Білімдік танымның теориялық әдістері

Эмпирикалық танымнан кейін, одан жоғары тұрған объективтік дүниетаным – теориялық таным. Ол объектіні оймен топтап, жұмдастыру арқылы пайда болады. Теория – қашанда ғылым негізі. Бірақ, теория ғылымда ғана емес, білімде де, дінде де болады. Теория объективтік процестерді жинақтап, байланыстарын, қасиеттерін байқау арқылы жасалады. Ол үлкен, күрделі, түсінуге қиын процестің ең қысқа, айқын жаттауға жеңіл жинақталған түйіні. Сондықтан бір күрделі процесті түсіндіру үшін бәрін жайып салып, айтудың орнына бір ауыз сөзбен түсіндіру әдісі. Ондай ой қорытындысын, түйінін теория дейді. Теория бірден пайда болмайды. Ол көп көргеннен, білгеннен ой орамы болып келеді, құрастырылады. Сонымен, әр нәрсенің ой түріндегі түсінік, түйіні теория. Теория айтуға, ойда сақтауға оңай, әрі қысқа, әрі нұсқа, ұйқас болуы тиіс. Оны ғылымда да, жәй ой таластарда да, уәж ретінде қолданады. Қазақ ауыз әдебиетінде ондай рөлді халық мақал-мәтелдері атқарған. Ол да мыңдаған жылдар әбден сыналған ой тұжырымы. Теория мақал- мәтелден бастау алған десе де болады.

Қазақ ауыз әдебиеті мақал-мәтелдерге өте бай және жиі қолданылған. Ол ешқашан тікелей мәселені шешкен емес, бірақ оны тез түсінуге, белгілі қорытындыға келуге себепкер болған. Шешен билер қашанда әңгімесін мақалмен астарлап дәлелдеген. Көшпелі – мал баққан елде ғылым болмаған, бірақ соның рөлін атқарған өмірден туындаған білім, сондай-ақ мақал-мәтел дедік. Мәселен, «Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!», «Атаның баласы болма, адамның баласы бол!» – деген сияқты мақалдар. Олардың тәрбиелік, патриоттық мәні өте жоғары. Мақал, мәтел өмірден туындайды. Қай заманда дүниеге келсе де еш уақытта ұмытылмай халық санасында сақтала берген. Олардың ішінде рухани артефакт рөлін атқаратындарда бар. Сондықтан, мақал-мәтелдері мол елдің тарихы ұзақ екенін байқатады. Одан соң, мақал, мәтел әр халықтың тарихын айтып тұр. Мәселен, «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» – деген мақал қай заманды бейнелейді? Садақты қару етіп, оның оғын ағаштан жонып, ұшқырлап, аң аулап, мал терісін пішіп, киім еткен дәуірді. Олай болса, мақал-мәтелдер халықтың қоғамдық сана дәрежесін бейнелейтін болса, сондай-ақ оның қай заманда туындағанын, тұрмыс-тіршілігін көрсетеді. Мақал-мәтел, сонымен қатар тілдің де тарихы.

Формалдау әдісі. Сондай-ақ, көшпелілердің саудамен көп айналыспай мал бағумен өмір сүрген этнос екенін білеміз. Олар сандық есепті белгілі мөлшерде ғана қолданған. Одан әрі санды керек етпей топтап айтуды ұнатқан. Оны ғылымда формалдау әдісі деген. Қазақ елінде ол өте көп тараған. Мәселен, қазақтар аз-көпті топтап есептеген. Мәселен, ұсақ малды (қой, ешкі) қораға бөліп ұстаған. Айталық бір қорада бес жүз, не мың, уақ мал болған. Жылқыны «үйірге» бөлген. Әр үйірде 10-12 жылқы болған. Мәселен, он қора уақ малы, 15-20 үйір жылқысы бар деген формалдау ұғымдары. Абайдың: «Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жөнім жоқ» дегені, немесе «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мақал. Бұл да формалдауға жатады. Қазақ сөзін қашанда осылай топтап айтқан. Төбеден түскендей етіп айтқан сөзді ел ұнатпаған. Қазақ әңгімелерінде сандық мөлшерден гөрі формалдап айту басым болған. Қазақ балаларының санын да топтап айтқан. Жалпы санақты ұнатпаған, қауіптенген. Ақан серінің «Шырмауық» деген өлеңі сол айтылғанның дәлелі. Ол: «қазақ жерін өлшеп, малын, жанын санап, шырмауықтай шырмап алды» деген болатын.

Абстракциялау әдісі. Қазақ арасында әр нәрсені топтап қана емес, жұмбақтап айтуға кең тараған. Ол үшін әр нәрсенің дәл атын атамай, тек кейбір сыртқы қасиеттерін, қимылдарын бейнелеу арқылы айту. Қазақ жұмбақтары сол абстракциялық бейнелеуге негізделген. Мәселен, «Айдалада ақ отау, аузы, мұрны жоқ отау». Бұл жұмбақтың шешімі – жұмыртқа. Оның кейбір қасиеттерін бейнелеу арқылы жасалған. Немесе, «Қара сиырым қарап тұр, қызыл сиырым жалап тұр?». Бұл не? Бұл ошақта тұрған қара қазан, астында оны орап тұрған жанған жалынды от. Кейбір тіпті дамыған этностарда мұндай абстракция белгісіз болған. Сондықтан, XIX ғ. өмір сүрген неміс философы Г. Гегель (1770-1331 жж.) түсіндірмек болып, «Кім абстракты ойлай алады», деп аталған арнайы мақала жазған болатын. Қазақтарға ондай мақала жазып түсіндірудің қажеті болған жоқ. Ол ерте замандардан-ақ белгілі әдіс. Мәселен, балаларға арналған жұмбақ: «Сарқыраманың ар жағында, көк жиектің бер жағында маңыраманы ұлама жеп жатыр» деген жұмбақ. Маңырамасы – қой, ұламасы – қасқыр. Немесе, «Ұзын-ұзын із келеді, ұзын бойлы қыз келеді». Бұл жұмбақтың шешімі – «жылан».

Абстракция үшін әрбір объектінің барлық қасиетін, сипатын айту емес, тек бір ғана, бірақ ерекше қасиетін бейнелеу арқылы объектіні түсіндіру, сипаттау. Бұл ой байлығына жатады. Идеалдау. Бұл өмірде болмайтын, бірақ қиял керек ететін ой құбылысы. Ғылымда «идеалды газ», «абсолютті қара түс» деген ұғымдар кездеседі. Өмірде ол жоқ, бірақ, болғанын керек ету, Қиял, ауыз әдебиетінде әртүрлі жағдайда батырды ешқандай жаудан қорықпайтын, оның астына мінген тұлпарын желден жүйрік, әрі адамша сөйлей алатын, ғашығын дана ғажап сұлу, дана етіп көрсету дәстүрі болған. Оны халық санасы керек еткен, ұнатқан. Ақын, жырау, жыршы сол биік тілекті орындаған. Мәселен, «Қобыланды батыр» жырындағы, батыр мінген «Тайбұрыл» шауып келе жақанда «көлденең жатқан көк тасты», оның тұяғы, «саз балшықтай илейді». Бұл мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес, бірақ ел әсірелеуді керек еткен. Қиссаларда қалың жауға батырлар жалғыз шауып, жауын қиратқан. Бұл да әсірелеу. Мәселен, жырда, жауға шауып бара жатқан Қобыланды батыр айтады: «Мен жауыма барғанша қар жаумасын, нан жаусын. Мен жауыма барғанда қар жаумасын, қан жаусын» деп. «Алпамыс батыр» эпосында Алпамыс батырды «отқа салса жанбайтын», «суға салса батпайтын етіп суреттейді. Бұл да идеалдау. Идеалдау жырда айту керек болған. Ол жастарды батырлыққа баулу үшін. Ал өмірде өтірік айтқанды ел сынаған. Ал Қиссадағы идеалдау, басқа өмірдегі шындықтан артық болса да тәрбиелік мәні алда тұрған.

Әзірбайжан, Түркімен, қазақ халықтарына тән ортақ «Көр Оғлы» деген эпос бар. Сюжеті: екіқабат әйел дүние салады. Ол әйелден бала көрде дүниеге келеді. Ол тек ананың емшегін еміп, өседі, кейін көрден шығып жүрген баланы көріп қалған ағайындары баланы аңдып, ұстап алып, өсіреді. Кейін ол мықты батыр болады. Сол сюжетке, Әзірбайжан композиторы Узеир Гаджибеков (1885-1948 жж.) «Көр Оғлы» операсын жазды. И. Сталин сол ғажап операны ұнатып, Кремль театрында талай тыңдаған. Қазақ күйшісі, композитор Даулеткерей (1820-1886 жж.) керемет «Көрұғлы» күйін дүниеге әкелді.

Үлкен орыс ғалымы В.И. Даль (1801-1872 жж.) Орынборда әскери дәрігерлік қызмет атқарып жүріп, қазақ ауылдарын жиі аралаған. Оның қазақ көшін суреттеп жазғаны – ғажап. Көш алдында атқа мінген ел ағасы келе жатады. Одан соң тізбектелген түйелер де қоршауға орналасқан кемпір-шал, әйел, бала-шағалар. Көштің екі жағында атқа мініп, қызыл-жасылды киінген жас қыз- жігіттер. Көш артында мал, оның екі жағын ауыл иттері көшті қорғап келе жатады. Бұл бір салтанатты көрініс, қозғалып келе жатқан ерекше қала сияқты көрінеді деп жазған болатын. Қазақ көші туралы Мұхтар Әуезов те жазған. Бірақ, М. Әуезов көштің мазмұны жағына мән берген болса, В.И. Даль оның сыртқы әдемі көрінісіне мән берген болатын.

Айналып келгенде бұл да идеалдау, әсірелеуге жатады. Идеалдау жақсыға, ойдан құрастырылған құбылыс өнеге. Бұлардан басқа анализ, синтез, индуктивтік, дедуктивтік әдістер бар. Бұлар ғылыми танымның эмпирикалық дәрежесіне жатады. Жіктеу (анализ), тонтау (синтез) әдістері өмірде қолданылған, ал индуктивтік (саралау), дедуктивтік (жұмдалған) әдіс қолданылады. Білім дәрежесінде де соңғы әдістер қолданылғанмен, онша көп айтыла бермеген. Тек ғылыми зерттеу дәрежесінде кеңінен қолданылған.

Қазақ стихиялық болса да философ халық. Философияның негізгі категориялары оларды қазақ қолданған. Бұл онтология, гносеология, логика, аксиология. Мәселен, Онтология дүние негізінде не жатыр? Әрине материалдық жағдай. Қазақ айтады: «Әуелгі байлық- денсаулық; екінші байлық – ақ жаулық; үшінші байлық – он саулық» деп. Бұл тірлік негізі не екенін айтқаны. Гносеология – таным ілімі. Қазақ айтады: «Көре, көре көсем болады, сөйлей, сөйлей – шешен болады». Бұл таным. Логика – ой уәждігі. Қазақ айтады: «Әр нәрсенің сәті бар» деп, яғни бастаған іс қалай болса, солай емес, ретіне, ыңғайына қарап іске кірісу. Немесе: «Адам болар баланың адамменен ісі бар. Адам болмас баланың адаммен несі бар». Miнe бұл – логика, «Уәжді сөз орнын табады, уәжсіз сөз егесін табады» – деген. Аксиология – құндылық. «Алтынның қолда бар да қадірі жоқ». «Бәрінен де бар жақсы». Алақаныңды жұмып ұстасаң, қолыңа ешнәрсе түспейді. Алақаныңды ашып ұстасаң, қолыңда ешнәрсе қалмайды. Алақаныңды орташа жұмып ұста». «Мал баққанға бітеді», «Байлық қолдың кірі, жусаң кетеді», деген сияқты. Немесе «Алаған қолым, береген». «Туысың бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң – бере алмайды» деген. Бірақ «Бәрінен де жоқ жаман». Диалектика. «Қысың – тұманды, ауруың – тұмау болсын!». Бұл бір тілек. Бұған қарсы да тілек бар. «Тұманның арты жұт болар. Тұманның арты – құрт болар» И. Кант айтқандай бұл антиномия. Жалпы қазақ мақалдары антиномияға құралған. Тарихта осындай ойларды ойшыл-даналар дамытты. Олай болса ертедегі қазақ елінде философиялық ойлар өздігі- нен кеңінен дамыған. Бұл келтірілгендер тек білім әдістері мен түрлері ғана емес, ол халықтың тарихы деуге де болады.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.