Білім және ғылым туралы шығарма

Көп жағдайда білім мен ғылымды ажыратпаймыз, бұл екеуін бір деп қараймыз. Әрине бұл екеуі бір-біріне өте жақын, дүниетаным нәтижесі. Бірақ, бір емес. Біріншіден, ғылым білімнен кейін дүниеге келді. Оның бастауы адам баласы тарихымен байланысты. Және әр елде, әр этноста түрлі жағдайларға байланысты қалыптасып, дамыған. Ғылым тек ХҮІІ ғасырда дүниеге келді, себебі де өзгеше. Егер білім жәй бір нәрсені көріп қалудан, естуден басталатын болса, ғылым олай емес. Әлемді пассивті қабылдау арқылы емес, объектіні активті байқаудан, пайымдап зерттеуден басталады. Ғылым негізінде қызығу, ішкі байланыстарын, олардың себеп-салдарын ашу жатыр. Бірақ, бұл оңай процесс емес, өмір бойы білім әр нәрсенің сыртқы көрінісі, себеп- салдарына байланысты болып, соны байқауымен шектелетін болса, ғылым олай емес, әр нәрсенің ішкі механизмін ашу арқылы жүргізіледі. Ол үшін оны тудыратын себеп те басқа болуы тиіс. Ежелгі көшпелі қазақ елінде білім шарықтап дамыды. Ел сөзден неше түрлі ой өрнектерін құрды, даналық ойлар айтты, табанда өлең тудыратын «айтыс» өнерін дүниеге әкелді. Бірақ, ғылым болмады. Оны қажет ететін жағдай туындамады.

Самауыр, қазан Ресейден, мата, жібек Оңтүстік елдерден келді. Қазақ өз тұрмысын, көшпелі өмірін — қанағат етті. Одан басқаны іздеу – өмір талабы. Батыс елдеріндегідей күн тәртібіне өткір қойылмады. Мыңдаған жылдар қалыптасқан дәстүр, үйреншікті әдет өмір салтына айналды. Сонымен, бір замандарда әлемге зор билігін жүргізген, мәдениетін таратқан көшпелі бабалар, ұрпағы қазақтар көп жағынан артта қала бастады. Қазаққа ілгері көтерілуі үшін ғылым керек болды. Н.Г. Чернышевский айтқандай якуттарды оқытсақ, оларда ағылшындардан кем болмайды деген жағдай қазақтарға да тән еді.

Бұл көру, есту, байқау арқылы, сондай-ақ үйрету, түсіндіру, оқыту тәсілімен қалыптасады. Ол үшін ынта, қызығу, ыждағаттық, ес қажет. Білімнің түрі – көп. Білім алуда оңай емес. Халық білім алуды «инемен құдық қазу» дейді. Ғылым білім алудан күрделі. Ол ізденіс, үйреншікті жол емес. Ізденіс барлық жағдайда сәтті бола бермейді. Әйтпесе, кез келген адам ғылым жолына түссе де ғалым бола бермейді. Кейде ізденіске түскен ғалым тәжірибесінен керек қорытынды жасай алмай сергелдеңге де түседі. Кейде нәтижеге жете алмай өмірден өтуі де мүмкін. Бірақ, ондай еңбек адамын ғалым емес деп те ешкім айта алмайды. Өйткені, ол еңбектенді. Бәлкім ұстаған әдісі дұрыс болмаған, не жіберген қатесі болуы мүмкін. Бірақ, оның сәтсіз тәжірибесі басқаға сабақ болуы сөзсіз.

Бұл да ғылым сабақтастығына жатады. Сабақтастық ғылымның даму жолы. Ғалымдар бірінің ойын, бастаған ісін бірі дамытқан. Бұл – шығармашылық. Бірақ, сабақтастық бірінің ойын, ісін пайдалану емес. Ғалым, ісіне адал, ойы таза адам. Білім алудың екі түрі бар. Бірі, өздігінен, күнделікті өмірден көріп, білу арқылы қалыптасады. Екіншісі, оқып, үйрену арқылы, еңбектену нәтижесінде игеріледі. Бұл мамандық кәсіптік, өнер сияқты білімдер. Бұған жататындар – емшілік, сынықшылық, жұлдызшы болу, түрлі кәсіпкерлік, қолөнерін игеруші ұсталар (темірден, мыстан, ағаштан) бұйым жасайтындар, (түрлі құрал-саймандар, кебеже, кереге, шаңырақ, уық, есік, ер-тоқым, үзеңгі, ауыздық, таға, кілем тоқып, киіз басатындар, келі-келсап, домбыра, қобыз жасайтындар). Бұл мамандықтар жәй көру арқылы емес, алға мақсат қойып, үйрену арқылы игеріледі. Солардың ішінде ең күрделісі оқып, білім алу. Бұл үлкен ыждақаттылықты, ынта қоюды қажет етеді. Өнердің түрі көп, бәрінде ынта қойғандар игерген. «Дүние азабын көрмесін десең, балаңды білімге, кәсіпке баулы» – дейді Жүсіп Баласағұн (1015-1086 жж.).

Француз философы Огюст Конт (1798-1857 жж.) барлық дәлелденген білімді – ғылым деп есептеген дедік. Сөйтіп ол білім мен ғылым арасын ажыратпады. Барлық өмірде дәлелденген білім қашанда оңды (позитивті) олай болса, ол ғылым деп дәлелдеді. «Позитивизм» деген алты томдық еңбек жазды. Бірақ, тарих бұл пікірдің қате екенін көрсетті. Әрине, ғылымның бәрі білім. Бірақ, білімнің бәрі ғылым емес. Білімнің ғылым болуы үшін объектінің сыртқы байланысын байқау жеткіліксіз, оның ішкі заңдылығын ашу керек. Заңдылығы ашылмаған тек себеп- салдарға негізделген білім ғылым емес. Ол өткенді талдап, болашақты айқындап айта алмайды. Әрине, бір нәрседен …бір нәрсе болатынын байқау қиын емес, ол – білім. Бірақ ол әлі ғылым емес. Бәлкім содан болса керек Ю.М. Давид себеп-салдар дүниеде жоқ, ол тек санада қалыптасқан дегені. Бірақ, мәселе олай емес. Себеп-салдар әлемде бар құбылыс. Тек оның заңдылығын ашу қажет. Ол ғылымға тән. Білім оны тек сезеді, бірақ ашпайды.

Білім таным арқылы ғылымға ұласады. Ғылым табиғатқа екпінді араласады, оның даму барысында әсер етеді, объектіні өзгертеді, жаңалық ендіреді. Ғылым – шығармашылық. Білім танымнан басталады, таныммен шектелетін болса, ғылым танымнан басталып объектінің ішкі құрылымын ұдайы қарастырып, жаңалық ашады. Бұл мәңгі процесс, ілгеріге ұмтылыс.

Сонымен білім үйренуге, есте сақтауға негізделген болса, ғылым байқаудан, таңданудан басталып, тәжірибе жасауға шығармашылыққа негізделген.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.