Бәйге — сәйгүліктер сайысы

Бәйге жарысы халық арасында ең көп тараған ат спорты. Жергілікті жерлерде және мерекелерде қысқа және орташа қашықтыққа бәйге өткізіледі. Бүгінде әр қалада, ауылда, аудан орталықтарында спорт жанкүйерлерінің ұйымдастыруымен түрлі ат жарыстары өткізіліп, оған қомақты сыйлықтар да тағайындалуда. Бәйгеде шабандоздың біліктілік шеберлігінің маңызы аса зор. Өйткені жарыс кезінде сәйгүлік қанша жүйрік болғанымен оның шамасына қарай керек жерінде басын іркіп немесе қоя беріп отырғанда ғана жеңіске жетуі әбден мүмкін.

Бәйгедегі классификациялық қашықтықтар 7-16 км аралығында. Осы қашықтықтар бойынша спортшы сәйгүлікке дәреже (разряд) беріледі. Тегіс жерде қысқа және орташа қашықтықта кедергісіз өткізілетін жарыстарға 18 жасқа толған және одан жоғары жастағы шабандоз жаттықтырушының рұқсатымен ғана жіберіледі. Бәйге сәйгүлігі 5 жаста және одан да асқан болуы керек. Қашықтықтың ұзақтығын жарысты өткізетін ұйым анықтайды. Ол 7 км 16 км аралығында болады. Жарыс тегіс, жұмсақ жерде айналма қашықтықта немесе арнайы ипподромда өткізіледі. Бәйгеде жеңімпаздарды анықтау үшін қатысушылардың алған орындарына сәйкес, яғни бірінші орын дағы – бір, екінші орындағы екі, үшінші орындағы үш, т.с.с. ұпай алады. Егер жарыс аттары көп болып, бірнеше топқа бөлініп жіберілсе, онда орындар әрбір бәйгеге қатысушы шабандоздың көрсеткен уақыты бойынша анықталады. Егер сөреден бірдей уақытта өтсе, қай сәйгүліктің басы сәл ғана алда болса сол спортшының жеңіске жеткені болып есептеледі.

Аламан бәйге

Мұнда жүйрік, жарыс аттары 20-100 шақырымдық қашыққа шабады. Оның жолында айналып өтетін көл, сай-сала, бел-белестер тәрізді кедергілі жерлер болуға тиісті. Аламан бәйге үлкен тойда, үлкен аста, торқалы тойлар мен зор мерекелерде жарияланады. Аламан бәйгеге жасы 20-ға толған және 20-дан асқан жаттықтырушының жеткілікті дәрежедегі даярлығынан өткен шабандоз-спортшы ғана қатысады. Аламан бәйгенің аты айтып тұрғандай, бұл жарысқа әбден шыңдалған, төзімділік пен ержүректілікті қажет ететін спортшы мен сәйгүлік қана төтеп бере алады. Жарыстың қашықтығын 20-100 км ұзақтығында өткізетін ұйым белгілейді. Шауып өтетін жол айнала шабатын, сондай-ақ жұмсақ тура жолы бар ипподромда өткізіледі.

Команда өкілінің қатысуымен бәйгеге қатысушылардың кезегі төрешілердің жеребе тарту рәсімі арқылы анықталады. Жеребе таратар алдында команда өкілі қатысушының аты-жөні және сәйгүлік жөнінде (жасы, жынысы, қандылығы) туралы мәліметі бар тапсырыс береді. Сәйгүлікте мал дәрігерінің рұқсат еткендігі жайлы анықтама болмаған жағдайда, ат жарысқа жіберілмейді.

Жарыста бір сәйгүліктің тұрақты бір шабандозы ғана болып шабуына рұқсат етіледі. Қатысушылардың өз командасымен бірдей киімдері немесе жарысты өткізетін ұйым белгілеген киімді киеді. Төрешілер жеребе таратып болғаннан кейін жарысқа қатысатын әрбір спортшы-шабандоздың берілген нөмірді екі жеңінің шынтағының жоғары жеріне немесе ердің артқы қасының тұсына тоқымының екі жағына жапсырылып қойылады. Жарысып келе жатқанда қашықтықты азайтуға, екінші шабандоздың атын қамшымен соғуға болмайды. Бұндай жағдайда спортшы жарыстан сол мезетте шығарылады.

Жеңімпаздарды анықтау

Бәйгеге шабар жерде жарысқа қатысушылардың алды сызықпен белгіленген. Шабандоздар төрешінің белгісі бойынша сол сызықтың алдында сапқа тұрады. Бұл жерде сәйгүліктің алдыңғы тұяқтары сызықты басып немесе өтіп тұруына болмайды. Төреші жалаушасын көтеріп, «Дайындалыңдар!» деген белгі береді. Осы кезде шабандоздар аттарының тізгінін тежеп, сақ тұрулары керек. «Тартыңдар!» деген командадан кейін және жалауша төмен түскенде спортшылар аттың басын жібереді.

Шабу

Аттарды айналым бойынша жібергенде оларды сағат тілінің қозғалысына қарсы бағытта жіберу керек. Шауып келе жатқан бір шабандоз келесісіне кедергі келтірмеуі тиіс. Алға алдыңғы аттының сырт жағынан, яғни оң жағынан орап өтуі керек. Жарыста ойын тәртібін бұзып, шауып келе жатқан аттылардың қозғалысына кедергі келтірген жағдайда спортшы сол мезетте жарыстан шығарылады. Бұл төрешілердің жіті бақылауының арқасында жүзеге асырылады. Қарақшыға (мәреге) жету. Қарақшыға жеткен соң шабандоздардың барлығы да жеткен жетістігіне қарай бірінші орын алса – бір ұпай, екінші орын алса – екі ұпай, үшінші орын алса – үш ұпай есептелінеді. Бұл жарыс жеңімпаздарын ең аз ұпай санымен анықтау жүйесі.

Киім және сәйгүліктерді дайындау

Шабандоздың қонышы мықты аяқ киімі, денесіне жабысып тұратын шалбары, қалың матадан күртешесі болуы тиіс. Басында жеңіл бөрік немесе орамал болады. Көзіне шаңнан, шыбын-шіркейден қорғайтын көзілдірік киеді. Сәйгүлікті дайындауда мына талаптар орындалуы тиіс: жүгені басына тар болмауы және арқасына батпайтындай жайлы болуы шарт. «Жарысқа дайындалыңдар!» деп шақырғанға дейін тартпасы мен айылының беріктігін, дұрыс тартылған-тартылмағандығын тексеруден өткізу керек. Тартпаны арқасынан екі саусақ, ал айылын төрт саусақ өтетіндей етіп тарту қажет. Бұл аттың дем алуына кедергі келтірмейтін болады. Шабандоз үзеңгінің ұзындығын үзеңгісіне аяғын тіреп тұрғанда ер мен екі ортадан жұдырық өтетіндей немесе алақан еніндей қуыс қалуы тиіс. Ол қуыс көп болса, таралғыны қысқартады, ал аз болса ұзартады.

Қауіпсіздік шаралары

Шабандоз атқа тіке отыруы керек. Тізгінді үнемі жинап ұстау қажет. Шабандоздың өкшесі башпайларының деңгейінен төмен болуы тиіс.

Жорға жарыс

Жорға жарыстың ерекшелігі мұнда атты шаптырмай тек жорғалатып отыру керек. Жорғалар екі түрлі болады. Кейбір жылқылар өздері туғаннан жорға болып туады. Ал кейбір жылқыларды жастайынан жорғалауға үйретеді. Бірақ, мұндай қолдан үйреткен жорғалардың жорғасы кесек, жүрісі жайсыз болады. Жылқыны жорғасы шыққан кезден бастап, яғни жас кезінен бастап тәрбиелеген жөн. Әйтпесе жорғасын жоғалтып алуы мүмкін.

Жорға жарысы жақын аралықтарда ғана өткізіледі. Әйтпесе ат шаршап, шауып кетуі мүмкін. Бұл жарыс әдетте ұлттық мерекелерде өтеді. Жорға жарысына ерлермен қатар ұлттық киім киген қыз-келіншектер де қатысады. Жарыс ережелеріне сәйкес әйелдер үшін қашықтық 2-3 шақырым болса, ерлерге 6-10-ға дейінгі шақырым белгіленеді. Бұл жарысқа жорға мінуге әбден үйренген жасы 18ден жоғары спортшылар қатыстырылады. Жорға атының жасы үш жастан жоғары болады. Жарысқа кез-келген жорғалау машығы бар жылқы тұқымына жататын атты қосуға болады. Жарыс орны тегіс жердегі айналым, жұмсақ тура жол немесе ипподромда өтеді.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.