Қайта құру жылдарындағы Қазақстан (1985-1991 жж.)

80-ші жылдардың ортасында Кеңес Одағы экономикалық, әлеуметтік және саяси терең дағдарыстарға тап болды. Қоғамды барлық жағынан оның экономикалық және рухани негізін, әлеуметтік өмірін, саяси құрылымын жаңарту қажеттілігі туындады. Сонымен қатар Кеңестер Одағының құрамындағы ұлттық республикаларда Мәскеудің озбырлық саясатына қарсы наразылықта өрши түсті. Бұл әсіресе Балтық жағалауында орналасқан Эстония, Латвия және Литва елдерінде анық байқала бастады. Орталықтың жүргізіп отырған «интернационализм» саясатының шын мәнінде ұсақ ұлттарды, олардың тілі мен мәдениетін құртуға бағытталғаны сынға алынды. Кеңес өкіметі қанша жерден демогогиялық ұрандарды жамылсада, орталықтың тек орыс ұлтының қамын ойлайтыны белгілі болды.

1985 жылы наурызда К.У.Черненко қайтыс болғаннан кейін, КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы қызметіне М.С.Горбачев сайланды. Орталық Комитеттің 1985 жылы сәуірдегі Пленумында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету мәселесіне сәйкес эконмикалық құрылымды ғылыми-техникалық прогресс негізінде қайта құру бағыты жарияланды. Бұл кезең жеті жылға созылды, ол тарихта «қайта құру» кезеңі деп аталды. Бұл қайта құру бағыты 1986 жылғы КОКП-ның ХХVІІ съезінде мақұлданды. Сонымен партия елді жаңару бағытына бастауға міндет алды. Қайта құру ешқандай бағдарламасыз, ғылыми айқындамасыз жүргізілді. Бұл бағыттың қияли болжамдары көп болды. Қайта құру бағыты алғашқы кезден бастап сәтсіздікке ұшырай бастады. Бұған Мәскеуде В.В.Гришин, Ленинградта Г.В.Романов, Қазақстанда Д.А.Қонаев, Әзірбайжанда Г.Әлиев сияқты басшылар кінәлі деп шешілді. Қайта құру бағыты мемлекетті сол кезде алғышарты қалыптасқан аса ірі дағдарыстан құтқара алмады. Қоғамдағы жағдай күннен-күнге қиындай берді. «Қайта құру» тұжырымдамасы ұлт мәселесін де одан әрі шиеленістіре түсті. Қазақстанда Одақтың барлық жерлеріндегі сияқты басқару ісінде жағымпаздық, парақорлық, рушылдық, жершілдік және тағы басқа көптеген келеңсіз құбылыстар кеңінен орын алды. Бұл жылдары ұлт саясатында, әлеуметтік-экономикалық және кадр мәселелерінде көптеген ауытқушылыққа жол берілді. Жалпы барлық кеңес қоғамы үшін бұл кезде қоғамдық ойдың мәні өзгеріп, сөз бен істің арасында алшақтық, қайшылық кең өріс алды. Кадр мәселелерін шешу партия комитеттерінің тек бірінші басшыларының айтуымен, солардың таңдауымен жүретін болды. Коммунистік партия ұлтсыздандыру, аз халықтарды мәңгүртке айналдыру, одан кейін орыстандыру саясатын ашық жүргізген еді.

Ал қазақ елі болса тоталитарлық қоғамдағы өзгерістерге үлкен үмітпен қарады. Отаршылық бұғаудан босайтынына сенді. Алайда 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғалары қоғамдық өмірдің барлық жақтарын демократияландыру идеясы сол күйінше қиял болып қалғандығын көрсетті.  М.С.Горбачев бастап КОКП ОК жария қылған «қайта құрудың» шеткері өлкелерге, аз ұлттарға арналмағаны белгілі болды.

1986 жылдан бастап Мәскеуде республика басшылығының атына, Қазақстан КП ОК-нің 1-хатшысы Д.А.Қонаевтың жеке басына қарсы сындар айтыла бастады. Бәрі де билік басындағылардың ауыстырылуының қажеттілігін түсінді, алайда бұл демократиялық жолмен іске асады деп күтілді.

1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Компартиясының ОК Пленумында Д.А.Қонаев қызметінен босатылды. Қазақстанға жаңа басшылыққа, сол кезде Грузия Компартиясы ОК-нің екінші хатшысы болып істеген Г.В.Колбин тағайындалды. Сонымен, тоталитарлық режимнің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрімен Қазақстанды кім басқару керектігі туралы мәселе шешілді. Бірақ ол республиканың ұлттық мүддесімен санаспағандықтан бұл шешім батыл қарсылыққа тап болды.

1986 жылы 17 желтоқсан күні таңертең Алматыда жастар бұл қабылданған шешімге қарсы екендігін білдіріп, бейбіт шеруге шықты. екі күнге созылған бұл оқиға тарихқа «1986 жылғы алматыда болған Желтоқсан оқиғасы» деген атпен енді. Студент және жұмысшы қазақ жастары әрбір ұлтты өз көсемі, өз басшысы басқару керек екендігін айтып, пленумның шешімін өзгертуді талап етті. 17-18 желтоқсандағы қайғылы оқиғалардың барысында бірнеше адам қаза тауып, көптеген адамдар жарақат алды. Бейбіт шеруді қуып тарату жөніндегі хабар бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді, Республиканың көптеген қалаларында жастардың осындай бас көтеруі болды, олар да қатал басып жаншылды. 900-дей адам әкімшілік жазаға тартылып, тек Алматының өзінде 264 адам жоғары оқу орындарынан шығарылды. Оқиғаға қатысқан 319 адам жұмыстан қуылды. 52 адам партиядан және 758 адам комсомол қатарынан шығарылды. 1400-ге жуық адам комсомолдық және партиялық сөгіс алды. Ішкі істер органдарына 1200 адам, транспорттық және медициналық мекемелерден 300-ден астам адам қызметтен шығарылды. 12 жоғары оқу орындарының ректорлары орнынан босатылды. 8500 адам ұсталып, 99  адам сотталды, солардың ішінде Қ.Рысқұлбеков пен М.Әбдіқұлов ату жазасына кесілді.

Желтоқсандағы бас көтеруге тікелей себеп, бұрын республикаға беймәлім партия қызметкері Г.В.Колбиннің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалуы ғана емес еді.  Қазақстанда ұлттық, саяси, әлеуметтік және экономикалық түйінді мәселелер қордаланып қалған болатын.

Қазіргі уақытта 1986 жылғы көтеріліске қатысқандардың көпшілігі ақталды. Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының ұлттық сана-сезімінің жаңғыруына әсер етті, қазақ халқының ұлттық ар-намыс туралы түсініктерін күрт өзгертті. 1987 жылдың соңында Мәскеуде М.С.Горбачевтың «қайта құру» саясатының екіжүзділігі, демократия заңдылықтарына қарсы жүргізіліп жатқан істері туралы Борис Елциннің пікірлері орын ала бастады. Осы кезеңде әсіресе КОКП-ның төрешілдік-тоталитарлық дәстүрлері сыналды, сонымен бірге құқықтық реформаларды жүргізу қажеттілігі айтылды. Ресейдің орталық өлкелерінде, Кеңес Одағының батысындағы республикаларда репрессия құрбандарын ақтау өріс алды. Осы үрдіс біртіндеп Қазақстанды да қамти бастады.

1987 жылы «Мемлекеттік кәсіпорындар туралы» Заң қабылданды, соған сәйкес мемлекеттік кәсіпорындар шаруашылық есепке көшті, өз шығынын өзі өтеп, өзін-өзі қаржыландыратын болды. Кейбір ірі кәсіпорындарға сыртқы нарыққа шығуға рұқсат етілді. Сол жылы «Жеке еңбек қызметі туралы» Заң қабылданды.

ХІХ Бүкілодақтық партия конференциясынан кейін (1988 жылдың жазы) саяси реформалар басталды. Реформа жаңа өкілетті және атқару биліктері жүйесін өмірге әкелді: халық депутаттарының съезі, КСРО президенті, КСРО Жоғарғы Кеңесі. 1990 жылы өткізілген КСРО халық депутаттарының үшінші съезінде КСРО-ның бірінші және ең соңғы президенті болып М.С.Горбачев сайланды. 1988-1991 жж. КСРО-ның сыртқы саясатында да түбегейлі өзгерістер орын алды.

Қорыта келгенде, ХХ ғасырдың 70-80 жылдары қоғамдық-саяси өмірдегі және әлеуметтік-экономикалық дамудағы теріс құбылыстар одан әрі өсіп, қоғамдағы қайшылықтар мейілінше шиеленісе түсті. 1985 жылдан басталған қоғамдық-экономикалық өмірді қайта құру, горбачевтік социализмді «жаңарту» әрекеттері ешқандай оң нәтиже  бермеді, КСРО-ны төніп келе жатқан терең дағдарыстан құтқара алмады және құтқара да алмайтын еді. Керісінше, кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйе тоқырауға ұшырап, қоғамның барлық салаларын қамтыған дағдарыс одан әрі тереңдей түсті.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.