Атқарушы билік қызметінің әдістері

1.Атқарушы билік органдары қызметінің әдістерінің түсінігі мен түрлері. 2.Сендіру және марапаттау әдістері. 3.Құқықтық мәжбүрлеу әдісі. Атқарушы биліктің қызметі өзінің мазмұны бойынша биліктік сипаттағы қызмет болып табылады. Яғни, мемлекеттік билік субъектісі біржақты түрде өзіне бағынысты тұлғалардың жүріс-тұрысын анықтай алады, өз еркіне бағынуға бағытталған белгілі бір мақсаттарды орындауды талап ете алады. Қоғамдағы мемлекеттік биліктің еркі заң актілерінде көрініс табады. Алайда, қызметтің біртұтастығын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік ерік бекітілген нормаларды шығару жеткіліксіз, ең алдымен, азаматтар мен ұйымдардың осы заңдардың ережелеріне бағынуын қамтамасыз ету қажет. Құқықтық ережелерді жүзеге асыру бойынша жұмысты мемлекеттік және мемлекеттік емес органдар жүргізеді. Билік субъектілерінің еркіне бағынысты тұлғалардың еркін бағындыру әртүрлі әдістермен жүзеге асырылады. Басқару әдістері – бұл: 1) әкімшілік құқық субъектілерінің қызметін ұйымдастырудың тәсілдері; 2) басқару процесінде пайда болатын нақты мәселелерді шешу тәсілдері; 3) бағынысты тұлғалардың еркіне әсер ету тәсілдері.

Басқару әдістеріінің белгілері:

1)Бұл бір адамның екінші адамға, бір ұжымның екінші ұжымға, бір адамның ұжымға, ұжымның адамға әсер ету тәсілдері. Барлық жағдайда әдіс адамдардың ерекше байланысы ретінде көрініс табады;

2) Бұл билік субъектілері еркінің үстемдігін қамтамасыз ету тәсілдері;

3)Бұл бірлескен қызмет процесінде пайда болатын ортақ функцияларды жүзеге асыру тәсілдері;

4)Бұл танымдық әсер ету құралдары;

5)Бұл белгілі бір мақсаттарға жету құралдары.

Әдістердің мынадай түрлері болады: демократиялық және диктаторлық, икемді және қатаң, мемлекеттік және қоғамдық.

Өз қызметінде атқарушы билік органдары төмендегідей әкімшілік-құқықтық әдістерді қолданады: субординация және координация әдістері, тікелей және жанама әсер ету әдістері. Субординация әдісінің сипаттары: 1) құқықтар мен міндеттерді орнықтыру жолы арқылы бағынысты тұлғаларға тікелей әсер ету; 2) міндеттерді, оларды орындау тәртібі мен мерзімдерін анықтау, ресурстарды, жұмыс жағдайын пайдалану жолы арқылы алға қойылған мақсаттарды шешу тәсілдерін таңдау; 3) басқару актілерінің заңды міндетті сипаты, оларды тиісті түрде орындамау әкімшілік әсер ету шараларын туындатады. 4) заңмен белгіленген тәртіпте жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау.

Сонымен, субординация әдісінің негізін заңды әсер етудің биліктік сипаты мен мемлекеттік бедел құрайды.

Координация әдісі басқарушылық міндеттерді шешу барысында орталық атқарушы органдардың, басшылардың және лауазымды тұлғалардың үйлесімді қызметін қамтамасыз етуден көрініс табады. Мұндай координация бір-біріне бағынбайтын органдардың арасында жүзеге асырылады және ортақ мәселелерді шешудің қажеттігі негізінде туындайды.

Атқарушы билікті жүзеге асырудың басқа да мынадай әдістері бар: ғылыми және ғылыми емес, демократиялық және диктаторлық, икемді және қатаң, шығармашылық және шаблондық, мемлекеттік және қоғамдық.

Әдістерді дұрыс пайдаланған жағдайда, олар бір-бірімен байланысқан әсер ету тәсілдерінің біртұтас жүйесін құрайды.

Атқарушы билікті жүзеге асыруда мемлекет сендіру және көтермелеу әдістерін қолданады.

Сендіру бағынысты тұлғаның еркін қалыптастыру немесе өзгерту үшін әртүрлі түсіндіруші, тәрбиелік, ұйымдастырушылық шараларды қолданудан көрініс табады. Бұл әдіс бағынысты тұлғалардың құқықтық актілерде бекітілген билік субъектісінің еркін өз еркімен орындауына бағытталады. Сендіру арқылы заңшығарушы мен азаматтардың, басшы мен ұжымның еркінің біртұтастығына қол жеткізуге болады. Сендіру – бұл зейінді өзіне бағындыру, санаға, эмоцияларға әсер ету сияқты элементтерден құралған әрекеттерді кезекті түрде жүзеге асыру процесі. Егер азаматтар мемлекеттің мақсаты мен міндеттерін түсінсе, олар заң нормаларына ерікті түрде бағынады, оларды қолдайды және оларды жүзеге асыру үшін саналы түрде әрекет етеді. Яғни, сендіру әдісі арқылы мемлекет адамдардың санасы мен еркіне әсер етеді, нәтижесінде оларда заңды ережелерді орындаудың дұрыстығы туралы сенім қалыптасады.

Кейбір жағдайларда заңды ерікті түрде орындау үшін азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі жеткілікті болып табылады. Ал басқа жағдайларда азаматтар кері салдардың туындауын білгендіктен ғана құқықтық ережелерді орындайды. Сендіру тәрбиелеудің бір нысаны болып табылады, оның мынадай ерекшеліктері бар:

1)Сендіру демократиялық қоғамдағы басты әсер ету әдісі болып табылады. Ол жүйелі түрде қолданылады;

2)Ол нормаларды ерікті түрде орындауды қамтамасыз етеді, нәтижесінде тұлғаларда заңды орындау әдеті, оның дұрыстығы туралы сенім қалыптасады;

3)Демократиялық қоғамның құрылу мақсаттары адамдардың әрекеттеріне әсер етудің орнына олардың өзінде құқықтық сананың қалыатасуын талап етеді. Борыш, ар-ұят сезімін қалыптастыруда сендірудің әртүрлі нысандарының ролі ерекше;

4)Соңғы онжылдықта құрылған бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) жүйесі азаматтардың санасына әсер ету мүмкіндігін ұлғайтты, оларды қолдану сендірудің ролін күшейте түсті;

5)Сендіру мәжбүрлеуге қарағанда мемлекет үшін әлдеқайда арзан болып табылады, яғни оның тиімділігі жоғары.

6)Сендіру нысандары әртүрлі болып келеді: оқыту, насихаттау, тәжірибе алмасу және т.б. Шерулердің, жиналыстардың, жарнаманың сендіру әдісін жүзеге асырудағы рөлі зор.

Көтермелеу – бұл қызығушылық, сана арқылы адамдардың еркін пайдалы әрекеттерді жасауға бағыттайтын әсер ету тәсілі. Көтермелеушілік әсер ету белгілі бір әрекеттерді істеуге қызығушылық тудырады, себебі тұлғада нақты бір материалдық, моральдық және басқа да игілікті алу туындайды. Көтермелеу қызметінің негізгі қағидалары болып табылатын жариялылық, негізділік, жеделдік және жан-жақтық қағидалары атқарушы биліктің жалпы қағидаларынан туындайды.

Құқықтық мәжбүрлеу әдісін бағынысты тұлғаның еркін жоққа шығару және оның жүріс-тұрысына  сырттай әсер ету ретінде түсінуге болады. Бұйрық орындалмағандықтан, билік субъектісінің еркі бұзылғандықтан, ол бағынысты тұлғаның еркін өзгерту және оны өзіне бағындыру үшін оның моральдық, мүліктік, ұйымдастырушылық саласына әсер етеді. Мәжбүрлеу құқықтық тәртіпті, меншікті, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, мемлекеттік билік аппаратының қызметіне қалыпты жағдайларды қалыптастыру үшін қажет. Бұл әдіс биліктің басты болмағанымен, маңызды және қажетті әдісі. Заң ғылымдарында құқықтық нормалар негізінде қолданылатын және оны бұзған жағдайда мемлекеттің бекіткен ережелерін сақтауды нұсқайтын құқықтық мәжбүрлеу әдісі зерттеледі. Мәжбүрлеу әдісінің ерекшеліктері:

1)ол қоғамға зиянды, құқыққа қайшы әрекеттің негізінде туындайды;

2)ол құқық нормаларын бұзған субъектілерге қатысты қолданылады;

3)ол юрисдикциялық құқыққолдану актісі арқылы жүзеге асырылады;

4)ол құқықтың негізінде қолданылады. Құқықтық нормалардың негізінде қандай шаралар, қандай жағдайда, қандай тәртіпте, кіммен қолданатындығы реттеледі;

5)тек мемлекетпен жүзеге асырылады.

Демек, әкімшілік-құқықтық мәжбүрлеу – бұл билік субъектілерінің құқыққа қайшы әрекеттерге қатысты әкімшілік-құқықтық нормаларымен орнықтырылған мәжбүрлеу шараларын қолданудан көрініс табатын мемлекеттік мәжбүрлеудің ерекше түрі.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.