Қазақ халқының рухани мәдениеті

Қазақтың рухани мәдениетінің қалыптасуы жалпы тарихи үрдістің бір бөлігі болды. ХІХ ғасырдан бастап қазақ қоғамының рухани құндылықтарының, дәстүрлі қазақ мәдениетінің біртіндеп тоқырауы басталды. ХVІІІ ғасырдағы қазақ мәдениетінде Еуразияның ортағасырлық көшпелі құрылымдарына тән барлық дәстүрлер сақталып қалды. Бұл материалдық мәдениет пен рухани мәдениетте айқын көрініс тапты. Ауыз әдебиетінің қазыналарын жасап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген жыраулар, бақсылар мен күйші-сазгерлер болды.

ХV-ХVІІІ ғасырлардағы толғаулар, өлеңмен жазылған ой-тұжырым мен өсиеттер кеңінен таралды. Оның авторлары белгілі жыраулар Қазтуған Сүйенішұлы, Доспамбет, Шалкиіз, Бұқар, Үмбетей, Ақтамберді және тағы басқалар. Жыраулар суырып салма ақындар болды. Жыраулардың көрнекті саяси қайраткерлер, хандардың кеңесшілері, рубасылары, әскербасылары болғандары да аз емес.

Қазақтардың арасында неғұрлым белгілі және әйгілі жыраулардың бірі Қазтуған Сүйенішұлы болды. Қазтуған Сүйенішұлының туған, қайтыс болған жылдары белгісіз. Ол ХV ғасырдың 20 жылдарында Еділдің төменгі ағысында, Ноғай ұлысы биінің отбасында дүниеге келді. Оның жырлары көшпелілер поэзиясының жарқын үлгісі еді. Халық арасында Қарға бойлы Қазтуған атанып кеткен. Қазақтың ХV ғасырдағы айтулы жорық жырауы. Әскербасы, батыр болған. Қазтуған жырау жорық жыршысы және халық эпосын жасаушылардың бірі саналады. Артына қазақтардың әскери рухын, туған жерін, халық өмірі мен тұрмысын суреттейтін көптеген өлеңдерден тұратын шығармашылық мол мұра қалдырды. Олардың көпшілігі сақталмаған. Қазтуған жырау өлеңдері көп ғасырлық өнер мектебі мен әдеби үлгі ретінде санамыздан орын алды. Қазтуған жыраудың «Мадақ жыры», «Туған жермен қоштасу» сынды туындыларын ежелгі қазақ поэзиясының таңдаулы үлгілеріне жатқызуға болады. Ақынның халық жыраулары арқылы жеткен бірқатар толғаулары И.Березиннің «Түрік хрестоматиясында» (1862), Ғабдолла Мүштақтың 1910 жылы шыққан «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» жинағында, М.Мағауиннің «Алдаспан» кітабында (1970) жарияланды.

Доспамбет жырау 1490-1523 жылдары өмір сүрген. ХV ғасырдың 90 жылдары Жайық алабындағы Азау қаласында дүниеге келіп, Астрахань маңында қайтыс болған. Көне қазақ әдебиеті көрнекті өкілдерінің бірі, әскери жорықтардың жыршысы. Доспамбет жырау қазақ халқы ұлт ретінде қалыптаса бастаған дәуірде өмір сүрді. Өз кезінде Қырым, Ноғай және Қазан хандықтарының арасында болған жорықтар мен шайқастарға қатысқан.

Доспамбет жыраудың ақындық мұрасы бізге толық жеткен жоқ. Халық ауыз әдебиетінде, жекелеген қолжазбаларда сақталып қалған шығармалары ХІХ ғасырдың басында әр түрлі әдеби жинақтарға енген. Кеңес өкіметі кезінде табылған толғауларын М.Мағауин жинап, құрастырған «Алдаспанда» (1971) жарияланды. Оның өлең жырлары сол кездегі ұсақ хандықтардың арасындағы түрлі қақтығыстар туралы болды. Себебі шешендігімен қатар батыр болған Доспамбет бұл соғыстарға өзі де қатысқан. Жырау өлеңдерінен ақын ойын, оның өмірлік мақсаттары мен үміттерін, рухани әлемін, адамгершілік тұрғысы мен көзқарасын білуге болады. Туындыларының рухы өр, мазмұны терең, тілі жеңіл, нақышты. Жыраудың Отан қорғау, халқын сүю рухындағы «Айнала бұлақ басы таң», «Азау, азау дегенің», «Тоғай, тоғай, тоғай су», «Арғымаққа оқ тиді», «Қоғалы көлдер, қом сулар», «Айналайын, Ақ Жайық», тағы басқа жырлары бүгінгі күнге дейін жеткен. Оларда өзі талай қол бастап, қорғаған елін, жерін, ата қонысын сүйіспеншілікпен жырлайды. Доспамбет жырау 1523 жылы Астрахань жерінде қайтыс болады.

Қазақ халқының рухани мәдениетінде Шалкиіз жырау Тіленшіұлы (ХVІ ғ.) үлкен із қалдырды. Шалкиіз жырау Батыс Қазақстанда дүниеге келген. Қазақтың ақын-жыршысы, батыр және жауынгер. Әкесі Тіленші өз тұсындағы ірі феодалдардың бірі болған, ал шешесі Ноғай ордасының ұлы биі Мұсаның қызы екен. Үш айлығында анасынан айырылған Шалкиіз нағашы атасының қолында тәрбиеленеді. Көшпелі шонжарлар ортасынан шыққан жырау еш таршылық көрмей өседі. Бұл жағдайлар оның тұлға ретінде қалыптасуына және поэзиясына ықпал етті. Шалкиіздің поэзиясы тақырыбы жағынан терең философиялық, күрделі көркем образдарға толы, патриоттық сипатта болды. Жыраудың шығармашылығынан бізге жеткені 600 жолдың шамасы. Шалкиіз – туындылары орыс тіліне тәржімаланған ақын-жыршылардың бірі. Оның шығармашылығын сол дәуірдегі орыс оқымыстылары мен зерттеушілері жоғары бағалаған.

Шалкиіз Тіленшіұлы толғаулары қазақтың суырып салма өнерінің негізін қалаушы ретінде классикалық үлгі болып табылады. Шалкиіз жырау ғұмырының көп бөлігін Ноғай ордасының билеушісі Темір бидің қол астында өткізді. Темір би өлгеннен кейін, Мамай мен оның кенже інісі Жүсіппен бірге болды. Өмірінің соңғы жылдарын Хақназар хан тұсындағы Қазақ мемлекетінде өткізеді.

Жыраулар поэзиясының дәстүрін жалғастырып, байыта түскен Марғасқа жырау ХVІІ ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген. Бұл дәуір Есім ханның кезі болды. Марғасқа тек ақын ғана емес, сонымен бірге жауынгер де еді. Тұрсын ханға қарсы шайқастарға қатысқан. Ол «Есім хан» атты батырлық поэманың авторы. Марғасқа жырау жауынгерлік рухтағы жырларды шығарушы, қазақ поэзиясындағы ежелгі дәстүрді жалғастырушы. Ол Есім ханның жорық жырауы, қол бастаған батыры болған. Есім ханның өмірі мен ерлік істерін сипаттауға арналған «Еңсегей бойлы ер Есім» атты жеті мың жолдық тарихи жыр шығарған.

Жиембет жырау ол Алшын руынан шыққан. ХVІ ғасырдың соңы мен ХVІІ ғасырдың алғашқы жартысында ғұмыр кешкен. Жиембет жырау алшын тайпасына әмірін жүргізген. Жиембет Бортоғашұлы Есім ханның тұсында кіші жүздің биі болды, ойраттарға қарсы және Тұрсын ханға қарсы соғыстарға қатысты. Есім ханның ұлы жорықтарында ерлік көрсеткен. Ол 1620 жылғы ойраттармен болған ірі соғыста Кіші жүз қолын басқарып, қазақтардың жеңіске жетуіне ықпал еткен.

1627 жылы Тұрсын ханмен болған соғыста Жиембет жырау Есім ханды қолдаған. Жиембет жырларында өктем билікті сынау, әділеттілікті, имандылықты насихаттау орын алған. Есім ханға айтылған «Әмірің қатты Есім хан» атты толғауы – осының айғағы. Өмірінің соңына дейін әділеттілік үшін күресіп өтеді. Бізге жеткен шығармаларынан оның майталман сөз зергері болғанын білеміз. «Есім хан туралы толғау», «Қол-аяғым бұғауда» атты туындыларының үлкен тарихи және этнографиялық маңызы бар.

Ақтамберді жырау Сарыұлы 1675 жылы Оңтүстік Қазақстанда Қаратау өңірінде туған. Руы – Орта жүздің найман тайпасы. Жырау, батыр, би болған. Ақтамберді жыраудың өмір сүрген уақыты жоңғар шапқыншылығының уақытымен тұстас келеді. Бала күнінен-ақ суырыпсалма ақын ретінде танымал болды. Ақтамберді жырау жоңғарларға қарсы барлық соғыстарға белсене қатысты. ХVІІІ ғасырдың 50 жылдарында қазақтарды жоңғарлардан қайтарып алған жерлеріне орналастыру қозғалысын басқарды.

Ақтамберді жырау туындылары негізінен нақыл-өсиет түрінде келеді. Олардан көшпелі қазақ халқының ой-арманын, мақсат-мүдделерін білуге болады. Көшпенділердің өміріндегі үй жануарлары, әсіресе жылқының орны мен рөлі туралы ой-толғаулары өзгелерден биік тұрады. Ол жылқы малын «ер қанатты» дей келе, оны жауға қарсы шапқан батырдың серігі ретінде суреттейді.

Ақтамберді жырларының арқауы батырлыққа үндеу, жауға қарсы соғысқа жігерлендіру болып табылады.  Көптеген өлеңдерінде қазақ халқын жауға қарсы жан аямай күресуге шақырады. Ақтамберді жыраудың сұрапыл соғыстар мен қызу шайқастар кезінде туындаған өлеңдері ХVІІІ ғасырдағы қазақтардың жауынгерлік өр рухын дәріптейді. Ақтамберді өмірінің ақырына дейін халық тіршілігі, ерлік туралы жырлап өтті. 1768 жылы Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы  Жүрекжота деген жерде қайтыс болды.

Үмбетей Тілеуұлы 1706-1778 жылдары өмір сүрген. Қазіргі Ақмола облысының Ерейментау ауданында дүниеге келген. Үмбетей Тілеуұлы Бөгенбайдың үзеңгілес жауынгер серігі бола жүріп, халық арасына жыршы ретінде де танылды. Жырау шығармаларының бір тобы («Бәкеге», «Жауқашарға», «Бұқарға», «Бекболат биге») әлеуметтік әділдік, адамгершілік мәселелерін арқау етсе, енді бір тобы Бөгенбай батырдың ерлікке толы («Бөгенбай өліміне», «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту», т.б.) өмірін суреттеуге арналған. Оның «Жантай батыр» дастаны мен Абылай хан туралы жырларында қазақ халқының қалмақтарға қарсы күресі баяндалады. Жоңғар мен қытайға қарсы батырлық күресті, халықтың бейбіт өмірге ұмтылуын жырлады. Үмбетейдің неғұрлым танымал шығармасы Бөгенбай батырға арналды. Жырау шығармаларының негізгі тақырыбы – ел қорғау, жер қорғау күресі, халықтың ынтымағы, береке-бірлігі. Ол – халық мүддесін жырлаған жырау. Халық мүддесіне жат қылықты хан-сұлтанның бет-жүзіне қарамай әшкерелеп айтатын әділ, адал, турашыл ақын болған.

ХҮІІІ ғасырда Бұқар Қалқаманұлы ерекше танымал болды. Бұқар жырау 1668-1781 жылдары өмір сүрген. Ол Павлодар облысындағы Баянауыл жерінде туған. Бұқар Қалқаманұлы – қазақтың аса көрнекті жырауы, мемлекет қайраткері. Ұзақ ғұмыр сүрген ол көптеген тарихи оқиғалардың куәгері. Тәуке хан тұсында беделді билердің бірі болған. Ел билеу ісіне Бұқар жырау ХVІІ ғасырдан бастап араласты. Бұқар жырау Тәуке хан мен Абылайдың тұсындағы ықпалды би, абыз, кеңесші қызметін атқарды. Ол мемлекеттің тұтастығына, оны сыртқы жаулардан қорғауға арналған орасан көп толғаулардың авторы, ұлттық идеологияның жаршысы. Жырау тек қана жыршы емес, сондай-ақ қатардағы қауым мүшелерінің, еркін көшпелілердің мүдделерін жақтаушы. Толғау кей кезде көрегендік ретінде орындалады, жырау көшпелілер қоғамында қандай да бір дәрежеде абыздың қызметін атқарды. Толғаулар өмірдің мәні, дүниенің баянсыздығы жөніндегі философиялық ойларға толы болды. ХVІІІ ғасырдың аяғында жыраулық дәстүр біртіндеп әлсірей бастады. Жырау қазақ халқының өміріндегі күрделі мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарды. Бұқар жырау қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы, Далба тауының баурайында 1781 жылы қайтыс болды.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.