасындағы айырмашылықты көрсету, фирма теориясындағы өндіріс ауқымы тиімділігін талдау, т.б. болып табылады. Неоклассиктердің еркін бәсекелестікті жақтауы және мемлекеттің рөлін бағаламауы (ол тек «түнгі күзетші» қызметін атқарады) тұрғысынан экономикалық теория ХХ ғасырдың соңына дейін бірнеше онжылдықтар бойы микроэкономикалық талдау шеңберінде дамып келді.

МАРЖИНАЛИЗМ. Маржинализм теориясы арқылы экономикалық теорияның микроэкономикалық негіздері әрі қарай дами түсті.  Бұл бағыттың негізін қалаушылар: Карл Менгер (1840-1921), Евгений Бем-Баверк (1851-1914), Фридрих Визер (1851-1926), Леон Вальрас (1834-1910), Вильфредо Парето (1848-1923), Август Фридрих фон Хайек (1899-1992), Людвиг фон Мизес (1891-1973) болды. Осы ғалымдардың еңбектерінде «шекті пайдалылық» теориясының негізгі қағидалары қалыптасты. Бұлар құндылық, баға, айырбас, шығын, сұраныс және ұсыныс туралы көзқарастары арқылы экономикалық ғылымға төңкеріс алып келді. Маржиналистер экономикалық талдаудың негізіне экономикалық субъектілердің шаруашылық қатынастарын зерттеуде субъективтік бағалаулардың теориясын енгізді.

Неоклассиктер мен маржиналистер әрдайым нарықтық экономи- каның өзін-өзі реттеушілік сипатына мән бере отырып, еркін бәсекелестіктің бұзылған тепе-теңдігін автоматты түрде қалпына келтіре алу мүмкіндігіне ие екендігін және осы арқылы теңгерімді қарқынды, дағдарыссыз дамуды қамтамасыз ете алатындығын қолдады. Ғалымдар мемлекеттің экономикаға араласуына қарсы болды, шаруашылықты шектен тыс реттеудің қауіп-қатері бар екендігін ескертті.

Дегенмен, ХХ ғасырдың бірінші жартысында батыс елдерінде өрши түскен дағдарыстық құбылыстар әлемдік экономикалық тоқырауға алып келді, ол тарихта 1929-1933 жылдары АҚШ-та орын «Ұлы депрессия» деген атпен белгілі болды. Бұл жерде шаруашылықтың дағдарысқа ұшырауымен қатар неоклассикалық бағыттың микроэкономикалық теориясы мен талдауы да күйзеліске ұшырады, яғни олар экономикалық дағдарыстың шығу себептерін және одан шығудың жолдарын түсіндіре алмады. Бұл жерде нарықтың өзін-өзі реттеушілік тетігі мен мемлекеттің экономикаға араласпауы туралы көзқарастар экономикалық теорияның осы тұстағы жаңа бір бағыты – кейнсиандық теориямен қатты сынға алынды. Енді осы бағытқа кеңірек тоқталамыз.

КЕЙНСИАНДЫҚ ТЕОРИЯ. Бұл бағыттың негізін қалаушы, ағылшынның көрнекті ғалым-экономисі Джон Мейнард Кейнс (1883- 1946) болды. Кейнс өзінің 1936 жылы шыққан «Жұмыспен қамтудың, ақшаның және пайыздың жалпы теориясы» деген басты еңбегінде экономикалық мәселелерді реттеудің макроэкономикалық негіздерін жасай отырып, микроэкономикалық талдау шеңберінде шешіле алмайтын көптеген сұрақтарға жауап бере алды. Осы теория негізінде экономикалық теорияның екінші құрамдас бөлігі – макроэкономика қалыптасты. Кейнстің бұл еңбегі оны және оның теориясын әйгілі етті. Кейнс неоклассикалық ілімнің негізгі қағидаларынан бас тарта отырып нарық өзін-өзін реттей алмайтын тетік екенін дәлелдеді. Мұндағы Кейнстің басты идеясы болып экономиканы мемлекеттік реттеудің қажеттілігі табылады. Өйткені таза нарық жағдайында экономиканың күрделі мәселелері, атап айтсақ, жұмыссыздық, инфляция, экономиканың кезеңдік ауытқуы, әлеумет- тік қамсыздандыру, халықтың әл-ауқаттылығын жақсарту сияқты күрделі мәселелер өздігінен шешілуі мүмкін емес, осыларды реттеу үшін мемлекет нарыққа міндетті түрде араласады. Кейнс ең алдымен, экономиканың қозғаушы күші деп ұсынысты емес, сұранысты бірінші орынға қояды, олай болса, ол жиынтық сұранысты көтеру және қолдау үшін мемлекеттің бюджет-салық және ақша-несие саясаттарын жүргізуді ұсынды. Кейнстің макроэкономикалық теориясын Элвин Хансен, Пол Самуэльсон, Джон Хикс, Евсей Домар және Рой Харрод сияқты ғалымдар әрі қарай дамытып, неокейнстік бағыттың негізін қалады.

МОНЕТАРИЗМ. Экономикалық ой-пікірдің бұл ағымы жаңа көзқараспен екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өмірге келді. Монетаризмнің негізін американ экономисі, Нобель сыйлығының лауреаты Милтон Фридмен (1912-2006) қалаған. Бұл бағытта макроэкономикалық саясаттың ортасында ақша мәселесі орын алады. Экономиканы мемлекеттік реттеудің басты бағыты ретінде ақша- несие саясатын жүргізудің негізі қарастырылады. Мемлекеттің бұл жердегі міндеті болып инфляциямен және басқа да мәселелермен күресу үшін банктік несие пайызын және ақша массасын бақылап отыруы табылады. Фридменнің монетаризм саласындағы жеткен жетістіктері Кейнстік талдауды сынға алумен байланысты, оның ойынша, шаруашылық өмірдегі күрделі өзгерістер ең алдымен, ақша массасымен және ақша импульстерімен тығыз байланысты болып табылады.

ОҢТАЙЛЫ КҮТІМДЕР ТЕОРИЯСЫ. Бұл басқаша, жаңа классикалық макроэкономикалық теория деген атпен белгілі болып ХХ ғасырдың 70-жылдары қалыптасты. Бұлар макроэкономика саласына микроэкономикалық талдаудың құралдарын қолдануды ұсынды. Жаңа классиктер оңтайлы күтімдер гипотезасын алға тартты, оның авторы болып американ экономисі, Нобель сыйлығының лауреаты Роберт Лукас (1937 жылы туылған) саналады. Осы гипотезаға сәйкес, болашақ баға күтулері барлық экономикалық субъектілер үшін мінез-құлық танытудың ең маңызды себептері болып табылады. Осыған байланысты, үнемі өзгеріп отыратын экономикалық жағдайларға сәйкес және қолдағы бар нақты ақпараттарға сүйене отырып, олар алдағы болашақ уақытқа қарап шешімдер қабылдап отырулары тиіс. ҰСЫНЫС  ЭКОНОМИКАСЫ  ТЕОРИЯСЫ.  ХХ ғасырдың 70-80-жылдары танымал болған бұл бағыттың негізін американ экономисі Артур Лаффер (1941 жылы туылған) салған. Бұл теория 70-жылдары орын алған энергетикалық дағдарыстан кейнстік талдау әдістері негізінде нарықтық экономиканы мемлекеттік реттеудің айтарлықтай әлсіреуіне байланысты орын алды. Неоклассикалық батыстық бағыт экономиканы сауықтырудың жаңа әдістерін іздестірумен болды. Лаффердің және оның жақтастарының көзқарастары тұрғысынан, экономикалық дамудың факторы деп сұранысты емес, ұсынысты қолдау және кәсіпкерлердің инвестиция- лық қызметін ынталандыру керек дейді. Негізгі қағидасы болып мемлекеттің экономикаға араласуын барынша төмендете отырып, жеке кәсіпкерлікке көмек беру табылады. Мемлекеттік қаржылар басты құрал ретінде қарастырылады, яғни салық мөлшерлемелерін төмендету жолымен кәсіпкерлікті дамытуға маңызды түрде көңіл бөлінеді. Лаффердің теориясы және оның тәжірибелік қорытынды- лары сол кездегі АҚШ Президенті Рональд Рейганның «Рейгано- мика» атты мемлекеттік саясатында көрініс тапты.

ИНСТИТУЦИОНАЛИЗМ.  «Институционализм» термині «заң негізінде орнатылған тәртіп немесе дәстүр» дегенді білдіреді. Институционалдық-әлеуметтік бағыт қазіргі экономикалық теорияда маңызды орын алады. Бұл теорияның негізгі өкілдері: американдық экономистер Торстейн Веблен (1857-1929), Джон Коммонс (1862- 1938), Уэсли Митчелл (1874-1948), Джон Гэлбрейт (1908 жылы туылған). Бұлар экономикалық мәселелерді дәстүрлі емес әдістер арқылы зерттейді. Неоклассиктердің «экономикалық адам» мәселесін

«әлеуметтік адам» ретінде қарастырды. Бұл жағдай олардың пікірін- ше, институттар арқылы реттеледі, яғни ол институттарға мемлекет, отбасы, адамгершіліктік және құқықтық нормалар, корпорациялар, кәсіподақтар, басқа да экономикалық құбылыстар мен тетіктер жатады. Сонымен қатар, институттар адамдар сақтайтын заң нормаларының жиынтығы ретінде өзіне қоғамдық пікір, сән-салтанат, жоғары білім, еркін бәсекелестік, жеке меншік, несие сияқты құбылыстарды да жатқызады. Сонымен, институционализм – бұл адамдардың экономикалықтан басқа, әлеуметтік, мәдени, саяси, адамгершіліктік, құқықтық құндылықтарын зерттейтін ерекше бағыт.

Институционализм теориясынан негізгі екі бағыт тарайды: неоинституционализм және қоғамдық таңдау теориясы.

Неоинституционализм бағыты меншік құқығының экономикалық теориясы деп аталады. Негізін салушы болып американдық экономист, Нобель сыйлығының лауреаты Рональд Коуз (1911 жылы туылған) табылады. Бұл бағыт трансакциондық шығындар теориясына аса мән бере отырып, нарықтық қатынастарды дамытудағы меншік құқығының жаңа рөлін қалыптастырды және өндірісті нарықтық тұрғыдан тиімді үйлестірудің шығындарын анықтауды алға тартты. Қоғамдық таңдау теориясы экономикалық және саяси құбылыс- тардың өзара байланысын зерттейді. Американдық экономистер, Нобель сыйлығының лауреаттары Джеймс Бьюкенен (1919 жылы туылған) мен Кэннет Эрроу (1921 жылы туылған) осы теорияның негізін қалаушылар болып табылады. Қоғамдық таңдау теориясы саясат қызметін экономикалық талдауды ұсынады. Саясат саласы ерекше нарық ретінде қарастырылады, бұл жерде саясат басындағы қоғамдық лауазымды тұлғалар жеке индивидтер мен фирмалар сияқты өздерінің жеке пайдасын басшылыққа ала отырып маңызды шешімдер қабылдайды. Сонымен қатар, атқарушы және заң шығарушы билік органдары басқару шешімдерін қабылдай отырып, әл-ауқаттылықты арттыруға тырысады.

Соңында, экономикалық ғылымның әртүрлі бағыттары мен ілімдеріне және олардың ерекшеліктеріне қарай отырып, біз қазіргі экономикалық теорияның жай ғана заңдар мен нормалардың қалыптасқан жиыны емес екенін, оның әртүрлі экономикалық жүйелерді зерттеуде туындайтын сұрақтарға жауап бере алатын танып білудің икемді және үнемі жетілдіріліп отыратын құралы ретінде түсіне аламыз.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.