АӨК ауыл шаруашылығы өндірісінің экономикалық тиімділігі

Ауыл шаруашылығы өндірісінің экономикалық тиімділігінің мәні. Кез-келген қоғамның экономикалық прогрессінің негізінде қоғамдық тиімділігін арттыру жатады. Өндіріс тиімділігінің айырықша мазмұны, шаруашылықтың әрбір жүйесінде келесідей анықталады:

  • өндірістің қоғамдық түрімен;
  • өндірістің мақсатты бағыттылығымен;
  • өндірістің осы жүйесіне тән факторлар мен нәтижелердің өзіне тән ерекшеліктерімен анықталады.

Тиімділіктің ең жоғарғы өлшемі болып қолда бар ресурстарды тиімді қолдана отырып, қоғамдық және жеке тұтынуды толық қанағаттандыру болып табылады. Ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігі – күрделі экономикалық категория. Бұл жерде қоғамдық өндірістің ең маңызды жақтарының бірі – нәтижелілік көрінеді. Соңғы нәтижені сипаттауда эффект және экономикалық тиімділік  түсініктерін ажырата білу керек.

Тиімділік дегеніміз – бұл ауыл шаруашылығында өткізілетін қандай да іс-шаралардың нәтижесі. Экономикалық тиімділік өнім өндірісі мен өткізудегі соңғы пайдалы эффектіні көрсетеді. Ауыл шаруашылығында бұл ең аз тірі және заттанған еңбекті жұмсай отырып, егіс алаңынан ең жоғары өнім санын алу.

Ауыл шаруашылығында жүзеге асырылатын қандай да іс шараларды бағалау сапасында, экономикалық тиімділік өлшемі саналады. Ауыл шаруашылығында тиімділік өлшемі болып,ең аз тірі және заттанған еңбек шығындарын жұмсау арқылы таза өнімді (жалпы табыс) ұлғайту. Бұл өз кезегінде, жер, материалдық және еңбек ресурстарын тиімді қолдану есебінен орындалады.

 

Тиімділіктің осы барлық түрлері бір-бірімен тығыз байланысты болады. Ауыл шаруашылығы бойынша толық соңғы экономикалық эффекті барлық ресурстарды тиімді қолдануға, үнемдеу мен сақтаудың жүйелі күресімен, өнімнің өзіндік құнын төмендету  және еңбек өнімділігін арттыруға байланысты болады.

2.Ауыл шаруашылығындағы экономикалық тиімділіктің негізгі көрсеткіштері. Қазіргі замандағы ауыл шаруашылығын алдағы уақытта жеделдете дамытудың ең өзекті мәселерінің бірі алдағы уақытта саланың экономикалық тиімділігін арттыру болып табылады.

Ауыл наруашылығы өндірісінің экономикалық тиімділігін сипаттауда табиғи және құндық көрсеткіштер жүйесі пайдаланады. Тиімділіктің табиғи көрсеткіштеріне ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы және мал шаруашылығының өнімділігі жатады. Табиғи көрсеткіштер жалпы және тауарлы өнімнің,жалпы және таза табыстың,өндірістің пайдалығы мен рентабельдігінің құндық көрсеткіштерін есептеу үшін негіз болып табылады.

Ауыл шаруашылығы өндірісінің экономикалық тиімділігінің жалпы нәтижесі – рентабельділік болып табылады. Рентабельділік деңгейі (Р) пайданың өнімнің толық өзіндік құнына пайыздық қатынасы арқылы есептеледі. Р=пайда/өзіндік құн

Бұл көрсеткіштер, ауыл шаруашылығы тиімділігін және оның жеке өнім түрлері салаларының  да тиімділігін толық сипаттауда пайдаланылады.

3.Ауыл шаруашылығы өндірісінің экономикалық тиімділігін жоғарылату жолдары. Ауыл шаруашылығының тиімділігіне әсер ететін факторлар өте көп және олар әртүрлі болады. Олардың біреуі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының белгілі бір ұжымының іс әрекетіне байланысты болса, басқалары өндірісті ұйымдастыру мен технологиясына, өндірістік ресурстарды пайдаланумен, ғылыми-техникалық прогресстің жетістіктерін ендірумен байланысты болады.

Ауыл шаруашылығы өндірісінің экономикалық тиімділігін арттырудың негізгі жолдарына мыналар жатады:

  1. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығымын өсіру;
  2. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру;
  3. Ауыл шаруашылығы малдарының өнімділігін арттыру;
  4. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауарлығының өсуі;
  5. Өнімді жиналғаннан кейінгі өңдеуде сақтаудың жаңа тәсілдерін енгізу;

6.Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісінде материалдық-техникалық шығындарды төмендету;

7.Мамандануды тереңдету, ауыл шаруашылығы өндірісінің шоғырландыруды арттыру;

  1. Өнімнің еңбек сыйымдылығын, материалдық сыйымдылығын және қор сыйымдылығын төмендету;

9.Өнім өндірісінде өнімділігі жоғары техниканы және прогрессивтік технологияны пайдалану;

10.Өсімдік шаруашылығында және мал шаруашылығында еңбексыйымды үрдістерде механизациялау деңгейін арттыру;

11.Жалпы өндірістік және жалпы шаруашылыққа жұмсалатын шығындарды қысқарту;

12.Еңбекті ұйымдастыруды және материалдық ынталандыруды жетілдіру;

13.Өнімді өткізудің нарықтық каналдары және  баға жүйесі .

 

 Бақылау сұрақтары:

1.Экономикалық прогресстің негізі неде?

2.Өндіріс тиімділігінің мазмұны немен анықталады?

3.Тиімділіктің жоғарғы өлшеміне не болады?

4.Соңғы нәтижені сипаттауда нені айыруымыз қажет?

5.Эффект және тиімділік дегеніміз не?

6.Экономикалық тиімділіктің қандай түрлері есептеледі?

7.Өндірістің экономикалық тиімділігінің көрсеткіштері.

8.Жалпы және тауарлық өнімдер.

9.Таза кіріс және рентабельділік.

9 тақырып. Өсімдік шаруашылығы салалары және мал шаруашылығы салалары экономикасы.

Мақсаты:      

Өсімдік шаруашылығы түрлі салаларының экономикасының ерекшеліктерін білу, мал шаруашылығы түрлі салаларының экономикасының ерекшеліктерін білу, ҚР өсімдік және мал шаруашылығының даму ерекшеліктерін және қазіргі жағдайларын білу.

Жоспары:

  1. Өсімдік шаруашылығының халық шаруашылығындағы орны
  2. Өсімдік шаруашылығының дамуындағы салалық құрылым және оның құрылымдық өзгерістері

3.Мал шаруашылығының  халық шаруашылығындағы орны.

4.Республикадағы мал шаруашылығының  жағдайы және даму ерекшеліктері

 

  1. Өсімдік шаруашылығының халық шаруашылығындағы орны

            Егін шаруашылығы жүйесі кәсіпорында өсімдік өсіруші салалардың: егін шаруашылығы, көкөніс шаруашылығы, бау-бақша шаруашылығы және басқалардың жиынтығынан тұрады.

Өсімдік шаруашылығы жүйесі кәсіпорынның мамандандырылуына, жердің, қажетті техниканың бар болуына, қолданылатын технология мен өндірістің ұйымдастырылуына тәуелді.

Топырақ құнарлығын сақтау және арттыру тәсілдері жетілдірілді, әрі  егіншілік жүйесі ауысымында көрініс тапты. Бұл ,ең алдымен, машиналар мен жарақтардың, технологияның, баптап-күтілген өсімдіктер дәрісінің жетілдірілуімен жөне ғылыми-техникалық процесс жетістіктерінің өндіріске енгізілуімен қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта егіншілік жүйесі алқаптарды неғұрлым үдемелі пайдалануға бағытталған шаралардың үлкен кешенін қамтиды. Кешен құрамына мыналар кіреді:

  1. Топырақ өңдеу жүйесі.
  2. Ауыспалы eгic жүйесі.
  3. Тыңайтқыштар жүйесі.
  4. Тұқым шаруашылығы.
  5. Арамшөптермен, зиянкестермен және ауыл шаруашылық дақылдары ауруларымен күрес жөніндегі шаралар жүйесі.
  6. Топырақтың су және жел эррозиясымен күрес жөніндегі шаралар жүйесі.
  7. Танап қорғаушы орман өсіру.

Егіншілік жүйесі белгілі бір табиғи және экономикалық жағдайларға қарай қолданылады. Казақстанның ұланғайыр аумағында біріңғай егіншілік жүйесін дамытуға болмайды, ол мүмкін емес. Әртүрлі топырақ, климат жағдайларында егіншілік жүйесінің құрамдас бөлігінің маңызы бірдей емес. Егіншілік элементтерінің әрқайсысының нақтылы мазмүны, өзінің жергілікті маңызы бар. Ауыл шаруашылық өңдірісін ұтымды ұйымдастыру міндеті осы элементтер арасында өзара дұрыс байланыстар орнату, бүкіл жүйе нәтижелерін шешуші түрде анықтайтын  басты буынды табу керек.

Мысалы, құнарлылығы төмен топырақ жеткілікті ылғалдандырылған аудандарда, суармалы егіншіліктегі тәрізді, тыңайтқыштар жүйесі бірінші орынға шығарылады, ал солтүстік Қазақстанның астықты аудандарындағы басты мәселелер — эррозиямен күрес шаралары және топырақта ылғал сақтау, фосфорлықтыңайтқыштар енгізу, таза пар алқаптарын ұлғайту және басқалар.

Егіншілік жүйесіндегі ұйымдастыру шараларына: ауыл шаруашылық аумағын (территориясын) пайдалануды ұйымдастыру, оның ішінде — ауыспалы егісті қолдану жөніндегі жұмыстар, сондай-ақ негізгі жұмыс үрдістерін баскаруды, жоспарлау мен бақылауды — еңбекті ұйымдастыру жатқызылады.

Ауыл шаруашылық аумағын ұйымдастыру жер алкаптарын неғұрлым мақсатқа сәйкес пайдалану жөніндегі шаралар жүйесін  ауыл шаруашылық алқаптары құрамын анықтау мен орналастыруды; eгic алаңдары кұрылымын ; ауыспалы егістерді ұтымды енгізуді, көпжылдық жайылымдар жасауды және басқаларды қамтиды.

Ауыл шаруашылық аумақтарын ұйымдастыру жер алқаптарының өзгертілуі (өнімі аздау алқаптарды суландыру арқылы өнімді көбірек алқаптарға айналдыру, бұталарды алып тастап, жерді тегістеу, көпжылдық жайылымдар жасау) жөніндегі шаралардың жүзеге асырылуын да, сондай-ақ қазір бар ауыл шаруашылық алқаптарын неғүрлым өнімді пайдалануды да жобалайды.

Егіс алаңдарының құрылымы деп жалпы егіс алаңындағы белгілі бір дақылдар егілген алаңдардың ара қатынасын, үлес салмағын түсінеді. Eгic аландары құрылымы аймақтың мамандандырылуына тәуелді.

Eгiс алаңдары құрылымы сондай-ақ, аймақ, облыс ішінде де ерекшеленеді. Eгic алаңдарының ұтымды құрылымының басты міндеті егістің жоғары өнімділігіне қол жеткізу, ауыл шаруашылық өнімін сату жөніндегі жоспардың орындалуын, шаруашылықтың ішкі қажеттіліктеріне жеткілікті мөлшерде өнім өндіруді және егіншіліктің жоғары тиімділігін қамтамасыз ету.

Егістік өнімділігі шығымдылықпен, яғни алаң бірлігінен жиналған өніммен тығыз байланысты. Сондықтан, шаруашылықтардың табиғи-климат жағдайларына қарай егіс аландары құрылымында өнімі аздау дақылдарды неғұрлым өнімді дақылдармен ауыстыру жүріп жатады.

Егіс алаңдарының ұтымды құрылымын әзірлеу кезінде егістіктің ең жақсы аландарын ең бағалы, экономикалық жағынан тиімді дақылдарға бөлу қажет. Сол себепті егіс алаңдарының ұтымды құрылымы ұйымдастыру тұрғысынан қарағанда — ауыл шаруашылық өнімінің керекті мөлшерін өндіруді; агрономиялық тұрғыдан қарағанда — барлық дақылдарды ең жақсы алғы егістерден соң орналастыруды жөне озат агротехникалық шараларды қолдану мүмкіндігін; экономикалық түрғыдан карағанда — егістікті, негізгі өндіріс құралдарын, жұмыс күшін неғұрлым тиімді пайдалануды, еңбек пен материалдық-ақшалай қаржылардың ең аз жұмсалған кезінде бесекеге қабілетті өнімнің ең көп мөлшерін өндіруді қамтамасыз етеді.

 

  1. Өсімдік шаруашылығының дамуындағы салалық құрылымы және оның құрылымдық өзгерістері. Eгic алаңдарының ұтымды құрылымының басты өлшемі еңбек пен қаржының ең аз жұмсалған жағдайында алаң бірлігінен ең көп өнім алу болып табылады. Eгic аландары құрылымымен тығыз байланыста әрбір өндірістік бөлімшелер бойынша ауыспалы егіс жобаланады. Шаруашылықта ауыспалы eгic жүйесін әзірлеу шаруашылықтың даму болашағын ескере отырып жүргізіледі.

Ауыспалы егіс егіншілік жүйесінің ең маңызды бөлігі болып табылады. Агрономиялық мағынада ауыспалы eric деп ауыл шаруашылық дақылдарын жоғары және тұрақты өнім алу мақсатымен уақыт пен кеңістікке ғылыми негізделген күйде алмастырып отыру, жердің құнарлығын сақтау және одан әрі арттыру ұғылады.

Ауыспалы егіс танаптық (дәнді дақылдар, картоп пен техникалық дақылдар өсіру), азықтық (шөп, жүгері және басқалар), арнаулы (көкөніс, темекі, күріш және басқалар) деп бөлінеді. Ауыспалы егісті қолдану ең алдымен шаруашылықтың мамандандырылуына және өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерін өндіру жоспарына тәуелді.

Ауыл шаруашылық дақылдарын өсіру, олардың өсіп-өнуі және олардан жоғары өнім алынуы үшін оңтайлы жағдайлар жасауды ұйымдастыру керек.

Астық өндірісінде еңбекті ұйымдастыру технологиясы аймақтық жағдайларға, өсірілетін дақыл ерекшеліктеріне, өнімнің нендей мақсатпен өндірілуіне тәуелді. Дәнді дақылдардың өндіріс үрдісінде негізгі екі жұмыс кезеңін ерекшелейді:

  1. Топырақ әзірлеу және егіс.
  2. Астық жинау жөніндегі жұмыстар кешені.

Барлық еңбек шығындарының 60-70 пайызы екінші кезеңге келеді. Бұл кезендерді қарастырайық.

Топырақ  әзірлеу және егіс. Топырақты әзірлеу мен дәнді дақылдар егісі толықтай дерлік механикаландырылған. Астық шығымы осы жұмыстардың сапалы және мезгілінде жүргізілуіне тәуелді. Жұмыстар кешенін жүзеге асыру үлкен энергия жұмсаумен байланысты, тек жер жыртудың өзіне егін шаруашылығына жұмсалатын шығындардың үштен бір бөлігі кетеді.

Топырақты негізгі және егіс алдындағы өңдеу аңызды қопсытуды, жер жыртуды немесе қайырмасыз өндеуді, егіс алдында тырмалау мен қайта қопсытуды қамтиды.

Астық жинау жөніндегі жұмыстар кешені. Бұл кешен астық өнімін жинауды, дән тасымалдауды, орақтан соң астық өңдеуді, сабан жинауды қамтиды.

Астық жинау астық комбайнымен тікелей ору арқылы да, бөлектеп жинау әдісімен де жүзеге асырылады. Астық жинаудың әдісін тандау аймақтық жағдайларға, жылдың климат ерекшеліктеріне және егіннің жағдайына тәуелді.

Астық өндірісінде мамандандырылған ірі шаруашылықтарда дәнді дақылдар жинау үшін астық жинау — көлік кешендерін құруды ұсынуға болады. Ондай кешендер мынандай бөлімдерден тұрады:

  1. Танаптарды астық жинауға әзірлеу жөніндегі звено.
  2. Комбайн — көлік звеносы.
  3. Егіннің астықсыз бөлігін жинау жөніндегі звено.
  4. Топырақты бастапқы өндеу жөніндегі звено.
  5. Техникалық қызмет көрсету жөніндегі звено.
  6. Мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету жөніндегі звено.

Астық жинау — көлік кешені мен оның звеноларының мөлшері әрбір шаруашылықта өндірістің нақтылы жағдайларына қарай: астық жинау алаңына, дән тасымалдаудың ара қашыктығына, тракторлардың, комбайндардың, көлік құралдарының және басқа ауылшаруашылық техникасының бар болуымен байланысты анықталады.

Астық өндірісінде ең көп еңбек сіңіруді қажет ететін үрдістердің бірі орақтан соң астық өңдеу болып табылады. Мұны тиімді ұйымдастыру үшін тиімді технология мен техникалық құралдарды таңдап алу, астық өңдеуші кешендердің оңтайлы мөлшері мен аумақтық орналастырылуын айқындау, бүкіл конвейер жүйесінде олардың жұмысын ұйымдастыру секілді мәселелерді шешу талап етіледі. Жеміс, көкөніс, картоп шаруашылығында өндірісті ұйымдастыру ерекшеліктері. Бұл дақылдар шағын алаңдарда, негізінен жекеше кәсіпорындарда, шаруа қожалықтарында және ауыл түрғындарының мекен-жай жанындағы учаскелерінде өсіріледі.

Көкөніс шаруашылығы ауьл шаруашылығының күрделі саласы болып табылады, ол ашық, және жабулы топырақ, алаңын, көкөністі бастапқы өңдеуді, сақтауды, сондай-ақ тұқым және көшет өндірісін қамтиды.

Ашық топырақ алаңы немесе көкөністі дала жағдайларында өсіру өнімнің ең көп бөлігін береді.

Көкөніс дақылдарының ірі алаңдары және көкөніс өсірумен айналысатын шаруашылықтардың басым көпшілігі көкөніске аса қолайлы аудандарда топталған. Елімізде өнеркәсіптік көкөніс шаруашылығының төмендегідей өндірістік бейімділігі бар аймақтары қалыптасқан:

а) қала төңірегіндегі аймақтар;

б) өндеуші кәсіпорындарға шикізат беретін шағын аудандар;

в) өнеркәсіп орталықтарына өнім жеткізуге алыс аймақтар мен солтүстік аудандар;

г) жекелеген тауарлы дақылдар өсіруге ежелден мамандандырылған шаруашылықтар (аймақтар);

д) тұқым өсіруші шаруашылықтар.

Әрбір аймаққа мамандандырылуға сәйкес белгілі бір түрдегі кәсіпорындар қалыптасады. Ашық топырақ алаңында көкөніс өсіру көкөніс-сүт шаруашылықтары мен көкөніс,сүт, картоп шаруашылықтарында өте көп таралған. Көкөністің мол ассортиментін  бастап өсіретін мамандандырылған кәсіпорындардың тұрпаты өзгеше.

Бұл негізінен шаруа қожалықтары және ірі қалалар мен өнеркәсіп орталықтарына жақын орналасқан қосалқы шаруашылықтар, олар ашық топырақ алаңында да, жабулы топырақ алаңында да ең алдымен ерте көктемгі көкөністі өндіреді.

Көкөніс шаруашылығын неғұрлым ұтымды жүргізу  оның мамандандырылуын одан әрі нығайтумен және арттырумен байланысты екенін айғақтайды. Бұл үрдістерді жеделдетуге шаруашылық аралық кооперациямен агроөнеркәсіп интеграциясы тұсында қол жетеді, бұлар кәсіпорындар мен ұйымдарға бірлескен күш-жігермен өнім өндіруді ұлғайту және оның сапасын жақсартуға, баптап өсіру кезіндегі шығындарды азайтуға, өнім өткізуге, көкөністі сақтау мен өңдеуге мүмкіндік береді.

Бұл үшін көкөніс өсіруші кәсіпорындар, агроөнеркөсіп бірлестіктері, шаруа қожалықтарының кооперативтері және басқалар құрылады. Шаруашылықта көкөніс пен көшет өндіру көлемін анықтау үшін негіз болып осы өнімдерге деген нарықта сұраныс қызмет етеді.

Көкөніс дақылдарын баптап өсіру әлсіз механикаландырылған, еңбекті ұйымдастыруды негіздеу кезінде мұны  ескереді.

3.Мал шаруашылығының  халық шаруашылығындағы орны. Мал шаруашылығы ауыл шаруашылығының негізгі салаларының бірі болып табылады. Бұл салада тұрғындардың негізгі тағамдық азықтары жасалады, адам орта есеппен тағамға қолданылатын калорияның 30%-ға жуығын және белоктың 60%-ға жуығын мал шаруашылығы өнімі есебінен алады.

Мұнымен қатар мал шаруашылығы өнеркәсіптің ет-сүт, тағам, жеңіл және басқа салалары өндірісін шикізатпен қамтамасыз етеді.

Мал шаруашылығы егіншілікпен өзара тығыз байланыста болады. Егін шаруашылығы мал шаруашылығын азықпен қамтамасыз етеді: елдің ауыл шаруашылық алқабының үштен екісіне жуығы мал азығын алу үшін пайдаланылады. Өз кезегінде өсімдік шаруашылығының әртүрлі қалдықтарын пайдалана отырып, оны органикалық тыңайтқыштармен қамтамасыз ете отырып, мал шаруашылығы егін шаруашылығына үлкен ықпал етеді. Мал шаруашылығы деген ұғым ауыл шаруашылығының бір топ салаларын: ірі қара мал шаруашылығын, қой шаруашылығын, құс шаруашылығын, шошқа шаруашылығын, бал арасы шаруашылығын, аң шаруашылығын және басқаларын қамтиды.

Бұл салалар адамға керекті өнім алу мақсатында мал мен құстың түр-түрін өсіру және жетілдіруге арналған. Олар сүт, ет, жұмыртқа, бал және басқа маңызды тағамдар алынатын көз болып табылады.

Мал шаруашылық өнімін ұйымдастыру кезінде шаруашылықта қабылданған мал шаруашылығы жүйесін ескеру керек.

Мал шаруашылығы жүйесі деп мал басын неғұрлым өнімді пайдалануға, еңбек пен қаржы шығындары төмен болған жағдайда бәсекеге қабілетті өнім өндіруді үлғайтуға бағытталған, ғылыми негізделген ұйымдастыру-экономикалық және зоотехникалық шаралар кешені түсініледі.

Мал шаруашылығы жүйесі егіншілік жүйесімен ажырамас байланыста болады, ол табиғи-экономикалық аймаққа және шаруашылықтың даму деңгейіне тәуелді.

Мал шаруашылығы жүйесі материалдық-техникалық, технологиялық және ұйымдастыру — экономикалық элементтерден тұрады.

Элементтердің бірінші тобына (материалдық-техникалық): мал ұстауға арналған қора-қопсы түрлері, бұларға қызмет көрсету жөніндегі жұмыс үрдістерін орындайтын мәшинелер, фермалардың жабдықтары, өндірістік басқа құралдары жатады.

Жүйенің технологиялық элементтеріне мал басын ұдайы өсіру жүйесі, малдың тектілік, асыл тұқымдық сапасын, азықтандыру түрін, мал ұстау әдістерін, сондай-ақ мал ауруларымен күрес шараларын жақсарту жатады.

Жүйенің ұйымдастыру-экономикалық элементтеріне мал шаруашылығы құрылымы мен салалардың бағыты, жер алаңының бірлігіне есептегенде мал басының тығыздығы, табын құрылымы мен тектілік құрамы жатады.

Бұған сондай-ақ, фермалардың мамандандырылуы, мөлшері мен орналасуы, еңбектің, жоспарлау мен есептің ұйымдастырылуы жатады.

Жүйенің осы үш элементі өзара байланысты және өзара сабақтас.

Ғылыми мекемелердің деректері бойынша, мал шаруашылығы өнімін өндіру деңгейі 59%-азықтандыруға, 24%-өсіру жағдайына жөне 17% басқа технологиялық факторларға тәуелді.

Мал шаруашылығы жүйесінің жекелеген элементтерінің маңызы әртүрлі табиғи-экономикалық аймақтар үшін және жан-жануардың түр-түрі үшін бірдей емес.

Азықты пайдалану әдістері және мал ұстау тәсілдері бойынша мынадай мал шаруашылығы жүйелерін бөлуге болады:

  1. Жайылымдық ~ ұдайы көшпелі, отарлық-жайылымдық, тұрақты-жайылымдық, екпе-жайылымдық жүйе;
  2. Қоршаулы-жайылымдық жүйе малға көбінесе табиғи азық беріледі; орташа өнімділік құрамы жем-азыққа негізделеді; мол өнімділік негізінен егістік немесе жоғары өнімді табиғи азықпен қоректендіру арқылы болмақ.

З. Коршаулы бағу мады жыл он екі ай қора — қоршауда ұстап күту, қоршаулы — лагерлік жүйе.

Мал шаруашылығының жайылымдық жүйесі Қазақстанның оңтүстік, орталық, батыс облыстарындағы аудандарда кең тараған. Оның сипаты сол, мал жыл он екі ай маусымдык, жайылымдарда болады. Жайылымдағы мал өнімділігі шамалы, сондықтан мал басы тығыздығы мен алаң бірлігіне есептегенде алынатын өнім онша үлкен емес. Бұл жүйе бойынша көбінесе қылшық жүнді,  қаракөл мен ет-сүт бағытындағы қой шаруашылығы, табындағы жылқы шаруашылығы және түйе шаруашылығы дамытылады.

Бұл жүйенің бір түрі отарлық жайылым болып табылады, жайылымдар көктемгі-жазғы уақыттарында, олардың ең көп өнімділік көрсеткіш кезінде пайдаланылады, ал басқа уақытта жан-жануар азық қорымен, мал жаппай паналармен қамтамасыз етіледі, малшылар үшін кажетті тұрмыстық жағдайлар көздестіріледі.

Екпе-жайылымдык, жүйе табиғи немесе шөп және басқа дақылдар егу арқылы жақсартылған азық алқаптарында малды жыл он екі ай жайылымда ұстауды ең жауапты кезеңдерде өндірістік үрдістерге (бағып-күтуге, азықтандыруға, өсіруге) адамның белсене араласуымен үйлестіреді. Қыста мал шөппен, сүрлеммен, құнарлы азықпен қосымша қоректендіріледі. Жас төлдер жаппа-паналарда ұсталынады және т.б.

Қосымша шығындар салыстырмалы түрде аз жұмсалған жағдайда бұл шаралар мал өнімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

 Коршаулы жайылымдық немесе жайылымдық — қоршаулы жүйе. Мал шаруашылығының бұл жүйесі Қазақстанның оңтүстік аудандарында таралған. Мал қысқы кезенде — негізгі жұмыстар механикаландырылған, арнайы жабдықталған орындарда, ал жазғы уақытта — қажетті қосымша жемі бар жайылымдарда ұсталады.

Бүл жүйе азық алаңының 100 гектарына есептегенде мал басының жоғары тығыздығымен, азықтандыру мен ұстау жағдайларының жақсартылуын жылдам сезінетін жоғары өнімді мал тұқымын пайдаланумен, азық алаңының гектарынан алынатын мал шаруашылық өнімін өңдірудің жоғары деңгейімен және өнімнің жыл бойына біркелкі алынуымен сипатталады.

Қоршаулы-жайылымдық жүйенің жоғары өнімді түрі мал шаруашылығында кеңінен қодданылады.

Қоршаулы жүйе. Бұл — мал шаруашылығының ең өнімді жүйесі. Бұл жүйе кезінде азықтандыруды қатаң нормалау, жан-жануарды іргелі қысқы қоралар мен жазғы лагерлерде ұстау, ұрықтаңдыру мен төлдету мерзімдерін рттеу, жыл бойы жоғары және біркелкі өнім алу жүргізіледі

Осы жүйе бойынша жан-жануар жылдың көп мерзімінде қораларда болады, тек әлсіздену мен ауруға ұшырауды болдырмау үшін сыртқа сейілге шығарылады, жыл он екі ай қоршауда ұстау кезінде қоршаулы-лагерлік деп аталатын жүйе қолданылады, яғни жан-жануар жүйе жайылымдары маңында құрылған лагерлерде жаздай ұсталды.

Жыл бойы қоршаулы жүйе негізінен өнімі мол етті-сүтті мал шаруашылығында, шошқа өсіу шаруашылығында, бөлектеулі өсірілетін құс шаруашылығына, ал бордақылау кезінде қолданылады; ал қоршаулы-лагерлк жүйе сүтті мал шаруашылығында, әсіресе шұрайлы жерлері көп жыртылған аудандарда және қала төңірегіндегі аймақтарда қолданылады.

Бұл жүйе мал шаруашылық кешендері мен өнеркәсіптік тұрпаттағы фермаларға тән. Бұл жүйені фермерлік шаруашылықтарда сүт өңдіруді ұйымдастыру және мал бордақылау кезінде қолдану әбден жөн болады.

 

  1. Республикада мал шаруашылығының жағдайы және даму ерекшеліктері. Мал шаруашылығын дамытуда мамандандырылуды тереңдету және өндірісті шоғырландырудың өсуі үлкен рөл атқарады. Бұлар өндірісті өнеркәсіптік негізге жан-жақты көшіруді қамтамасыз етеді. Индустриалдық технология кезінде еңбек нәтижесі технологияның өз шамасымен анықталады.

Мал шаруашылығын дамытуда шаруашылықаралық кәсіпорындар құрудың маңызы зор. Мұндай кәсіпорындар негізіне мал басының оңтайлы шоғырландырылу кезінде тар көлемде, сала ішінде мамандандырылу ұстанымы алынған.

Мал шаруашылығындағы шарушылықаралық кооперациялаудың кең таралған түрі іс-әрекеттері технологиялық ұстанымға негізделген өндірістік бірлестіктер болып табылады.

Кәдімгі мал шаруашылығында (ірі қара өсіруде), мысалы, бір шаруашылықтар — сүт өндіруге, басқалары — төлдеп көбейетін мал басын өсіруге, үшіншілері — мал бордақылауға, төртіншілері — азық өндіруге және тағы басқаша мамандандырылады.

Бұл шаруашықтардың жұмысы біріңғай технологиялық үлгі бойынша жүреді. Олар дербес нeмece кooпepaтив (ассоциа­ция және тағы басқалардың) құрамында бола алады. Шаруашылықаралық немее көлбеу интеграция ауыл шаруашылығы мен өндіуші өнеркәсіп, яғни аграрлық-өнеркәсіп кәсіпорындары байланыстарын тереңдету үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

Шаруашылық аралық және аграрлық-өнеркәсіп бірлестіктерінің тиімді жұмыс істеуінің міндетті шарты — бірлестіктерге кіретін шаруашылықтардың, зауыттар мен цехтардың іс-әркетін дәл үйлестіру болып табылады.

Ұдайы табын толықтырудың сипаты мен қарқыны биологиялық және ұйымдастыру-экономикалық факторларға байланысты болады. Биологиялық факторларға: малдың өсімталдығы, жыныстық және шаруашылық кемел жасы, буаздық ұзақтығы, төлдеу маусымдылығы жатады. Ұйымдастыру-экономикалық факторлар аналық мал басын шаруашылыққа пайдалану ұзақтығьн, бір жылғы төл санын, ұрықтандыру мен төлдеудің күнтізбелік мерзімдерін, іске жарайтын төлдің жасын қамтиды.

Табын жөндеу табындағы малдың табиғи кемуін қайтадан толтыру мен кеңейтілген ұдайы толықтыру шараларының жүйесі. Табын жөндеуге тұқым-тегінің өнімді қасиеттері және сыртқы мүсіні бойынша ең жақсы төл таңдап алынады да, олар оңтайлы мерзімде негізгі табынға қосылады.

Ұдайы табын толықтыруға жарамсыз төл табыны жөндеуден тыс саналып бордақылаудан соң союға жіберіледі.

Табын құрылымы, табын айналымы. Кез келген шаруашылық табынында малдардың әртүрлі жастағы және жыныстық топтары болады. Мысалы, ірі қара мал табынында — бұқалар, сиырлар, бойдақ сиырлар, тайыншалар, торпақтар және тағы сондайлар. Шошқа өсіру шаруашылығында — еркек шошқалар, негізгі мегежіндер, бір жылғы шошқалар, екі айға дейінгі торайлар мен 2 айдан 4 айға дейінгі торайлар, бордақы шошқалар.

Табындағы малдың жас және жыныстық топтары ара қатынасы — жалпы мал басына қатысты түрінде есептелген мөлшері — табын құрылымы деп аталады. Ол кеңейтілген ұдайы толықтыру міндеттеріне сай болуға, яғни табын жөндеуге лайық төлді неғұрлым көбірек алу мен өсіруге және сапалы өнім өндіруді ұлғайтуға жағдай жасауы тиіс.

Табын құрылымы саланың бағытына тәуелді. Табын құрылымына ықпал ететін факторларға іске жарамды, жөндеуден тыс төл жасын, шаруашылықтың жоспары бойынша табынның жылдық өсімінің белгіленген пайызын жан-жануардың өңдірістік жарамдылығының мерзімі мен соған байланысты оларды істен шығару пайызын; төлдеу жиілігін; төлдің алынуын; төлдеу мерзімдерін жыл бойына бөлуді; алғашкы шағылыстыру сәтіндегі жан-жануар жасын жатқызуға болады.

Мал шаруашылығында табынның анық нақты және ұйымдастыру құрылымын ажыратады. Табынның анық нақты құрылымы деп малдың жас және жыныстық топтарының нақтылы күнтізбелік мерзімге қалыптасқан қатынасын айтады.

Табынның ұйымдастыру құрылымы — болашағы мол оңтайлы құрылым. Бұл құрылымды құрастыру кезінде мал шаруашылығының бағыты, малдың тұқым-тегі, тез жетілуі, өнімділігі, жан-жануардың жарамдылық мерзімі, ұдайы толықтыру жоспары, азықтандыру тұрпаты және тағы сондайлар ескеріледі. Табынның ұйымдастыру құрылымы:

— әрбір мал басына шаққанда жыл сайын барынша мол өнім

алынуын;

— мал шаруашылығы өнімін керекті күнтізбелік мерзімде алу жөніндегі бизнес-жоспарды шаруашылықтың жүйелі түрдеорындауын;

-мал басын ұдайы кеңейтілген түрде толықтыруды қамтамасыз етуге тиіс.

Дұрыс жинақталған табындағы нақты құрылым ұйымдастыру құрылымына дәл келеді. Саланың әртүрлі өндірістік бағыттарына және басқа жағдайларға сәйкес табын кұрылымының бірнеше ұтымды тұрпаттары белгілі.

Әртүрлі мал табынында үнемі өзгерістер болады: мал  төлдейді, асыл тұқымды мал және кәдімгі мал сатып алынады, малды етке сату жүргізіледі, жетілген төл үлкен мал топтарына қосылады.

Малдың әртүрлі жастағы және жыныстық топтарындағы мал басының жыл бойына немесе басқа бір уақыт мөлшеріндегі (жартыжылдық, тоқсан, ай сайынғы) қозғалысы табын айналымы деп аталады. Табын айналымын құрастыру кезінде мал мен құсты мынандай топтарға бөледі:

— мал шаруашылығында — бұқалар, сиырлар, бойдақ сиырлар, екі жылдан асқан тайыншалар, бір жылдан асқан тайыншалар, торпақтар, өгізшелер және әр жастағы кестірілген мал, бордақтағы ересек мал, өгіздер;

— шошқа өсіру шаруашылығында — тұқыдық еркек шошқалар, негізгі мегежіндер, тексерістегі ұрғашы шошқалар, 2 айға дейінгі торайлар, жас шошқалар, бордақтағы шошқалар;

— қой шаруашылығында — қошқарлар, ересек ісектер мен еркек тоқтылар, саулықтар, ұрғашы тоқтылар, бір жасқа дейінгі тоқтылар мен ісектер, биылғы жылғы қозылар, бордақыдағы ересек қойлар;

— кұс шаруашылығында: тауықтар, оның ішінде — жұмыртқалайтын тауықтар, тәуліктік балапан, 60 тәулікке дейінгі балапан, 61 тәуліктен 150 тәулікке дейінгі тауықтар, етті және етті-жұмыртқа бағытындағы сондай-ақ 151 тәуліктен 180 тәулікке дейінгі тауықтар; үйректер бойынша — ересек үйректер, тәуліктік балапан, 60 тәулікке дейінгі балапан, 61 тәуліктен 180 тәулікке дейінгі үйректер.

Добавить комментарий

Your email address will not be published.