Қазақ хандығының құрылу тарихы

Қазақ хандығының құрылуы Қазақстан тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Шығыс Дешті Қыпшақ, жетісу және Түркістан аумақтарындағы болған әлеуметтік-экономикалық және этно-саяси процестер қазақ хандығының құрылуындағы заңды құбылыстар. Ол Әбілхайыр хан мен Моғолстан мемлекеттерінің ішкі саяси жағдайымен тығыз байланысты. Саяси жағынан бытыраңқылығы басым этникалық топтардың, яғни қазақ тайпаларының бір мемлекетке бірігуі Қазақ хандығының құрылуына әкелді. Қазақ хандығы ХV ғасырдың 60 жылдардың ортасы мен 70 жылдардың басында (Мұхаммед Хайдар Дулатидың есебі бойынша 1465-1466 жж.) Батыс Жетісуда құрылды. Оның негізін қалаушылар Орыс хан мен Барақ ханның ұрпақтары Керей хан мен Жәнібек хан болды.  Қазақ хандықтарының сыртқы саясат жөніндегі бағыт-бағдары және дипломатиялық қатынасы белгілі бір дәуірдегі ішкі, әсіресе сыртқы жағдайға сәйкес өзгеріп отырды. Керей хан мен Жәнібек ханның одақтық қатынас орнатқан тұңғыш мемлекеті Моғолстан болды. Моғолстанның ханы Есенбұға хан Моғолстанның батыс бөлігіндегі Шу мен Қозыбасы аймақтарына қоныстануға рұқсат берді. ХV ғасырдың екінші жартысында Қазақ хандығының іргесі нығайды. Көрші мемлекеттердің (Әбілхайыр хандығы, Темір және Моғолстан мемлекеттері) құлдырауы Қазақ хандығының күшейуіне себеп болды.

Керей мен Жәнібек хандар қазақ халқының жеке мемлекет құру, саяси және мәдени-экономикалық тәуелсіздік алу жолындағы талабын өз қимылдарына арқау етті. «Таурих-и гузида-ий Нусратнама» еңбегінің авторы айтып өткендей, Керей хан Орыс ханның немересі Болат ханның ұлы. Керей хан 1472-1473 жылдардағы оқиғалардан кейін қайтыс болған деп есептеледі. Ал, Жәнібек хан Барақ ханның ұлы Орыс ханның шөбересі. Ол қазақ хандығы мен қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы. Оның азан шақырып қойған есімі-Әбусаид (кей деректе Бусаид немесе Әбусағид). Ең алдымен Қазақ хандығының құрамына Созақ, Сауран қалалары кірді. 1480-1511 жылға дейін Керейдің баласы Мұрындық хан болды. ХVІ ғасырдың бірінші жартысында Қазақ хандығы күшейе түсті. Оңтүстік Қазақстан қалалары үшін соғыс Мұрындық ханның тұсында да толастаған жоқ.

Ал, 1511-1518 жылға дейін Қасым хан болды. Қасым хан шамамен 1445 жылы дүниеге келген. Ол 1518 жылы қайтыс болған. Қазақ хандығының негізін салған Әз Жәнібектің ұлы. Қасым ханның алға қойған басты міндеті Сырдария бойындағы қалаларды Қазақ хандығының құрамына қосу болатын. Тарихта Қасым хан басқарған жеті жылда қазақ хандығының атты әскері 300 мыңға, халқы 1 миллионға жеткен. ХVІ ғасырдың аяғына қарай Қасым хан

Қасым хан

Қазақ хандығының жерін ұлғайтты. «Тарихи Рашиди», «Шайбанинама» т.б. деректердегі мәліметтерге қарағанда қазақтардың этникалық территориясының негізгі аудандары Қазақ хандығына Қасым ханның билігі кезінде  біріктірілген. Қасым хан қазақтың құқықтық тарихының бесбөлімінен тұратын белгілі «Қасқа жол» заңдар жинағын шығарған. Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы Ресей патшалығымен, Сібірмен тағы басқа елдермен байланыс орнатты.

Қасым хан Сарайшық қаласында көз жұмды сол жерде жерленді деген дерек бар. Қасым хан Керей мен Жәнібек хандар басқарған саясатты жалғастырды. Бүкіл Дешті-қыпшақтың ханына айналды. Хандықтың кеңеюі мен нығаюына бар күшін салды. Қазақ елінің қуаты мен беделі алыс-жақын шетелдерге танылды. Мәселен, солтүстікте Сібірмен сауда және елшілік байланыс жасады. Орыс мемлекетімен Мәскеуліктермен, оңтүстікте шайбани шығысында моғол мемлекетімен бейбіт саяси байланыстар орнатты. Сондай-ақ, Иран мен Әзірбайжан жерінде құрылған Сефебит мемлекетіменде дипломатиялық қарым-қатынаста болды.

Батыс Еуропада қазақ хандығын осы кезде танып білді. Қасым хан мемлекеттің қоғамдық өмірінде алауыздықты болдырмау үшін бірқатар заңдар шығарды. Ол арғы тегі Шыңғысханның жасақ заңдар жинағына ұқсас. Әлі күнге дейін ел аузында «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі.

Қасым ханның қасқа жолы бес тараудан тұрады: мүлік заңы, қылмыс заңы, әскери заң, елшілік жоралары, жұртшылық заңы.

Осы заңдардың орындалуын қатаң талап етудің арқасында қазақ хандығының күш-қуаты артып, әлем таныған қуатты мемлекетке айналды. Қасым хан 16 ғасырдың басында Сырдария алабындағы Түркістан аймағын сыр бойындағы қалаларды өзіне қосып алуды мақсат етеді. Осы жолда Мауреннахр билеушісі және оның ұрпақтарымен тоқтаусыз соғыс жүргізеді.

Ал, Қазақ хандығының Қасымнан кейінгі билігі оның мұрагері  Мамаштың қолына тиеді. Мамаш хан – Қасым ханның үлкен ұлдарының бірі, Жәнібек ханның немересі. Шамамен, ол 1450-1460 жылдары дүниеге келген.  Мамаш хан 1518-1523 жылға дейін хандық құрды. Мамаш хан кейбір жазба дерек мәліметтерінде Құмаш хан деп айтылады. Қазақ хандығындағы билік құрған бесінші хан. Оған дейін хандық билікті Керей хан, Жәнібек хан, Бұрындық хан және Қасым хан басқарды. Қазақ хандығын нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсаған Қасым хан қайтыс болған соң, оның мұрагерлері арасында билік үшін ішкі талас пен қырқыстар туып, қазақ хандығы әлсірей бастады. Мамаш ханның билікке келуімен күрес басылмайды, қайта өрши түседі. Бұл арада билік үшін жеке тұлғалардың арасында  жеке күрес жүрсе де, оның астарында мұрагерлікке байланысты дәстүр таласы жатты. Мамаш хан жөніндегі жазба деректер өте аз. Мамаш өлгеннен кейін, 1523-1533 жылдар аралығында хан тағына оның баласы емес, інісі Тақыр отырады. Тақыр хан ел билеуге қабілеті төмен, әскери-саяси және елшілік істерге олақ адам еді. Ол феодалдық қырқыстарды тия алмады, көрші елдердің көпшілігімен оның ішінде Шайбани әулетімен, Ноғай ордасымен және Моғолстан хандарымен де жауласты. Бұл соғыстарда қазақтар жеңіліп, Қазақ хандығы оңтүстіктегі және солтүстік-батыстағы жерінің біраз бөлігінен айырылып, оның ықпалы тек Жетісуда ғана сақталып қалды.

1533-1534 жылға дейін хан тағына Бұйдаш отырды. Бұл ханның тұсында Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайлары жақсара қойған жоқ. Ал 1534 жылы хан тағына Қожа Махмұд, ал 1535-1537 жылға дейін Тоғым хан отырды.

1537 жылы хан тағына Қасым ханның ұлы Хақназар (1537-1580 жж.) отырды. Хақназар хан таққа отырған соң хандық үкіметтің билігін нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен бұрынғы Тақыр хан және Бұйдаш хан тұсында бытыраңқы жағдайға түскен Қазақ хандығын қайта біріктірді. Хақназар қазақ хандығын 42 жыл биледі. Қазақ хандығының 300 жылдық тарихында Хақназардай ұзақ жыл ел билеген хан болған емес. Ол ел басқару, қиын-қыстау, әскери-саяси істері жағында қажырлы да қабілетті қайраткер болды. Оның үстіне аса күрделі сыртқы жағдайларда дипломатиялық дарыны мол майталман екенін көрсетті.

Хақназар хан тұсында Қазақ хандығы дамып,  күшейе түсті. Маңғыт (Ноғай) басшылары өз ара қырқысуларды тоқтатып, Хақназарға бағынды. Хақназар хан Моғолстан хандарымен үздіксіз және табан тіресе соғысты. ХҮІ ғасырдың 50 жылдары ол Қазақ хандығына бұрынғы Ташкентті бағындырды, ал 70 жылдарының аяғында Хақназар Абдолла ханмен одақтас болып, Баба сұлтанға қарсы күрес жүргізді. Хақназар хан ең алдымен Жайық маңын, Түркістан жерлерін қосып алды. Қазақ хандығы Хақназар хан тұсында саяси жағынан қайта өркендеді.

Хақназар хан қайтыс болған соң, оның орнына Жәдік сұлтанның баласы, Жәнібек ханның немересі Шығай 1580-1582 жылдары хан тағына отырды. Ол бұл кезде сексен жаста болғанымен, қазақтардың ішінде беделді хан болды. Оның өміріне қатысты мәліметтер тарихта аз сақталған. Шығай хан қазақ хандығының сыртқы саясатындағы Хақназар хан ұстаған бағытты жалғастырды. 1582 жылы Бұхара ханы Абдолла, қазақ ханы Шығай және оның баласы Тәуекел сұлтанмен күш біріктіріп, Ташкент билеушісі Баба  сұлтанға қарсы Ұлытау жорығын ұйымдастырды. Шығай хан сол жорықта қайтыс болды.  1582 жылы Шығай қайтыс болғаннан кейін таққа оның ұлы  Тәуекел отырады.

Тәуекел хан Ақназар (Хақназар) ханның мұрагері әрі ізбасарларының бірі. Ол 1582-1598 жылдары билік құрған қазақ хандығының билеушісі. Сондай-ақ, Тәуекел хан Бұхара мен Моғолстан бұғауына босау жолында үздіксіз соғыс жүргізді. Өзбек ханына қарсы күресте әскери одақтас ету үшін ол Мәскеумен қарым-қатынасын жолға қойды. Сөйтіп, 1598 жылы Орта Азияға жаңа жорық жасады. Бұхар әскерін талқандаған соң, Ташкент пен Самарқанды басып алды. Сырдария бойындағы қалаларды қайтарып алар жолда ұрыстар жүргізілген кезде Тәуекел хан ауыр жараланып, 1598 жылы Бұхар үшін болған шайқаста Ташкентте қайтыс болды.

Есім хан 1598-1623 жылдары Қазақ хандығын билеген. Шығай ханның баласы. Таққа Тәуекел ханнан кейін отырған. Өз тұсында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болған. Бұл атау Жиембет, Марқасқа жыраулардың жырларында жиі айтылады. Бұл атақ 1598 жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мауреннахрға жасаған жорықтағы ересен ерлігіне байланысты берілген көрінеді. Есім хан тарихта «Есім ханның ескі жолы» деген атпен белгілі заң ережелерін құрастырған. Мемлкет билеудің құқықтық жүйесін реттеуде бұл аталған заңдар жинағы елеулі рол атқарды. Есімнің інісі Тұрсын Есім ханға бағынбай, Ташкентті жеке биледі. 1627 жылы Есім хан Тұрсынды өлтірді. Есім хан Қазақ хандығының аумағын кеңейту бағытында үлкен үлес қосты. 1628 жылы Есім хан қайтыс болады.

Ал 1628-1652 жылдар арасында үш жүздің ханы Жәңгір таққа отырды. Ол Шығай ханның немересі, Есім ханның баласы. Басы бақыр қазандай, апайтөс, бірақ аласа адам екен. Сонысына қарап халқы «Салқам Жәңгір» деп атап кетіпті. Оның хандық құрған кезі ойрат-жоңғарлармен екі арадағы  қақтығыстың күшейген кезі. ОЛ 1643 жылы 600 сарбазбен ойраттың 50 мыңдық әскеріне қарыс шығып жеңіске жетті. 1652 жылы ойраттармен болған шайқаста Жәңгір қайтыс болды. Біраз уақыт бойы Қазақ хандығының билігі сұлтандардың қолында болды.

Әз-Тәуке

1680 жылы хан тағына Әз-Тәуке отырды. Тәуке хан – қазақ халқының тарихи сахнасында өзінің кемеңгерлігімен, даналығымен, ақылдылығымен, әділдігімен, бітімгерлігімен сақталған хандарымыздың бірі. Ол феодалдық талас-тартыс пен бытыраңқылықты жойып, бір орталыққа бағынған қуатты Қазақ хандығын құруға күш салды. Хандық билікті күшейтуге бағытталған ірі-ірі тың өзгерістер енгізді. Тәуке хандық билікті  негізінен, билерге сүйеніп жүргізді. «Хандық кеңестің» және «Билік кеңестің» тұрақты етіп қалыптастырып, олардың рөлін арттырды. Хан мен билер ғана соттық мансапты атқаруға тиіс болды. Билер жергілікті атқарушы өкіметке айналды. Жыл сайын белгілі бір мерзімде Күлтөбеде үш жүздің басын қосқан жиын өткізіп тұрды. Жүздер мен ұлыстар арасындағы күрделі тартыстар билер кеңесінде шешілді.

Тәуке хан билік құрған жылдары билердің көмегімен «Жеті жарғы» заңдар жинағын шығарды. «Жеті жарғы» қазақтардың ХVІІІ ғасырдағы әдет-ғұрып заңдары.

Мазмұны жағынан «Жеті жарғы» үш бөлімнен тұрады: біріншіден, қазақтың ежелгі әдет-ғұрып заңдарын қамтыған «Қасым ханның қасқа жолына» негізделген, екіншіден, одан соңғы өзгерістер, соның ішінде «Есім ханның ескі жолына» негізделсе, үшіншіден, Тәуке ханның дәуіріне, саясатына сай енгізілген жаңалықтар. «Жеті жарғы» жеті заңнан құралды:

  1. Жер дауы.
  2. Отбасы.
  3. Әскери.
  4. Сот.
  5. Қылмысты істер.
  6. Құн.
  7. Жесір дауы.

«Жеті жарғы» бойынша ер адамның құны 1000 қойға теңестірілген. Ал, әйел зорлаған адамға өлім жазасы кесілген. ХV-ХVІІ ғғ. Қазақ хандығында кек алу заңы бірінші орында тұрды. Кек алу «Қанға-қан» ұранымен сот шешімі арқылы жүзеге асты. Сот шешімін бүкіл ру орындады. Хан мен сұлтандардың пайдасына шариғатқа негізделіп салынатын мал салығын «зекет» деп атады. Ал, ұшыр, баж, харадж салықтарын егіншілер мен қолөнершілер төледі. Сондай-ақ малшылар зекет, соғым, сыбаға түріндегі алым-салықты төлеуге міндетті болды.

Тәуке хан өзінің даналығы арқасында ел арасында «Әз-Тәуке» деген атқа ие болған. Қазақ жеріне орыс елшілігін бастап келген М.Тевкелев 1748 жылы жазған құжатта: «Тәуке хан өте ақылгөй кісі болған, оны қазақтар үлкен құрметпен еске алады», — деп көрсетеді. Тәуке заманы Қазақ хандығының ең бір өркендеген, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман», «алтын ғасыр» деп еске алынады. Тәуке ханның билік құрған алғашқы жылдарында оның билігін қазақтың барлық рулары мойындамаған.

Сондықтан Тәуке хан бытыраңқы қазақ қоғамының басын біріктіріп, бір орталыққа бағынған мемлекет құруды басты міндеті деп санады. Осы мақсатта әр түрлі әлеуметтік топтан шыққан дарынды, ақылды адамдарды мемлекетті басқару ісіне тартты. Бұған дейін мемлекетті басқару ісіне тек Шыңғыс ханның ұрпақтары мұрагерлік жолмен тартылатын еді. Тәуке хан мемлекетті басқару ісіне туа біткен данышпан, ел арасында асқан ерлігімен, батырлығымен дараланған тұлғаларды, яғни билер мен батырларды тартты. Бұл шаралар нәтижелі болды. Мемлекетті басқару ісіне де үлкен өзгерістер енгізді. Билер кеңесін құрып, оның билік ауқымын кеңейтті. Билердің әлеуметтік тегі тек ақсүйек табынан болмағанын ескерсек, қарапайым халықты мемлекетті басқару жүйесіне тарту Тәуке хан енгізген үлкен өзгеріс болды. Тәуке ханның кезінде қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласы болатын. 1710 жылы Тәуке ханның ордасында үш жүздің өкілдері бас қосып жоңғарларға тойтарыс беру үшін әскери күшті ұйымдастыру мәселесін талқылады. 1718 жылы Әз-Тәуке қайтыс болды.

Қазақ халқының қалыптасуы

Қазақ халқының қалыптаса бастауы б.з.д. ІІ-І мыңжылдықтардан басталады. «Қазақ» сөзінің шығуы туралы алуан-түрлі ғылыми болжамдар мен көзқарастар болды. Бірақ әлі де нақтылы толық дәлелденген пікір айтыла қойған жоқ. Дегенмен ол пікірлер мен болжамдардың кейбірі көңіл аударуға тұрарлықтай. Көне түрік тіліндегі деректерге қарағанда, «қазақ» деген атау Орхон, Енисей жазбаларындағы «қазғақ оғлұм» деген сөздегі «ғ» әрпінің түсіп қалу нәтижесінде тұрақтанған. Алай түрік тілінің заңдылықтары бойынша бұл пікір де қолдау таппады. Түркі тілдерінің қыпшақ-ноғай тармағынан қазақ тілі ХІV-ХV ғасырларда бөлініп шықты. Қазақ халқының көп ғасырлық құрылу процесі мен этникалық территориясының анықталуы ХV-ХVІ ғасырларда аяқталды. Саяси жағынан шашыраңқы этникалық туыстас топтардың басы қосылып қазақ рулары мен тайпаларының бірігуіне Қазақ хандығының құрылуы әсер етті. Ежелгі Сібір тайпалары тілдерінде «қазақ» сөзін «мықты», «берік», «алып» мағынасында берілген. Шығыс Дешті Қыпшақта «қазақ» атауы ІХ-Х ғасырларда әлеуметтік мағынада қолданылса, ал ХІ-ХІІ ғасырларда осы аттас этникалық әлеуметтік топтардың болғандығы байқалады.

«Қазақ» ХІІІ ғасырдағы хорасан түркімендері арасында да кездеседі. Кейбір деректерде сақ, хазар тайпаларының атынан шыққаны айтылады. Тарихшы Б.Е.Көмековтың айтуы бойынша «қазақ» сөзі бұлардың арасында этникалық сипатта қолданылған тәрізді. Сонымен «қазақ» сөзі көне түрік дәуірінде пайда болып, ХІІІ ғасырға дейін бостандық сүйгіш «еркін адамдар» деген мағынада қолданылып келген. Рузбиханның өзбек ұлысында (ХV ғ.) үш халықтың болғандығы, оның ішінде  ең көбі, ержүректері қазақтар екені айтылған. Ақыр соңында өзбек ұлысынан немесе Әбілхайыр хандығынан Жәнібек пен Керей сұлтандар қазақ аталып жүрген тайпалармен бөлініп көшкенде, оларға алғаш «өзбек-қазақ» деген ат тағылған, кейін ХV ғасырдың екінші жартысында қазақ халқының құрылуына байланысты «қазақ» атауы біржола этникалық сипатқа ие болды.         

Қазақ жүздері. «Жүз» деген атау тарихи шаруашылық-аймақ деген мағынаны береді. Жаңадан қалыптасқан қазақ халқы Қазақстан жеріне түгелдей тарап қоныстанды. Қазақ халқы мекендеген бұл жерлерде 3 түрлі шаруашылық аймақ қалыптасты. Осыған байланысты сол өңірлерді мекендеген халықтар үшін жүзге бөлінді.

Ұлы жүз.

Мекендеген өңірлері: Оңтүстік Қазақстан, Жетісу (Іле, Шу, Талас).

Тайпалар: дулат, албан, үйсін, қаңлы, суан, жалайыр, шапырашты, сіргелі. Ұлы жүзді Ақарыс деп те атайды.

         Орта жүз.

Мекендеген өңірлері: Орталық және Шығыс Қазақстан (Ертіс, Есіл, Нұра, Тобыл, Сарысу өзендерінің бойы).

Тайпалар: арғын, найман, керей, уақ, қыпшақ, қоңырат. Орта жүзі Бекарыс деп те атайды.

         Кіші жүз.

Мекендеген өңірлері: Батыс Қазақстан, Сырдарияның төменгі ағысы (Орал, Ырғыз, Торғай, Еділ өзендерінің бойы).

Тайпалар: әлім, байұлы, жетіру, солардан тарайтын табын, адай, шөмекей, жағалбайлы, шекті, төртқара, тама, серкеш т.б. Кіші жүзді Жанарыс деп те атайды.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.