Білімдік танымның эмпирикалық әдістері

Әдіс – ол әрекет, айла, құрал, сайман. Басталған іс сәтті болуы үшін объектіге қолданылған әдіс сол объектінің ішкі құрылымына сай, қайшы келмейтін болуы тиіс. Философияда танымның екі түрлі әдістері келтіріледі. Бірі – эмпирикалық әдіс, екіншісі – теориялық әдіс. Оқулықтарда бұл екеуін ғылым-зерттеу әдістері дейді. Ғылымда бұл әдістер қолданылады. Бірақ, бұл әдістер ғылымға дейін де, білім дәрежесінде де қолданылған. Сол әдістерге жататын: байқау, бағдарлау, салыстыру, өлшем, тәжірибе. Осылардың ішінде тек тәжірибе жасау ғана ғылымға жатады. Қалғандары ғылымға дейін болған. Тәжірибе әдісі бір нәрсенің нәтижесін байқау үшін объекті арнайы жасалған қалыпқа салынып, соны шындыққа жақындатып, сынға келтіру, шыққан нәтижесінен қорытынды жасап, пікір айту. Ол әдісті ғылымда қолданады. Білім дәрежесінде де осыған ұқсас әдіс бар. Ол бүкіл – өмір, практика.

Ал, эмпирикалық әдістер білім дәрежесінде кеңінен қолданылады. Мәселен, байқау әдісі. Адам айналасындағы болып жатқан құбылыстарды байқайды. Көз бен жарық, қараңғыны ажыратады. Жарыққа байланысты түрлі: ақ-қара, қызыл-жасыл сияқты түстерді, құлақпен қатты-жұмсақ дыбыстарды, денемен ыстық-суықты, құрғақ-ылғалды ажыратады. Бұларды тіршілік иелері де сезеді, бірақ әрқайсысы әртүрлі қабылдайды. Соған сәйкес адам әрекеттенеді, ойланады, ал тіршілік иелері де өзінше реакция жасайды, ыңғайланады, бейімделеді. Бірақ, олар да сана жоқ. Адамда сана бар. Сондықтан адам ондай түстік, дыбыстық, климаттық құбылыстарды тек еріксіз сезіп, қабылдап қана қоймайды, әрекеттенеді неге байланысты болатынын пайымдайды. Дыбыс қимылдарға еліктеп адам өзі де соны қайталайды. Содан сапалы дыбыс (дауыс, кейін жеке сөз) әр нәрсеге ат қою пайда болды. Одан кейінгі эмпирикалық әдіс – салыстыру. Сол арқылы алыс пен жақынды, ауыр мен жеңілді, түстің ашық не күңгүрт, бұлыңғыр, айқын емесін ажыратады. Бұл да сананың пайда болуына себепкер. Жүретін жолдың алыс-жақындығын атпен жүру арқылы белгілеген. Түстік жол, бір күндік, бір айлық жол деген сияқты. Қазақ ең жақын жерді иегінің астымен: «Мынау тұрған жер ғой» деген. Осыған орай күлкі әңгіме болған: «қазақтың мынау тұрған жер дегенін, жаяу жүретін жолаушы бір күн жүріпті» – деген. Өйткені бұл 15-20 шақырымдық жер.

Салыстыру арқылы адам өзіне «пайда – зиянды», жер қашықтығын, туыстық байланыстығын, алыс-жақындығын ажыратқан: «әке-бала, апа-іні, ата-әже, немере, туыс-жақын, «жекжат»» деп бөлген. Сол салыстыру арқылы сұлу, көрікті, көрікті еместі, лайықты, лайықсыз деп ажыратты. Салыстырудың мәні – адам санасын оятуда, ілгерілеу, дамуда маңызы зор. Саналы адамның ең басты қасиеттерінің бірі, оның салыстыру арқылы әр нәрсенің сапасын білyі. Салыстыру прогресс негізі. Мал еш нәрсені салыстыра алмайды, жақсыны үйрену де жоқ. Салыстырудың кейінгі бір түрі, ол сауда-саттық. Салыстыру бұрын көзбен, шамамен, жасалса, бірте-бірте таразы пайда болды. Американдық ғалым Л. Паулинг химиядағы молекуладан бөлінген бөлшектерді атомды айналып жүрген электронмен салыстырып резонанс теориясын ашты.

Салыстырудан кейінгі әдіс – өлшем. Ол салыстыруға қарағанда әлдеқайда күрделі. Өлшем – ол нақтылық, есеп. Салыстыру, ұқсату, шамаға сүйенетін болса, өлшем – ол сандық есеп. Өлшем арқылы аз-көп, ауыр-жеңіл, ұзын- қысқа, бай-кедей айқындалады. Дүниеде бәрі өлшемді, әдеміліктің өзі өлшем. Дүниеде тірі, не жансыз заттардың бәрі өлшемге негізделген. Өлшемі бұзылған зат ұзақ тұрмайды, қирайды. Салмақтың ең кіші өлшемі – мысқал (грамм), одан кейінгі қадақ (400 грамм), бұт (16 кг.), батпен (шамамен тонна, одан әрі салмақ бәрі батпан). Уақыт өлшемі. Ең тез, жылдам уақыт, кірпік қаққанша, секундттан да тез. Содан кейін «Сүт пісірім уақыт» (15 мин.), «ет асым уақыт» (2,5-3 сағат), «таң атты», «кешқұрым», «күн шықты», «күн батты», «тал түс», «түн ортасы», т.с.с. «Молшылық», «Таршылық», «зәулім биік», «тұңғиық- терең». Әрбір іс сәтті болуы үшін, өлшемі болуы керек. «Ерліктің де», «шыдамдылықтың да», «сыпайылылықтың да», «еркіндіктің де» өлшемі бар. «Қалың топ ішінде сөз бастау қиын ба?», «Таршылықта ел бастау қиын ба?» деген сөздерде әр нәрсенің шамасын айтып отыр. Қазақта «Сауда да достық жоқ» – деген мақал бар. Бұл өлшем, есеп. Достықтың негізі «ешкімнің есесін жемеу», таразыға салғандай таза адал болу. «Судың да сұрауы бар» – деген мақалда сол есеп жатыр.

«Мата даңқымен бөз өтеді, Ата данқымен қыз өтеді» – деген мақалда тағы да сол өлшем жатыр. Егер қыздың ата- анасы, өскен ортасы жақсы болса, онда ол қыз да әдепті, тәрбиелі деген сөз. Сонда ата-ана сол өлшем. Жақсыға да, жаманға да өлшем қолданылады. Ғылымда «аксиома», «модель» деген ұғымдар бар. Олардың да негізі сол өлшем. Тыйымдар. «Үйге қарай жүгірме», «Таяққа сүйенбе!», «Жерді сабама», «Малды маңдайынан ұрма», «Табалдырықты баспа», «Дастарханды аттама» т.сс. Ырымдар: «Мініп келе жатқан аттың ішін тартса, жолың болмайды». «Тауықтың кеш батқанда шақырғанын, иттің ұлығанын жамандыққа жорыған. т.сс. Бұлардың бәрі өмірді байқаудан туындаған кәделер. Бір нәрседен кейін бір нәрсе туындайтынын пайда болған ойлар, ғылыми емес. Бұлар эмпирикалық әдістерге жатады, өмірді бақылап байқаудан туындаған.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.